Павлодар облыстық ТЖД жыл басынан бері халық арасында 697 дәріс өткізген

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері тұрғындар арасында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша 697 дәріс пен 920 нұсқамалар өткізді. Ауыл тұрғындары арасында 288 жиын ұйымдастырып, тұрғын үй секторында 57 мың аулалық тексеріс өткізілді. Бұл шараларға жалпы 136 мың адам қамтылды.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Самат Асайновтың айтуынша, барлық құрылымдардың қызметкерлері әлеуметтік әлжуаз топтар бойынша 5,5 мың адамды қамтып, бір мыңнан астам рейд жүргізді.

— Үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде жоспарлы тексеру тізіміндегі қауіп-қатері жоғары 558 нысанның 460 объектісі ерекше тәртіп бойынша тексерілді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігін бұзудың 2336 дерегі тіркеліп, 580 жеке және әкімшілік тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 325-не 7 млн. 850 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, — дейді ол.

Қазіргі таңда облыстық ТЖД азаматтық қорғау саласында цифрландыру бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша дайындық жүргізуде. Қазіргі таңда департаментте SMS хабарландыру қолданылады, құтқарушылар оқушылар арасында онлайн режимде «қауіпсіздік сабақтары» мен интернет-конференцияларын өткізеді.

2013 жылдан бері «paper-free»  форматы бойынша электронды құжат айналымы енгізілген. Яғни, мемлекеттік органдар арасында қағаз құжат айналымын барынша азайтуға бағытталған. Қазіргі таңда жеке және заңды тұлғалардың сауалдарына жауап беру ғана қағаз жүзінде жүзеге асырылады.

Шомылу маусымына дайындық мынадай:  2018 жылғы шомылу маусымында облыстың табиғи және жасанды су айдындарында адамдардың өліміне жол бермеу және алдын алу мақсатында «Жаз-2018» атты шаралардың жоспары әзірленді. Жоспар шеңберінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылған.

2018 жылы «Павлодар облысының су шаруашылық және су нысандарында спорт, туризм, демалыс орындарын бекіту туралы» облыс әкімдігінің қаулы жобасына сәйкес 32 жағажай ашу көзделген. Олардың 29-ы ауылдық жерде орналасқан.

                   Тілеуберді Сахаба