Үздіктер марапатталды
Павлодарда өткен оқу жылының ең дарынды оқушыларын марапаттау рәсімі өтті. Шараға жалпы білім беру пәндері бойынша облыстық және республикалық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсеткен 45 оқушы қатысып, марапатталды. Оқушылардың жеткен жетістіктерімен Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Мұқанов Саян Назымұлы келіп құттықтап, алғысын білдірді. Марапаттау рәсімі «Ақ Отау» мейрамханасында өтті.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Павлодар қаласының құрама командасы 45 жүлделі орынға ие болды. Бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда 11 жүлдеге артық. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 9 алтын, 9 күміс, 28 қола медаль еншілеген.
Республикалық пән олимпиадасына барған 9 оқушының 7-і алтын, күміс және қола медальдарға қол жеткізген. 1 оқушы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің грантына ие болды. 2017 — 2018 оқу жылы барысында қоғамдық — гуманитарлық бағыт бойынша республкалық олимпиаданың қорытындысы негізінде №36 орта мектебі Қазақстанның үздік 100 мектеп ондығына кірді.
Соңғы 15 жыл бойы Павлодар қаласының құрама командасы «Үздік олимпиадалық команда» атағын дәлелдеп келеді. Оқушыларымыздың барлық жетістіктері — талантты ұстаздар мен тәлімгерлердің еңбегі: Павлодар қаласының № 37 мектебінің тарих мұғалімі Әлия Егімбайқызы Қасымжанованың оқушылары тарих және құқық негіздері пәндері бойынша республикалық олмпадада екі қола медаль әкелді.
Кездесу барысында Павлодар қаласы басшылығы атынан ұстаздар жоғары кәсіби еңбегі мен облыстық олимпиадаға жеңімпаздар мен жүлдегерлер дайындағаны үшін сыйақымен марапатталып, демалыс орындарына сертификаттар табысталды.
2017 — 2018 оқу жылы бойынша нтеллектуалдық сайыстарындағы жетістіктері үшін Павлодар қаласы әкімі атынан оқушыларға дипломдар мен «Сарыарқа жұлдызы» стелласы және бағалы сыйлық – ноутбуктар табыс етілді.
Өз тілшімізден