Тарауық намазы 20 рәкаттан тұрады, осыны қатаң сақта!

Рамазан — қасиетті Құран айы. Мұсылмандар осы айда қасиетті Құранды көбірек оқиды. Рамазан айында Құранды бір хатым жасау — Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Сондықтан, Рамазан айында мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі.
Ислам әлеміндегі дерлік барлық мешіттерде, еліміздегі қалалық, ауылдық мешіттерде рамазан айының кештерінде тарауих намазы оқылады. Тарауих намазында қасиетті Құранды толығымен жатқа айтатын хафиз, қари ер кісі жамағаттың алдына шығып, имамдыққа өтеді. Қариға ұйыған жамағат тік тұрып, қаридың қирағатпен оқыған аяттарына құлақ қойып, зер салып тыңдайды. Рамазан бойы әр күні тарауих намазы жиырма рәкәттан оқылады. Қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларындағы екі қасиетті мешітінде де тарауих жиырма рәкәттан оқылады. Ислам әлеміндегі дерлік барлық мешітте де неше ғасырлардан бері тарауих намазы жиырма рәкәттан оқылып келеді. Тарауих намазы рәкәттарының саны туралы шариғат кітаптарында басқа да риуаяттар болғанымен, амалда осы жиырма рәкәты басымдау. Тарауихта Құран хатымды әр күні бір парадан оқу — ең құпталған түрі. Құран отыз парадан, яғни 30 бөлімнен тұрады. Рамазан айы да отыз немесе жиырма тоғыз күндік. Құранның бір парасы жиырма беттен тұрады. Рамазандағы тарауих намазы жиырма рәкәттан. Демек, Құран мен Рамазан бір-біріне сәйкес. Олай болса, тарауихтың бір рәкәты Құранның бір бетін оқуға тура келіп тұр.
Тарауих намазы — мүбәрак Рамазан айының ең көзге көрінген маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі болсын): «Кім рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», — деген.
Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын немесе кейін оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкәттан тұрады, екі рәкәттан он рет ниет жасап оқиды. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады. Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) бұл намазды кейде мешітте жамағатпен оқыған мұсылмандарды тарауих намазын оқуға үндеген, бірақ бұйырмаған. Сол үшін тарауих намазы шариғатта парыз немесе уәжіп емес, сүннәт мүәккада саналады. Ал кейбір мұсылман бауырларымыз 8 рәкәттан кейін тұрып кетеді. Бұл дұрыс емес.

Мирас Кесебаев