АСТАНА – ЕЛІМІЗДІҢ АЙНАСЫ
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы елордада қалай жүзеге асырылып жатыр?
Қазақшасы ғана келіспей жүрген, десе де ойын ана тілінде ашық жеткізуге талпынып жүрген шендінің бірі Әсет Исекешев десек ешкім қарсы уәж айта қоймас. Астанаға көктем «келмесе» де, көктемнің соңғы күнінде елорда әкімі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бас қалада атқарылған іс-шаралар жөнінде есеп беріп, жоспарға қойылған жұмыстармен де таныстырып өтті. Орталық коммуникациялар қызметінде 31 маусымда өткен брифингтегі Ә.Исекешевтің баяндамасын оқырман назарына қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізуді, бір парасын шолып шығуды жөн санадық.
Ә.Өрентайұлы: «Атамекен» жобасына атсалысқан меценаттарға алғысым шексіз
Еліміздің бас қаласы болғандықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған барлық жұмыстардың Астанада белсенді түрде жүргізілуі заңдылық. Бағдарламаға сәйкес іске асып жатқан «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларының қай-қайсысын алып қарасаңыз да Президент айтқан 6 негізгі ұсынысқа негізделгенін байқау қиын емес. Әсет Исекешев «Атамекен» жобасына белсене араласқан жеке кәсіпкерлерге, меценаттарға алғыс айтумен баяндамасын бастаған болатын.
-Былтыр меценаттардың қолдауымен №59 мектеп-лицейі жанынан жаңа футбол алаңы салынды. Жобаның құны – 120 млн теңге. Сондай-ақ, 2017 жылы «Нұрал» балаларды дамыту орталығы ашылып, оған 80 млн теңге жекеменшік инвестиция салынды. Орталықта 8 спорт түріне арналған секциялар қарастырылған. Бұл жерде кәсіби спортшылармен бірге әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балалары мен салауатты өмір салтын ұстанған қала тұрғындары да спортпен шұғылдана алады. Сол секілді елорданың дамуына, көркеюіне ерекше үлес қосқан меценаттар Дәурен Жақсыбеков, Айдын Рахимбаев (Астана триатлон-саябағы), Қайрат Боранбаевқа (Паралимпия орталығының құрылысы) алғысымыз шексіз. Одан бөлек жоғарыда аталған спорттық нысандарға, өзге де жобаларға қаржылай қолдау көрсеткен шағын және орта бизнес өкілдеріне ризашылығымды білдіргім келеді,-дейді Ә.Өрентайұлы.
Өзі қазақ тіліне шорқақ болса да, Астанада қазақ тіліне деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып қалған елорда әкімі білім беру процесін 46%-дан 65%-ға дейін мемлекеттік тілде жүргізу және жаңа мамандықтарға оқытуды қолға алып отырғанын жеткізді.
Драма театрына кезек әлі жетпеді
Ә.Исекешев «Рухани қазына» кіші бағдарламасының шеңберінде халқымыздың мәдени мұраларын насихаттауға, жаңғыртуға, Отансүйгіштікке үндейтін 17 жоба асырылғанын айта келе, сарапшылармен бірлесе отырып 44 аса маңызды тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Сәкен Сейфуллиннің тұтынған жеке заттары мен «Алжир» мемориалдық кешенінің экспонаттары бар. Әкім
айтқан бір жаңалық, жақын арада ЭКСПО алаңында жаңа сатира және әзіл театрының ашылуы болады. Театрдың көркемдік жетекшісі болып белгілі әзілкеш, шоумен Тұрсынбек Қабатов тағайындалды. Мектептің сахнасындай ғана залы бар Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театры өзінің кезегін әлі бір-екі жыл күтетін секілді. Себебі, бұл жөнінде сөз қозғаған Ә.Исекешев:
-Елбасының тапсырмасымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Астана қаласында Қазақ драма театрының жаңа ғимараты бой көтереді. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігімен бірге осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр,-деді.
Бұдан бөлек, қасиетті орындарды сақтау мақсатында елордадағы бірқатар тарихи маңызы бар және мәдени нысандарды қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Реставрация жасалған ғимараттардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Орыс академиялық драма театры мен «Атамекен» этно-мемориалды кешендері бар. Қала әкімінің айтуынша, былтыр осы нысандарды аралаған қонақтардың саны 600 мыңнан асқан. Бұл елордаға келген шетелдіктер ел тарихы мен егемендік алғаннан бергі Қазақстанның даму кезеңдері, жетістіктерімен жете танысты деген сөз.
Сонымен қатар, «Қазақстанның тарихи мекенінен қасиетті жеріне» атты жоба аясында 2017 жылдың қаңтарынан бастап еліміздің мәдени және тарихи орындарына жалпы саны 1100 оқушыны қамтыған 11 экспедиция мен 20 жорық ұйымдастырылғанын тілге тиек еткен Ә.Өрентайұлы:
-Біз биыл да Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында «Қайғылы тағдырлар» (Алжир және Карлагқа бару) және «Қазақстанның тарихи мекенінен қасиетті жеріне» атты жобалар аясында оқушылардың Ұлытау, ОҚО мен Түркістан (Арыстан баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенесі) және Маңғыстау (Бекет ата) аймақтарына сапарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз,-деді.
Жолақы бүгін-ертең қымбаттамайды
Елорда әкімі Әсет Исекешев – өзінің әлеуметтік желідегі парақшасын да қызметіне арнаған, ғаламторда да өте белсенді бірден-бір әкім. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіне дейін Ә.Өрентайұлы әлеуметтік желілерде «Астанадағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы 1 маусымнан бастап қымбаттайды» деп таралған ақпараттардың жалғандығын «Facebook»-тегі парақшасында да атап өткен еді. Журналистер қауымының алдында да аталмыш мәселеге қатысты әкім ресми мәлімдеме жасады.
-Бұдан бұрын хабарланғандай, елорда автобустарында сараланған тариф бекітіледі. Осылайша, қалалық бағдарларда жүргені үшін төлемді картамен жүзеге асыру кезінде жол ақысы өзгеріссіз 90 теңге көлемінде қалады. Бұдан бөлек, көлік картасын пайдаланушыларына арналған басымдық – бірнеше көлікке ауысып отырып, тегін жүру құқығы сақталады. Ал, ақшалай төлем кезінде қалалық автобуста жүру құны шамамен 180 теңгені құрамақ. Бұл бағалар жыл соңына дейін бекітілетін болады,-дейді Астана қаласының әкімі.
Алматыда дауға ұласқан «Оңай» мәселесі сабақ болса керек, Ә.Исекешев халықты көліктік картаға үйретіп, ақшасыз есеп айырысу мәдениетін біртіндеп үйретуді қолға алған секілді. Мәселен, Астананың әр бұрышында 8 бірдей мамандандырылған касса мен 30 RTVM-терминалдары жұмыс істеп тұр. Төлем жүйесін ыңғайлы ету, яғни, сараланған
тариф енгізілгенге дейін көлік картасын Qiwi, Kaspi.kz терминалдары, интернет-банкингтер арқылы, сондай-ақ, www.alrt.kz. сайтында толтыру мүмкіндігі де ұсынылмақ.
P.S. Брифингте сөз болған мәселенің бірі тұрғындардың қоқыс тастау мәдениеті болатын. Расымен, жәй ғана дүние болғанмен тазалықшылардан бұрын тұрғындардың әдепсіздігі қаланың ажарына сызат түсіріп тұрғандай. Әсет Исекешев те «Рухани жаңғыруды» әркім өзінен, үйі мен үйінің айналасындағы тазалықтан бастауы керек дейді. Ол Еуропадағыдай төрт емес, қоқысты қайта өңдеуге мүмкіндік беретін екі түрлі контейнер қаланың әр тұсына қойылып жатқанын, бастысы, екеуіне салынатын қоқыстарды араластырып алмай, ұқыптылық танытуды Астана тұрғындарынан өтініп сұрайтынын айтты. Біз де өз кезегімізде еліміздің айнасы іспеттес Астананың көркеюіне айтарлықтай үлес қоспасақ та, зиян тигізбеуді қаперде ұстауды жөн деп санаймыз.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ