ОҚО-да «MEN QAZAQPYN» байқауының облыстық іріктеу кезеңі аяқталды
Оңтүстікте 17-29 мамыр күндері аудан, қалаларда бастау алған «MEN QAZAQPYN» мега-жобасының облыстық іріктеу кезеңі аяқталды. Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда өткен дүбірлі додада әр ауданнан үздік шыққан 73 өнерпаз қатысты. Олар терме, күй, дәстүрлі ән жанры бойынша өнерлерін ортаға салды.
Қазылар құрамында жазушы Мархабат Байғұт, «Ońtústik» телеарнасының директоры Бауыржан Бердімұратов, күйші-композитор Нұрсат Бейсеқожаев, әнші-термеші Жақып Спатаев сынды танымал өнер тарландары төрелік жасады. Әділқазы мүшелері өнерпаздардың кәсібилігіне, біліктілігіне, жүріс-тұрысы мен киім үлгісіне де аса мән берді.
Байқау қорытындысы бойынша Оңтүстіктен мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік болып үш өнерпаз іріктеліп, халықаралық мега-жобада өңірдің намысын қорғайтын болды. Олардың қатарында созақтық Оразәлі Жаңабаев дәстүрлі ән өнері бойынша өзгелерден оза шапса, терме жанры бойынша отырарлық Руслан Ахимбековтың бабы мен бағы қатар шапты. Ал Мақтарал ауданының тумасы Шыңғыс Исаев күй жанры бойынша өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді.
Облыстан іріктеліп шыққан үш өнерпаз алдағы уақытта «QAZAQSTAN» телеарнасындағы «MEN QAZAQPYN» жобасында 3 миллионға жуық Оңтүстік өңірінің намысын қорғайтын болады. Республикалық айналымда жеңіске жеткен жеңімпаздар «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі