Павлодарлық полицей әлем чемпионатында топ жарды

Облыстық ішкі істер департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының аға лейтенанты Нұрсұлтан Хасанов Анапа қаласында кикбоксингтен өткен Әлем кубогынан жеңіспен оралды. Әлемнің 25 елінің кіл мықтылары сайысқан жарыста Нұрсұлтан Хасанов 67 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медальді жеңіп алды.

— Мен үшін алтын медальге қол жеткізу басты міндет болды, — дейді Нұрсұлтан Хасанов. – Бәрі де ойдағыдай өтті. Барлығы төрт жекпе-жек өткіздім. Олардың әрқайсысы өзінше қиын болды. Ақтық кезеңде түркиялық кикибоксермен қолғап түйістіріп, оның мықтылығына қарамастан жеңе алдым. Жалпы жарыстың ұйымдастырылуы өте мықты болды. Маған әсіресе, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Норвегия елдерінен келген спортшылардың жекпе-жектері аса ұнады.

Нұрсұлтан Хасанов 12 жасынан бастап спорт секцияларына қатысып келеді. Орта мектепті Екібастұз қаласында тәмамдаған соң, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт факультетінде білім алды. Қазіргі кезде ол ішкі істер департаментінің арнайы жасағында қызмет етеді.

Әлихан Рахметоллаұлы