Төтенше жағдайға дайынбыз ба?
Павлодар облысында «Дабыл-2018» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындары болды. Бес күнге созылған әскери дайындық шарасы барысында күштік құрылымдардың жауынгерлік шеберліктері мен қандай да бір оқыс оқиға алдында жедел әрекет ету дайындығы пысықталды.
Оқу жаттығу жиындары 4 маусым күні басталып, еліміздің бірқатар өңірінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жиын 7 маусым күні Екібастұз қаласының аумағында өтті. Жаттығу алаңына Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы келіп, оқу-жаттығу тапсырмаларының іске асырылуын қадағалады. Сонымен қатар, қосымша міндеттерді енгізу туралы тапсырма берді.
3784 әскери бөлімінің командирі, полковник Болат Жорабаевтың сөзінше, оқу-жаттығу шараларының басты мақсаты – біздің күштік құрылымдардың дайындықтарын жан-жақты сынау және олардың бірлескен іс-қимылдарының үйлесімділігін қадағалау. Сонымен қатар, әскери техникалардың күш-қуатын тексере отырып, кез-келген орында болатын төтенше жағдайлардың алдын алуға дайын болу.
— Оқу жаттығу жиынына Семей гарнизонынан 600 адамды әскери техникасымен бірге алдырдық. Бағдарлама бойынша, біздің әскерлерге ең алдымен жоғарғы жауынгерлік техникалық тапсырмалар берілді. Оның барлығын ойдағыдай атқарды. Екінші кезеңде әскери техникалармен осы жерге дейін 500 шақырым жолмен сап түзеп жүрдік. Бұдан кейін осы жердегі арнайы нысандарды өзіміздің қорғауымызға алып, ішкі істер органдарының құрылымдық күштерімен бірлесіп жаттығу жасаудық, — дейді Болат Жорабаев.
Мұндай оқу-жаттығулар жоспарлы негізде жыл сайын өткізіледі. Биылғы жиынның ерекшелігі – бірнеше күн болды және еліміздің барлық өңірін қамтыды. Оған автотехника мен көліктік авиация қатысты. Оқу-жаттығу шараларының қорытындысы бойынша Өңірлік жедел штаб басшылығының әрекеттеріне оң баға берілді.
Тілеуберді САХАБА
Екібастұз қаласы