Көп нәрсе айтылмай жасырын қалды…
Жалғызкісілік камерада жалғыз отырған Әлиевтің адвокаты оның суицидке барғанына күмән келтірген еді.
Facebook әлеуметтік желісінде Р.Әлиевтің ресми парақшасы ретінде ұсынылған бетте оның әкесі Мұхтар ӘЛИЕВке кешірім сұрап жазған арнайы хаты жарық көрді. Хатында Рахат былайша ағынан жарылыпты: «Әке, сен қайтты деген хабар менің қабырғамды қайыстырды. Қазір сізге арнап бір ауыз сөз айту – маған ауыр. Себебі, екеуіміздің арамызда көп нәрсе айтылмай, жасырын қалды…
Сен маған әрқашан үлгі болдың. Сенің ізіңді қуып, мен де сен секілді медицина саласында білім алдым. Дәрігер-хирург болдым. Әке, сен Қызылорданың құмды боранында, жоқшылықта, өмірдің тауқыметін тартып өстің. Бірақ, соған қарамай, медицинаның үлкен шыңына жеттің. Бұл, біріншіден, сенің қайтпас қажырлылығыңның арқасы еді. Сенің танымалдылығыңның арқасында мен де билікке келдім.
Сен «көмекке мұқтаж пациентке қолыңнан келгенше көмек беру – менің парызым» деуші едің. Мұқтаждарға болысу, көмек беру – сенің ел сүйген қасиеттеріңнің бірі еді. Біз отбасымызда, осы «сенің кең жүрегің қаншаға жетер екен» деп алаңдаушы едік. Сен медицинадағы Әлиевтердің династиясын құрдың. Сенің шәкірттерің Қазақстанның шартарабында, олар енді өздері доктор, кандидат және мықты хирургтер тәрбиелеуде.
Мен ҰҚҚ басқаруға тағайындаған кезде сенің реакцияңды әлі ұмытқан жоқпын. Сен: «Қолыңды былғама!» – деп едің. Менің ҰҚҚ-да істегенімнің бір ғана қайыры болса, ол ҰҚҚ архивінен атам туралы деректерді тапқаным болды. Тіпті, атамның суреті де табылған еді…
…Саған билік, мәнсап ешқашан қызық емес еді. Сен «дәрігер ретінде мен халыққа керекпін» дедің. …Маған (сенің жалғыз ұлыңа) қазір өте қиын. Сенің алдыңдағы перезенттік парызымды өтей алмағаныма қиналамын. Бірақ, бұл уақыт келетініне мен сенем. Рахат Мұхтарұлы Әлиев»
…Иә, кім білген, пенденің әлсіздігі әлем болғандықтан, аяғын шалыс баспайтыны болмайды. «Барлық адам қателеседі, бірақ қателесушілердің арасындағы ең жақсысы – өз қателігін мойындап тәубеге келгені» деп, ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлем болсын!) айтпақшы, мәңгілік мекеніне аттанардан бірнеше сағаттар ғана бұрын марқұм әкесінің рухынан кешірім сұрап: «Сенің алдыңдағы перезенттік парызымды өтей алмағаныма қиналамын» – деп, соңғы сөз, ақырғы аманатын айтып үлгерген Рахат пендесінің де тәубә-тілегі қабыл болып, сүйегі туған топырағына әкесінің қасына жерленсе, әбес болмас еді. Бірақ, олай болмады. Егер әйелі немесе балалары сұраныс жасаса, БҰҰ-ның халықаралық стандарты өзге ел азаматының денесін туған жеріне қайтаруға мүмкіндік береді. Мұның астарынан саясат та, басқа да іздеп, арам терге түсудің қажеті жоқ еді.
Рахат Мұхтарұлы Әлиев 2007 жылға дейін Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметін атқарды. 2008 жылы оған «Қазақстанда ауыр қылмыстар жасады» деген айып тағылып, 40 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде сырттай шешім шықты.
Тегінде, күнә жасау да, кешірім тілеу де – адамның табиғи болмысына тән нәрсе. Адам кейде біліп, кейде білмей қате жасайды. Біреу сөзінен, біреу ісінен, біреу әрекетінен, біреу сенімінен қателеседі. Қателіктер мен күнәлар көбейіп, таза жүректі кірлеп, рухты әлсіретеді. Сондықтан, нағыз мұсылман жүрегі қарайып, қара тасқа айналып кетпеуі үшін қателігін қайталамауға, күнә жасамауға тырысады. Бір күні Әбу Һурайраға бір әйел келіп: «Мен зина күнәсін жасадым. Зинадан туған баланы өлтіріп тастадым. Енді мен үшін тәубе етуге мүмкіндік бар ма?» – деп сұрайды. Мына сұмдықтан шошып кеткен Әбу Һурайра: «Жоқ, сенің тәубең енді қабыл болмайды!» деп, шорт кеседі. «Менің тозаққа күю үшін жаралғаным ба?» – деп, еңкілдеп жылаған әлгі әйелді ешкім жұбата алмайды. Ертесіне болған жайды естіген Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлем болсын!) Әбу Һурайраға қабағын шытып: «Сен не істеп қойғаныңды білесің бе? Сен Құрандағы мына аятты оқып жүрген жоқсың ба, деп Фурқан сүресінің: «…Кімде кім тәубе етсе, иман келтіріп, ізгі амалдар жасаса, Алла олардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла аса жарылқаушы, өте мейірімді» (Фурқан сүресі, 68-70 аяттар)» – деген аяттарын оқып береді. Сонда Әбу Һурайра дереу әлгі әйелді тауып алып, Фурқан сүресінің аяттарын оқып бергенде, әйел: «Маған шығатын қақпаны көрсетіп берген Аллаға шексіз шүкір!» – деп, сәждеге бас қойып, еңіреп жібереді…
…Сол себепті, сірә, кімді де болса орынсыз кінәлап, жазғыруымыз – мұсылмандық қасиет емес. Мәселенің анық-қанығына жетпей, біреуге тілімізді, біреуге қолымызды тигізуіміз – шариғат жолы болмаса керек. Айша анамыз арқылы жеткен бір хадисте біздің ұлық Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлем болсын!): «Амал дәптерінде Алладан кешірім тілегені жазылған құлдар қандай бақытты!» деген екен.
…Жер бетіндегі әрбір адамның тілегі де осы – бақытты болу емес пе!..
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА фб парақшасынан