Еділханның табиғат әлемі

         Жас суретші Ерсайынов Еділхан Атырау қаласының тумасы. Суретшілік өнер Еділханға туа біткен дарын, Алланың рахымымен дарыған құбылыс.  Ол үш жасынан бастап сурет сала бастады. Сол үш жас кезінде сызған сызбаларының өзі белгілі бір бейнелерді сипаттады. Төрт, бестердің кезінде суретті түнімен отырып салатын болды. Бұл суретшінің балалық шақтағы қалыптасу кезеңі сияқты еді.

         Еділхан ЕрсайыновБірінші сыныпқа бармас бұрын, Еділханның суреттері жергілікті газеттердің беттеріне шығып, жас баланың бойындағы творчестволық өнер көзі ашыла бастайды. Мектеп табалдырығын аттағанда Еділханның атағы біраз жерге жайылып суретші бала атанды. Мектепте, изостудияда, Кіші Өнер академиясында оқып жүргенде сурет өнерімен тығыз айналысады. Қаладағы А.С.Пушкин атындағы орта мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген кезінде, өзінің суреттерімен көзге түседі. Мектепте өткізіліп тұратын бейнелеу өнері сайыстарына қатысып  жүлделі орындарға қол жеткізеді. Мектеп ішінде, сыныптарда өткізілетін шараларды суретпен көркемдеу жұмыстарына үнемі белсенді қатысып жүреді. Орта мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген кезінде, облыстық өнер музейінің жанынан ашылған, суретші балаларға арналған бейнелеу өнері студиясында оқып білім алады. Сурет өнерінің қыр-сырын студияда оқып үйренеді. Музей жанындағы студия суретші баланың теориялық және практикалық тұрғыдан қалыптасуына үлкен әсер етеді. Облыстық өнер музейі ұйымдастырған суретші балалардың байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып көзге түседі.

1
                             Көктемнің келуі

Қазақстандағы ағылшын елінің елшілігі 2005 жылы ұйымдастырған «Современная Британия» конкурсына қатысып, бірінші орынды иеленді. Сол кездегі Қазақстан Республикасындағы ағылшын елшісі Джеймс Шарп бірінші орынның байрағына тиген бағалы сыйлығы мен Құрмет грамотасын Еділханға өз қолымен тапсырады.

Еділхан 6-сыныпта оқып жүрген кезінде қаладағы мектеп оқушылары арасында өткізілген бірқатар сурет өнері сайыстарына қатысып жүлделі орындарға ие болады. Қалалық білім бөлімі ұйымдастырған: «Атырау – туризм қаласы»  суреттер конкурсында жүлделі орынға ие болып Грамотамен марапатталды.

Облыстық «Алтын сақа» газеті ұйымдастырған «Сүйкімді суреттер» конкурсында жеңімпаз аталып Құрмет грамотасымен марапатталды.Атырау қаласы бойынша 2006 жыл «Пушкин жылы» болып аталып өтілді. Қала мектептері бойынша «Пушкин бейнелеу өнерінде» атты суретші балалар арасында өткізілген конкурста, Еділхан  жүлделі орынға ие болып «Алғыс хатпен» марапатталады.

Кіші өнер академиясында оқып жүрген кезінде, 2009 жылы Белоруссияда өткен балалар мен жасөспірімдер творчествосының халықаралық фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен оралды.

2
                                 Сахара кеші

 «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы 2009 жылы  «Жемқорлыққа қарсы күреске» бағытталған республикалық деңгейдегі ең үздік плакаттар байқауын ұйымдастырып өткізді. «Нұр Отан» партиясының Атыраудағы филиалы арқылы, республикалық байқауға Еділхан екі түрлі плакатқа салынған жұмыстарын жібереді. Республикалық плакаттар байқауының нәтижесінде, Кіші Өнер академиясының оқушысы, суретші Еділхан «Нұр Отан» партиясының партиялық бақылау комитетінің алғыс хатымен марапатталды.

Атырау қаласында жалпы білім беретін орта мектептердің оқушылары арасында 2009 жылы өткізілген «Біз нашақорлыққа қарсымыз» тақырыбындағы сурет сайысына қатысып, шығармашылық ізденіспен өз өнерін танытқаны үшін жас суретші Ерсайынов Еділхан 1-дәрежелі Дипломмен марапатталады.

Суретші өміріндегі шығармашылық тұрғыдан өрлеу 2011-2012 жылдарды қамтиды. Бұл уақыт Еділханның университеттің бірінші-екінші курста оқып жатқан уақыты болатын. Осы жылдарда Атырау қаласының көріністеріне арналған, табиғат көріністеріне арналған  ондаған пейзаж жанрындағы туындылар дүниеге келді.

Университет студенттері арасында бейнелеу өнері бойынша ұйымдастырылған шығармашылық сайыста бірінші орынға ие болады. Осы шығармашылық сайыстың нәтижесінде Еділхан арнайы дипломмен ұлығыланды.  

Безымянный
                             Атырау қаласы

2015 жылы облыстық өнер музейінде жас суретші Еділханның шығармашылық көрмесі ұйымдастырылып өткізілді. Көрмеге елуге жуық суреттері қойылды. Суреттерінің негізгі бағыты табиғатты, қоршаған ортаны бейнелеуге арналды. Еділхан жас суретшілер арасынан шыққан бірден бір пейзажист. Суретші шығармаларында табиғат көрінісі бірінші орында тұрады. Табиғат көріністері, белгілі бір философиялық таным-түсініктер бағытында сипатталады. Суретшінің табиғатты әртүрлі қырынан бейнелеудегі ұмтылыстары, ізденістері әрбір шығармада өзіндік ерекшеліктерімен көрініс тауып сипатталады.

Суретшінің ұлттық дүниетаным, ұлттық салт-дәстүр тақырыбына арнаған жұмыстары да бар. Ондай жұмыстарында суретші, өткен дәуірді бүгінгі уақытпен ұштастыра бейнелейді. Суретші дүниетанымында, лирикалық, нәзік сезімдер көп жағдайда көрініс беріп отырады. Суретші шығармаларында гүлдерді сипаттауға, табиғаттағы көктем, жаз көріністерін сипаттауға көбірек көңіл бөлінеді. Суретші шығармаларында бояулардың жылылық сезімі, сыршылдық сипаты басым.

 Еділхан табиғат тылсымын бейнелеуге, сол табиғаттың шығармаларында да бүлінбей, бұзылмай, пәк, таза, сымбатты, сұлу, көркем күйінде сақталуына ерекше маңыз береді. «Адам табиғаттың төл перзенті. Табиғат адамзатты жаратушы анамыз. Сондықтан, біз, адамдар табиғат ананы қадірлейік, қастерлейік, табиғат сұлулығына қарап бойымызды, ой-санамызды түзейік, табиғатты пәк күйінде сақтайық» деген жас суретшінің ішкі жан-дүниесінен туындаған ой, пікірі әрбір туындысында көрініс тауып, бояулар тілімен сөйлеп тұрғандай.

                                                                              Светлана Муньянова