Белгітас

Павлодар-Екібастұз тас жолының бойында, Төртқұдық ауылының тұсында дарынды ақын, әнші, сазгер Алмагүл Жүгінісова (1982-2016) жанындағы 3 жолаушымен бірге жол-көлік оқиғасына ұшырап еді. Сол тұсқа марқұмның туыстары осы ораза айы кезінде белгітас орнатыпты. Бүгін белгітас жанына арнайы тоқтап, Алмагүлдің рухына дұға оқыдым. Сосын қайғылы қазаға орай жазған өлеңдерімді іштей күбірледім.

Дұға

Жас толқын қар аралас жаңбыр әнін
Жаңғыртып,
Жарға ұрынды сол бір ағын!..
Кеудемнен ақ қанат ән үркіп ұшты,
Қос шегі үзілгенде домбыраның…

Жұлмалап жүрегімді қанша сұрақ,
Жарқ етіп сөнгендей-ау сонша шырақ…
Көкөзек сайға түскен кезімде әлде
Көзіме кетті ме екен қан шашырап?!.

Тірлікте ақынды елі ұғына ма?
Дәл қазір малынды аппақ шұғылаға,
Қарғамның қабіріңе бірге түсіп,
Маңдайын бұрып едім құбылаға…

Мен тұрмын өткенге енді сергек қарап,
Өксіген сезімімді тербетті алап.
Анасы көктен түскен періште әнді
Көтерген шығар аппақ жөргекке орап…

Жас тәні Жер Анамен жанасқанда,
Ұқсады ақыл ойым адасқанға.
Жалт берді жалғыз сәтте жанарлардан
Ақын қыз тәні – жерде, жаны – аспанда.

Кім енді ол жайында не біледі,
Жетім жыр қабірінде егіледі.
Қолымды көкке жайып дұға оқыдым,
Өйткені рухы көктен келіп еді!..

——————————————————

Төрт құдықтың тұсы

Жол жатыр бүк түсіп, құнысып,
Сұмдық сыр бар онда, сеземін.
Төрт құдық тұсында у ішіп
Алғандай
Өртенер өзегім!

Тағдырлар жосылған жолдардай,
Қайтеміз өзгеге өкпелеп.
Жүйткіген жүйріктер сормаңдай
Кеп қалды өліммен бетпе-бет!..

Сынғандай қабырғам, керегем,
Көзімді көр түнек жатты арбап!
Өлеңді қабірге бөлегем,
Шашылып кеткенде төрт тармақ…

Ашқандай Жер тағы аранын,
Жалтақтап алға бір, артқа бір,
Тұсыңнан жылыстап барамын,
Төрт құдық, төрт тағдыр, төрт қабір…

Іңірге қанды нұр қаптаса,
Үңілем өзекті өрт қылып.
Дәл қазір топырағың тартпаса,
Бөгеме жолымды, төрт құдық!..

Арман ҚАНИ