Ақсу қаласында «Ашық әкімдік» өз жұмысын бастады

«Ашық әкімдік» деген атаумен өз жұмысын бастаған мемлекеттік қызметтер көрсету орталығында «Электронды Үкімет» порталында көрсетілетін қызметтерді алуға жағдай жасалған.

Қала орталығындағы қалпына келтіріліп, жөндеуден өткен ғимаратта орналасқан орталықта қала тұрғындары мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуына болады. Орталықтың ашылу салтанатына Ақсу қаласыынң әкімі Николай Дычко, мекеме басшылары мен қала тұрғындары қатысты.

Орталыққа келген азамат кезекке талон алып, өзіне қажетті қызметті алғанша үлкен немесе кіші күту залында отыра алады.Сонымен бірге, электронды сандық қолтаңбасы бар азаматтар өз-өзіне қызмет көрсету залында кеңесшінің көмегімен E-gov порталына еніп, қажетті мемлекеттік қызметті алуына болады.

Ақсу қаласы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің инспекторы Ахметова Лейланың айтуынша орталыққа келген азаматтар осы жерде өзіне қатысты сұрақтар бойынша әкімдік қызметкерлерінен кеңес алуға мүмкіндігі бар.

— Біз үшін азаматтардың толық ақпарат алғаны аса маңызды, — дейді ол. – Қала әкімдігі бұл жобаны мүмкіндігі шектеулі жандар және тұрғындардың сандық ақпараттық жүйелерге кедергісіз қол жеткізуі үшін жасап отыр.

Айта кету керек, 2017 жылғы 12 желтоқсанда ҚР Үкіметінің №827 Қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Аталмыш бағдаралма бойынша елімізде цифрлық инфрақұрылымды дамыту, адами капиталды дамыту, цифрлық мемлекетке көшу көзделіп отыр. Яғни, азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, флеш-жинақтағышта немесе жеке куәлігінің чипінде сақталған электронды сандық қолтаңба арқылы өзіне қажетті мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде ала алады.

Әлихан Рахметоллаұлы