ПМУ командасының «ақылды үйі» хакатонда үздік деп танылды
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің командасы «Ақылды үй» тақырыбында өткен хакатонда үздік деп танылды.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен шара барысында жеті команда өзара бақ сынасты. ПМУ-дің абыройын Дархан Жақсыбаев, Константин Таничев, Әділхан Рахымбеков және Әнуар Жүнісов қорғады.
Жастар 48 сағат ішінде сарапшылардың жетекшілігімен IT-өнімнің прототипін әзірлеумен айналысты. Жалпы жүлде қоры жарты миллион теңгені құрады.
Команда өкілі Дархан Жақсыбаевтың айтуынша, «Ақылды үй» прототипінің көптеген қызметі бар. Мәселен, үйге кіру үшін қожайынның саусақ таңбалары керек. Үйге кірерде қозғалыс датчигі іске қосылып, жарық автоматты түрде жанады. Жарықтандыру деңгейін реттеу жүйесі де автоматты түрде қосылады.
«Ақылды баспанада» климаттық бақылау, перделерді ашып-жабу жүйелерінің жұмысы қарастырылған, ал түнгі уақытта баспалдақ арқылы қауіпсіз қозғалу үшін арнайы жарық қосылады.
«Біздің прототипте қауіпсіздік жүйесі бар. Ол терезенің сынуы, оттың пайда болуы сияқты жайттарды ескертеді. Дабыл түскен кезде дыбыстық сирена іске қосылады», — дейді Д. Жақсыбаев.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жоба әзірлеушілері «ақылды үй» мен сервердің өзара байланысын қамтамасыз етпек. Осылайша, қолданушы үйінің жағдайы туралы ақпараттарды алып отырады.
Байқау барысында командалар шеберлік сағаттарына қатысып, IT-өнімдерді нарыққа шығару тетіктерін меңгерді. Сонымен қатар, заманауи технологиялық трендтермен танысты.
Әлихан Рахметоллаұлы