Ақсуда ІТ сыныптар ашылды

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы  дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім саласы заманауи трендтерге және уақыт талабына сай болуын іске асыру үшін цифрлық технологиялардың енгізілу маңыздылығын атап өтті.

Ақсу қаласындағы Евгеньевка ауылдық округіне қарасты Үштерек орта мектебі мен № 2 мектепте ІТ сыныптар ашылды. Сыныпты ашу рәсімін Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко мен «Ыбырай жас бағдарламашылар» лигасы қоғамдық қорының директоры Азиза Шужеева жүргізді.

Алғашқы сөз кезегі Ақсу қаласының әкімі Николай Васильевичке берілді:

—  Біз Үштерек орта мектебі мен №2 мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында негізделген IT сыныптар ашып отырмыз. Сіздерді соңғы қоңырау күнімен және жаңа технология сыныбының ашылуымен құттықтаймын. Бұл оқушылардың ғылыми зерттеулермен айналысуына көп септігін тигізері анық. Шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ. Сондықтан, сіздерге сәттілік тілеймін.

Бұдан соң, «Ыбырай жас бағдарламашылар» лигасы қоғамдық қорының директоры Азиза Шужеева, «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко сөздерін былай сабақтады.

— Елбасы ұсынған «Цифрлық Қазақстан» — цифрлық технологияны меңгеру ғана емес, жаңа заманға бейімделу. Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін қолға алынған бағдарлама қоғамнан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Ол үшін азаматтардың ІТ-сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндеті тұр. Орталықтың басты ерекшелігі — жылдам интернет, адамдардың жайлылығы мен емін-еркін сұхбаттасуына жасалған жағдай. Әлем бір орында тұрмайды. Сондықтан, біз де әлемдегі жаңалықтардан кеш қалмауымыз қажет. Президент жүктеген тапсырманы орындауға зор жауапкершілікпен кіріскен «Нұр Отан» партиясы білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау мен робототехника негіздерін тереңірек оқыту үшін еліміздің түкпір-түкпірінде ІТ сыныптар мен ІТ орталықтар ашу ісін қолға алды. Бүгін, міне, Ақсу өңірінде екі ІТ сынып ашылып отыр. Осыны тез арада  ұйымдастыра білген қала басшылығы мен  мектеп ұжымына рахмет!

Үштерек орта мектебінің директоры Ғалия Әмірханова мен №2 мектеп директоры Аршагүл Шалабаева өз кезегінде аталмыш сыныптарда технологиялар дағдылары үйретілетінін, бұл оқушыларға берілген үлкен мүмкіндік екендігін және жазғы демалыста ІТ сыныптарға келіп, білімдерін жетілдіруге болатындығын жеткізді.

Өз тілшімізден