Заман молда — Имамдардан нені талап етеді….

Белгілі саясаттанушының «…Өзін «алдымен – қазақпын, сосын – мұсылманмын» деген қазақ жастары ешқашан Сирияға аттанып біреудің мүддесі үшін қиянатқа, өлімге бармас еді»,-деген пікірін оқыдым. Иә,шынайы қазақтардың ата-бабалары сөз жоқ, әлмисақтан бері мұсылман болған. Жасыратыны жоқ, шынайы қазақтықтан гөрі басқа ұлттың менталитетін бойына көбірек сіңірген еліміздің солтүстік өңіріндегі жастарға, әсіресе жат ағым жетегінде жүрген жастарға мұны түсіндіру өте қиын. Олар үшін Алла алдындағы дүниауи міндеттерінен (ата-ана алдындағы қоғам алдындағы, ұрпағы алдындағы борышы мен міндеті т.б) бас тартып «жәннатты аңсау», «хор қызы», «жұмақ төрінен орын алу» басты мақсаты ғана болғалы қай заман? Бұлай болуына бүгінгі билік пен аға буын біздер өзіміз кінәліміз. Қалайша? Өйткені оларға өзінің қазақ екенін танып, ұлтымен мақтанатын тәрбиені тәуелсіздіктің ширек ғасырында бойына сіңіре алмадық, тіптен «үш тұғырлы тіл» саясаты арқылы ұлтымыздың бүгінгі буынын будандастыру жолының негізін қалап та қойдық.
Ислам шариғаты сан түрлі халықтардың ерекшеліктері мен қасиеттеріне құрмет көрсетіп, ұлттық мәдениетті, ұлттық әдет-ғұрыптарды және дәстүрлерді жою, ұмыттыру үшін емес, сақтау, дамытуды мақсат ететін дін. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Кешірімді бол, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Қандай замандар болса да, қазақ халқы үшін ұлтымыздың тілін, дәстүрін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, өткені мен бүгінін жоққа шығарып, басқа жолды дәріптейтін, кенеттен аспаннан түсіп келген «дінсымақтың», сондай-ақ қазақтар баяғыдан тасқа, пұтқа табынып келгендіктен олардың көзін ашып дінді енді ғана өздері үйрете бастаған сияқты еліріп жүрген бүгінгі таңдағы кейбір «дін ғалымдарының» да бес тиынға да қажеті жоқ екені түсінікті.
Дәл қазіргі таңда тарихи дәстүрді бойына сіңіріп, ұлттың ұлық қасиеттерін қанып ішер ұрпаққа үлгі болатын үлкендерімізбен қатар ұлт руханиятының қайнар көзі болған қасиетті Ислам дінін насихаттаушы имам-молдаларымыз да әділдігімен қара қылды қақ жарып, аталы сөзіне тоқтата алатын даналықты игере білуі қажет-ақ. Өйткені ұлтымыздың ұлық мінездеріне ұйытқысы болуға тиіс имам-молдаларымыз елінің, жерінің, халқының, ұлтының, мемлекетінің тарихынан мақұрым,өнері мен мәдениеті, әдебиеті туралы түсінігі жоқ болса не үлгі-өнеге көрсетпек?.
Арғысы Керей,Жәнібек, Бұрындық хандар, бергісі әз-Тәуке, Абылай, Кенесары хандардың ерен еңбегі мен ерлігінен, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» туралы ой толғап, өлең-жырлары өз замандардың айнасы болған атақты жыраулар мен шешендер даналығынан үзінді келтіріп жұма намазы алдында, немесе басқа уақыттарда айтатын уағыз-насихаттарын мақал-мәтел, өлең-жыр термемен нақыштап, халықтың санасына қарапайым түсінікпен жеткізе алатын діни қызметшілер(имам, молдалар) мешіттерде бар ма?
Немесе, Абай, Шәкәрім, Дулат, Бұхар жырау, Ақтамберді, Махамбет, Қадыр, Мұқағали сияқты ұлтымыздың басқа да алыптарының өлеңдерін оқып, түсініп, біразын болса да жатқа біліп, оны өзінің уағыз-насихатында тиімді қолдана білмейтін имам-молдаларды ұлт руханиятының ұстазы деп айтуға болады ма?
Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сабит Мұқанов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев секілді басқа да ғұлама жазушыларымыздың жазғандарын өз ана тілінде оқып тұщынып көрмеген имам-молданы зиялы, білімді, мәдениетті деп айтуға ауыз бара ма?
Құрманғазы, Ықылас, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Дина, Нұрғиса, Қаршыға және басқа да дәулескер күйшілеріміздің күйлерін тыңдап, түйсіне алмайтын діни қызметшіні зиялы, білімді, мәдениетті деп уағызын тыңдап отыра аламыз ба, қалай айтасыз? Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Әсет Найманбайұлы, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ және де басқа да өлшеусіз ғаламат дүниелер қалдырған ақындарымыздың өлеңдерін бағалай алмайтын адамдарды зиялы, білімді, мәдениетті деп кім айта алады?
Тіптен ең қарапайым адами құндылық ретінді тәуелсіз мемлекетінің Әнұранын жатқа білмек түгілі оны білуге тиіспін деп түйсінбейтін діни қызметшілер арамызда некен-саяқ болса да бар екендігін көзімізбен көргенбіз. Өйткені ол имам дін мен мемлекет бөлек болса да, қоғамнан бөлек емес екендігін түсінбейтін болса керек…
Жастар руханиятқа қарай топ-тобымен ағылып жатыр, ал руханияттың қайнар бұлағы дін екендігіне ешқашан, ешкім де шүбә келтірмеген. Алайда «шатақ дінді»(Шәкәрім) уағыздаушылар соңғы кездері дінсүйер жастардың арасына «Алдымен мұсылман, сосын қазақсың ба, әлде әуелі қазақ, содан кейін барып мұсылмансың ба?» деген китұрқы сұрақтар қоятынын естіп жүрміз. Құранның «Хужурат» сүресінде: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» деген. Аяттың алғашқы жолдары бәрімізге де түсінікті. Ал енді осы аяттағы «Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін…» деген жолдарға үңілсек, «Ұлтты қалай тануға болады?»,-деген сұрақ туындайды. Ендеше, басқа бір ұлтты ең бірінші сол ұлтқа ғана тән ерекшеліктері болушы терісінің түсі, яғни нәсілдік өңі, сосын тілі, ділі, дәстүрі, мәдениеті, өнері, өмір сүріп отырған мекені қатарлы әлгі ұлтты өзгелерден өзгешелендіріп тұратын белгілері бойынша танимыз. Бұлар талқылауға жатпайтын табиғи заңдылықтар, немесе Жаратушының жаратқан қалыбы. Ендеше Жаратушының белгілеп берген осы ерекшеліктерді сақтағысы келмей, басқа түрлерге еліктеу, турасын айтсақ-ширк, немесе Жартушыға қарсы шығу болмақ. Ұлт – салт-дәстүрімен көрікті, ұлттың ұлылығын өнері мен мәдениеті, бірлігі мен берекесі танытады. Сондықтан да шынайы қазақ болсаң, сөз жоқ, мұсылмансың, өзің әдейі қасарсып бас тартпасаң!? Әрине, осыны жан-жақты түсіндіре алатын имам молдалар мешіттерде толып отырса деген ой ғана ғой…
Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік,
мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

P.S.
Достар !!! Өзінің тілі, ділі ( менталитет ,əдет — ғұрып, дəстүрі) болмаған ұлттың болашағы бұлыңғыр болатыны жайлы көп жазылды жəне олар тарих САХЫНАСЫНАН қалай жоғалып кеткені жайлы дерек көп — ақ….
Онда, санаға сап сараптайық, АРДАҚТЫ АҒАЙЫН!!!

Сәбетқазы Кусетайұлы Нұрсила  фб парақшасынан