Сұлтан Байбарыс туралы сіз білмейтін деректер
Тарихтан белгілі қазақтар бұрын сақ, скиф, ғұн деп аталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан отансүйгіштігімен белгілі халық. Сонау бағзы заманда елін шабуға келген парсы патшасының жаушысына сақ елінің басшысы Иданфирс: «Патшаңа айтып бар, егер менімен соғысқысы келсе біздің ата-бабаларымыз жатқан қорымдарға қолын тигізіп көрсін, сонда біздің қалай соғысатынымызды көреді» деп жауап берген. Ақырында ойлағаны іске аспаған парсы патшасы еліне қашып құтылуға мәжбүр болады.
Ғұндардың басшысы Мөдеге қытайдың патшасы жолдаған елші: «Менің патшам сіздің жеріңіздің бір бөлігін сұрап жатыр, дейді. Сонда Мөде қаған кеңесшілерін жинап, не дейсіңдер, деп кеңес құрады. Уәзірлері қайтсек басшымызға жағамыз деген оймен: «Ол жер ештеңе өспейтін тақыр, бере салайық» деп жамырасады. Сонда Мөде қаған: «Жер біздің мемлекеттігіміздің кепілі, сондықтан жерімізді ешкімге де бермейміз» – деп уәзірлерінің бәрінің басын алған.
«Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген мақал-мәтелдердің болуы халқымыздың отанына деген махаббатының бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқанының айқын көрінісі.
Қазақтар қайда жүрсе де отанына қайтқысы келіп тұратын халық. Еліміз егемендігін алғалы бері мыңдаған қандастарымыздың атажұртқа қайтып келгені де туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі.
Бабаларымыздың туған жерге деген шексіз махаббаты туралы аңыздар да баршылық. Қазақ даласында өсетін жусанның иісін сағынып, алтын тағын тастап туған жерім қайдасың деп жолға шыққан Байбарыс сұлтан туралы аңыз бүгінге жетті.
Мысыр жерін 250 жыл басқарған мәмлүктер тарихында даңқы жер жарған ұлы тұлға, араб елінің басын біріктіріп, үлкен жеңістерге жетелеген, күні бүгінге дейін халық аузында аңыз боп аты қалған заты қыпшақ Аз-захир Рукн ад-Дин Байбарыс. Қазақстанда ол туралы бірінші болып Аягөзде дүниеге келген тарихшы Құрбанғали Халид Байбарыс туралы 1910 жылы Қазаннан шыққан «Тауарих Хамса» атты еңбегінде баян етті.
Бұрынғы кездегі «қыпшақ» сөзі бүгінгі «қазақ» сөзіне парапар жалпылама ортақ атау мағынасына ие еді. Болашақ сұлтан Байбарысты арабтар жауынгер-мамлүк етіп тәрбиелеу үшін жас балаларды саудалайтын базарлардың бірінен сатып алған болуы керек. Олжас Сүлейменов ағамыздың айтуынша бізге жеткен бағалар кестесі бала қыпшақтың 120 египет динары тұрған. Яғни, бәрінен қымбат. Албандық (әзірбайжандар) – 90 динар, шеркес (барлық солтүстік кавказдықтар) – 70 динар және басқалай. Парсының шахы Аббас: «Менің әскерімде парсы неге жоқ? Өйткені, әбден нәзіктеніп кеткен қалалық парсылар бала кезінен жақсы тәрбиеленетін көшпелі қыпшақтар сияқты далалық әскери жорықтың талабына шыдай алмайды», – деп жазғаны тарихтан белгілі.
Болашақ мәмлүктердің қалай тәрбиеленетіні туралы түрлі тарихшылар өз куәліктерін қағаз бетіне түсіріп кеткен. Мүкәттам тауының баурайында болашақ мәмлүктердің күні бойғы атпен шабу, қылыштасу, садақпен оқ ату жаттығуларын өз көзімен көрген ортағасырлық араб саяхатшысы Мұхаммед Ибн Баттута, мәмлүк балаларға қожайындары қымбат та әдемі киімдер мен ат, алтын және түрлі асыл тас сыйлайтынын жазады. Болашақ мәмлүктерді дәрігерлердің қарауынан өткен соң, топ-топқа бөліп Құран үйретіп, құқықтың заңдарды оқыта бастайтын. Жас жауынгерлердің рухани тәрбиесіне де үлкен көңіл аударылып отырған. Бір мәмлүктің шарап ішкенін біліп қойған сұлтан Нәсір оны өлімші етіп сабатқызады. Ал, оған қарауға тиістілерді қапасқа жапқан.
Дайындықтан өткен мәмлүк әскер қатарына қабылданып сұлтанның қоймасынан жылына бір рет киім, ай сайын ет, жеміс, қант, май, балауыз, атына жеткілікті шөп алып отырған. Араб тарихшысы Макризидің баяндауынша мәмлүк басқа ат алу үшін өлген атының етін әкеліп көрсетуге тиіс болған.
Ержүрек мәмлүктердің дәрежесі де өсіп отырған. Алдымен онбасы, содан соң жүзбасы, кейін мыңбасы болған мәмлүк әмір дәрежесіне көтерілген жағдайда бостандыққа ие болатын. Сұлтан оларға үй, жер, түрлі киім мен ақшалай сыйлық беріп отырған. Алаңда өтетін жиындар үшін әмірлерге алтыннан жасалынған үзеңгілер берілген. Бірақ, бұл сый-сияпаттар адамның тек өз еңбегі үшін бағаланғанын білдіріп, олардың балаларына сол кездің заңы бойынша бұл сыйлықтарға мұрагерлік жүрмейтін болған.
Мәмлүктердің арасынан суырылып шығу оңай емес еді. Дегенмен, ақылдылығы мен ержүректілігіне байланысты қызметтік өсу сатыларының бәрінен өте алған Байбарыс билікке келген соң ең алдымен әскер ішінде темірдей тәртіп орнатты. Көптеген қыпшақ текті әскербасыларға адал қызметі үшін Сирия мен Египеттен жер берді. Соның нәтижесінде Мысырға ұмтылған моңғолдардың тас-талқанын шығарды. Мұсылман халықтарының ежелгі жауы крест тағушыларды біржолата жеңді.
Байбарыс үлкен ұйымдастырушы болған тұлға. Оның билігі тұсында Мысыр бұрын болмаған дәрежеде өркендей бастады, суландыру жүйелері жөнделіп қалпына келтіріліп, егін шаруашылығы мықтап дамыды. Ол Египеттің әл-Искандерия (Александрия), Дамиетта, әл-Каһира (Каир) секілді ірі орталықтарында сауданың кең етек жаюына барынша жағдай жасауға тырысты. Мұнда Венеция, Сицилия, Генуя, Индия, Орта Азияның сауда керуендері мен кемелері тоқтап өтетін. Сол үшін олардан көп салық алынып тұрды.
Осылайша Байбарыс елдің әл-ауқатын көтерді. Ол халық өмірімен етене танысу мақсатында қарапайым киініп түнгі Каирді аралап жүретін болған. Күнәсіздерге қол ұшын созып, қылмыскерлерді қатты жазалайтын.
Байбарыс сұлтанның тарихта қалған басқа да айрықша істері жеткілікті. Өз заманының білімді басшыларының бірі Байбарыс ХІ ғасырда жазылған Махмұт Қашқаридің «Диуани Лұғат-әт-Түрк» еңбегімен таныс болуы әбден мүмкін. Осы еңбекте: «Бір Бұхарлық ғалым мен Нисапурлық басқа бір ғалымның тәңір әзіз көрген Пайғамбарымыздан дәлел келтіріп айтқан төмендегі сөздерін анық естіген едім: «Түркі тілін үйреніңіздер, сонда олардың егелігі ұзақ дәуірлі болмақ» – деген сөздер бар. Ал, Байбарыс сұлтан түркі тілінің өркендеуіне көп күш-жігерін срап еткен тұлға.
Байбарыс өмір сүрген ХІІ ғасырдың екінші жартысында Египетте сарай тіліне айналған қыпшақ жазба тілі қалыптаса бастайды. “Тәржіман” атты сөздік те пайда болған. Сол замандағы әдебиеттің бірі «Гүлістан», сонымен қатар діни, медициналық, әскери, заң жөніндегі еңбектер де мәмлүктік-қыпшақ тіліне дер кезінде аударылып отырғаны белгілі. Бұл үрдіс ХІV-ХV ғасырларда да жалғасып «Ad-Durra al-mudia fi-l-luyat at-Turkiya», «Al-Manhal as-safi» «Munijat ul-guzat» атты трактаттар түркі тіліне аударылды. Ресейдің Ғылым академиясынан «Әлем тілдері» айдарымен шыққан «Түркі тілдері» атты кітапта келтірілген осы деректермен қатар Қасиетті Құранның да түркі тіліне бірнеше рет аударылғаны жазылған.
Өз заманының ерекше тұлғасы Байбарыс сұлтанның даңқының ғасырлардан асып бүгінгі күнге жетуі кездейсоқтық емес. Мәмлүктер араб еліне ұзақ уақытқа созылған тыныштық әкелді, деп баға берген ғалым Карен Армстронг «Иерусалим – бір қала, үш дін» атты еңбегінде Пасха мейрамы күндерінде көп жиналатын христиандардың басқа дін өкілдерімен қақтығысуын болдырмауы үшін Байбарыс сұлтанның тапқыр шешімі туралы мынадай қызық дерек келтірген. Байбарыс Иерусалимде екі жаңа діни орнын ашады. Бірі Мұса (арабша Неби-Муса) пайғамбарға арналған Иерихонның жанынан, екіншісі араб пайғамбары Салихтің құрметіне Рамледен бой көтереді. Осылайша Байбарыс сұлтанның тапқырлығы арқасында үлкен мейрам кезінде түрлі дін өкілдері жақын жерде басқалардың да көп жиналатынын білгендіктен өздерін тежеп ұстауға мәжбүр болған.
Осындай даналық шешімдер таба алатын қасиеттеріне байланысты Байбарыс есімі «Мың бір түн» хикаясының негізгі кейіпкерінің бірі халиф Һарун ар-Рашид секілді аңызға айналды. Ғалым И.М.Фильштинский Байбарыс туралы халық романдары бірінші рет тарихшы Ибн Ийас (ХVІ ғ.) еңбегінде аталатынын айтады. Ибн Ийас өз кезегінде Байбарыс жайлы деректерді өзіне дейін өмір сүрген жылнамашы, тарихшылар Мухи ад-Дин ибн Абд аз-Захир (1223-1292), Ибн Тагрибердилер (1409-1470) қалдырған мағлұматтардан алған.
Египетте біраз жылын өткізген ағылшын шығыстанушысы Лэн (1801-1876) халық аузынан түспей жүрген ең үлкен хикаяның да Байбарыс жайлы екенін айтқан. Египеттің тамаша ғалымы әрі жазушысы, Мысыр әдебиетінің классигі Таха Хуссейн (1889-1975) «Айам» (Күндер) деп аталатын мемуарлық-естелік еңбегінде өзінің бала кезінде ең көп естіген әңгімелері де Байбарыс батыр жайлы еді, деп еске алады. Бұның бәрі Байбарыстың өте ерекше тұлға болғанын көрсетеді.
Ұлты араб болмаса да сұлтан Байбарысқа деген араб халқының махаббаты шексіз болған. Осының дәлелі ретінде олар сұлтан Байбарысты Египеттің перғауындарына теңестіріп қыпшақ текті сұлтанның құрметіне атақты Хеопс пирамидасының төбесіне киіз үй орнатқан. Бұл деректі Мәскеу қаласында өткен «Кадырбаевские чтения – 2007» атты халықаралық ғылыми конференцияда ғалым Лев Галкин жария етті.
Осының бәрі Байбарыс заманында өмір сүрген тарихшы Вильгельм Трипольскийдің: «Байбарыс жауынгер ретінде Юлий Цезарьмен терезесі тең тұра алады» деп берген бағасының өте әділ екенін растайды.
Бердалы ОСПАН,
«АДЫРНА» ұлттық порталы