Менменсіген келімсекті тәубесіне келтірген «күйеу бала»

Жарты ғасырдай уақыт өткендіктен «Бармысың бауырым» телебағдарламасы арқылы жан-жаққа сауын айта іздестіріп еліміздің түкпір-түкпіріндегі, Шу ауданындағы «қара шаңырақ» атанған қазақ орта мектебінің 1966 жылғы түлектерінің басын қоса алғанбыз. 2016 жылдың мамырында мектеп бітіргеніміздің 50 жылдығын кең көлемде атап өтіп, ұстаздарымыз бен білім ордасымен қауышып мәре-сәре боп қуанышқа бөленіп едік. Әрине, мұндай ауқымды да ұлағатты шараларды ұйымдастыру оңай шаруа емес. Жақында кластасым Қалдышпен жүздесіп қалғанымда, ол: «Мәкен, құп көрсең ертеректен тіс жарып еш жанға айтылмай көкейімде жүрген жайттарды жеткізсем», — деді.

— Мектепте оқып жүргенімізде құрбыларым Дина Жалбиева, Қалдыкүл Байділдаева, Сәлима Мешітбаевалармен Алаш жұртына әйгілі «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаевтың домбырашылар үйірмесіне қатысып, оркестрдің белсенді мүшесі болғанмын. Мектеп бітіргеннен кейін Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, ойдағыдай бітіріп шықтым. Аты елімізге мәшһүр сазгер-әнші Алтынбек Қоразбаевпен қатар дәріс алдық. Жаратқанның жазуы сол шығар көршілес Абай ауылының тұрғыны, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, сөзге де шешен әрі асабалығымен көзге түскен айтулы азаматтың бірегейі Аманқұл Қызылбекұлымен тұрмыс құрып, отау көтердік. Атам Қызылбек Ұлтубайұлы екі иығына екі кісі мінгендей денелі, еңгезердей қарулы кісі болатын. Өзгелерден өзгешелігі Шу өңіріне айтыскерлігімен, ақындығымен де аты танылыпты. Төменгі Шу өзені бойындағы қоралас елінің қызы Рақия апам да қаражаяу емес, жастығына қарамастан 13 жасында атаммен айтысқа тү-седі. Жас әрі тәжірибесінің аздығынан болу керек атадан жеңіліс тауып, оған тұрмысқа шығуға келісімін береді. Абай ауылының тұрғыны Тілепбергенов Амантай ақсақалдың айтуынша, 1960 жылдары аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Ж.Түйебековтың қызығушылығымен Сәмбет Балтабай ақынмен апамды ашық түрде айтыстырғаны аса тартымды өтіпті. Рақия апа облыстық ақындар айтысына да қатынасқан, марапат қағаздары да баршылық. Туыстық дәстүрмен Аманқұлдың нағашыларымен үзбей сыйласып-араласып тұратынбыз. Әсіресе, тұңғыш ұлымыз Мұратхан Аманқұлұлы жиі қатынайтын. 1990 жылдардың басында, бір күні маған: «Сіз білесіз бе, менің Қызылбек атам айтарлықтай ерлік жасапты ғой», — деп қуанып келді. Сөйтсе, Мойынқұм ауылынан Шу қаласына қайтарында автокөлігі бос болған соң екі қарияны жолсеріктес етіп жанына отырғызып алады. Жолаушының бірі Бағыбаев Тезекбай атты ақсақал жол қысқарсын деген оймен сөзге тартып: «Балам, қай ауылдансың, ныспың, аты-жөнің кім?» — деп сұрамай ма. Ойында ешнәрсе жоқ Мұратхан: «әкем — Аманқұл Қызылбекұлы» дегенінде қария: «ой, атаңның атынан айналайын, бізді жуан жұдырықты Федор (жергілікті тұрғындар Шодыр атаған) деген орыстың үстемдігінен езгісінен құтқарып еді. Оны айтатын себебім, ауылдағылар Қызылбекті біздің ауылдың күйеу баласы дейтін. Ф.Гуляев деген бақуатты шонжар Мойынқұм ауылының қазіргі орталық алаңы Абылай ханның ескерткіші тұрған төбешікте базар ашып, қонақ үйдің артында май зауытын іске қосып дегендей бірқатар шаруалар атқара бастаған. Сондықтан ауылдың атын да ертеректе «Гуляев», — деп бекер атамаған. Дейтұрғанменен жергілікті қазақтарға қырын қарап, әртүрлі сылтаулармен жақсы аттарын алып қойып, ойларына келгенін істеп өзінің қарашекпен ағайындарының үстемдігін орната бастаған. Менің ол кезде ересектеу жігіт шағым еді. Ұмытпасам 1926-27 жылдар. Көз алдымда сол базардағы орын алған оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Озбыр келімсектің қиянаттарын естіген, орыс тіліне жетік Қызекең қайын жұртынан: «Федорды көрсетіңдерші», — дейді ғой. Олар «ойбай, оған жолама, бәлесіне қаласың», — деп азар да безер болады. Соған қарамастан күйеу бала айтқанынан қайтпай, қан базардың ортасында, жарау атпен жүрген Гуляевпен бетпе-бет кездесіп, «Атыңнан түс!» — дейді. Шонжар болса, «мынау жабайы қазақ қайтеді?» — деген оймен: «Маған әкіреңдейтін сен кімсің?» — деп, қорқытпақшы болып қамшысын көтере бергенде Қызылбек аға өңкиген денесінен қаймықпастан оны «қаңбақ құрлы көрмей» аттың үстінен жұлып алып, дүйім жұрттың көзінше әбден сабап, тепкілеп сазайын тартқызды. Сөйтіп күйеу баланың арқасында «біз тәубесіне келген Шодыр шонжардың озбырлығынан құтылғанбыз», — дейді. Бертін келе атамыз Шу ауданының Жаңалық колхозында қызмет атқарған. Ел басына күн туған нәубет — ашаршылық жылдары жарықтық атам сарыүйсін ағайындарын құтқарып қалу ниетімен кеңшардың жылқысын сойып берген. Көре алмайтын ағайынының бірі арыз жазып қайын атам 1937 жылы сотталып, Красноярскінің түрмесінен бір-ақ шығады. Қиыншылыққа мойымаған Рақия апам Шу стансасындағы теміржол мекемесіне жұмысқа тұрып еңбек ете бастайды. Оны да қанағат тұтпай теміржолшыларға жыл сайын берілетін тегін жол жүру билетін пайдаланып, Мәскеуден керекті заттарын ала Красноярскіге жеткен соң түрме басшыларына тарту-таралғы жасап, жергілікті орыстардың пәтерлерін жалдап, жолдасымен 2-3 мәрте кездесе алады. Кейінірек Шымкент қаласындағы түрмеге ауыстырылады. Атам қайсарлығының арқасында түрмеден екі мәрте қашып шығады. Күйеуім Аманқұл 1947 жылы дүниеге келеді. Бірде атам отарбамен Ағадыр жақтағы апамның жақындарына бармақшы болып жұбайы Рақияға Шу стансасында жолығып тұрған сәтінде Шоқпар стансасы жағынан бір кісілерді көріп қалып, апамның қарсылық танытқанына қарамастан Қызылбек ақкөңілділікпен амандасып қана қоймай, қайда бара жатқанын да айтып қояды. Әлгілер дереу орган қызметкерлеріне жеткізген болулары керек. Ағадыр стансасынан күтіп алған қызыл жағалыларға қайтадан ұсталады. Атамның 1933 жылғы Базаркүл және 1943 жылы дүниеге келген Ажаркүл деген қыздары болған. Базаркүл о дүниелік болып кетсе, Ажаркүл әпкеміз бала-шағасымен Алматы қаласында тұрады», — деп, ерекше сағынышпен аяқтады әңгімесін. Үлгілі тәлім-тәрбиенің арқасында шығар, үлкендердің ақ-батасымен Аманқұлдың жақын інісі Мейірхан Бүркітбайұлына әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шығып көпбалалы ана атанып, немере-шөберелерінің ортасында ардақты әже ретінде сый-құрметке бөленіп отырған Қалдыш Әзімханқызының осы айтқан естеліктерін тебірене әрі қызыға тыңдай отырып, көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдім.

Мәкен Уақтегі