АҚТАУДА МИФОЛОГ СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙДЫҢ 50 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Ақтауда қазақ мифологиясын зерттеудің алғашқы іргетасын қалаған, дүниежүзілік мифологиялық мектептердің теориялық негіздерін жете білген, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ой-тұжырымдары ерекше ғалым Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына орай, халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
«Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты шараның басты мақсаты: Серікбол Қондыбайдың шығармашылығын танып білу және оның отандық ғылымдағы орнын айқындау.
Конференцияға республикамыздың 13 атақты ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, АҚШ, Түркия, Ресей, Түрікменстан, Әзірбайжан, Қытай мемлекеттерінен 14 мифология, философия, тарих, этнология, археология салаларының ғалымдары және музей зерттеуші орталығының арнайы шақырылған өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов шетелдік ғалымдармен арнайы кездесті. Шара барысында аймақ басшысы ғалым еңбектерінің маңызына тоқталды.
-Серікболдың ғалымдар қауымы арасында «Күн текті қаһарман», «Аңыз құсы» атануы жай болмаса керек. Бала жасымыздан жадымызға сіңіп, құлақта жатталған ертегі-аңыздардан қазақтың ілкі дүниетанымын, одан әрі түркінің түп-төркінін түгендеу арқылы әлемдік ғылымға олжа салған ғалым. Серікбол әлемі – ғаламдық бәйтерек, ол әрі қарай тамыр жаюы үшін облыс әкімдігі тарапынан төмендегідей жобаларды қолға алып, іске асыруды көздеп отырмыз. Біріншіден, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жанынан «С.Қондыбай мұраларын зерттеу және насихаттау орталығын» ашу мәселесін қарастыру; Екіншіден, Шетпе ауылында С.Қондыбай тұрған үйді музей экспозициясы ретінде ашу; Үшіншіден, С.Қондыбай шығармашылығы бойынша 2 жыл сайын республикалық және халықаралық симпозиум, конференцияны кезектестіріп өткізу; Төртіншіден, С.Қондыбай шығармашылығына негізделген облыстық мемориалдық музейге С.Қондыбай есімін беруді ұсыну, деді облыс әкімі.
Айман Оңғарбайқызы