Павлодарда Кутузов көшесінің атауы Тәуелсіздік даңғылы деп ауыстырылды

Облыстық мәслихат депутаттарының қарауына Кутузов көшесінің атауын Тәуелсіздік даңғылы деп ауыстыру жөнінде ұсыныс келіп түсті. Халық қалаулылары облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы С. Османованың ақпаратын тыңдап, ұсынысты бірауыздан мақұлдады.

Атауы ауыстырылған көше Павлодар қаласында өткен ғасырдың 60-жылдарының басында құрылған еді. Кеңестік солақай саясаттың әсерімен 1962 жылы ресей халқының француз басқыншыларына  қарсы жүргізген Отан соғысының 150 жылдығы шеңберінде көше фельдмаршал М.И. Кутузовтың құрметіне аталған еді.

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге ширек ғасырдан астам уақыт өткенде ғана көшенің атауын ауыстыру мүмкін болды. Бұған дейін кейбір ресейшіл кертартпа топтар мен орыстілді тәуелсіз басылымдар Кутузов көшесінің атауын ауыстыруға түбегейлі қарсы болып, жаппай қарсылық көрсеткен еді.

Үстіміздегі жылдың  22 наурыз күні аймағымыздың зиялы қауым өкілдері, ҚХА облыстық филиалының мүшелері облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің бетінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа Кутузов көшесінің атауын Тәуелсіздік деп ауыстыру жөнінде ашық хат жариялады. Ономастикалық жұмыстарды жүргізу тәртібі бойынша «Шаңырақ» мәдени орталығында өткен қоғамдық талқылау кезінде жиынға келген қала жұртшылығы көпшілік дауыспен Кутузов көшесін Тәуелсіздік деп ауыстыруды қолдады.

Бұл бастама республикалық ономастикалық комиссияның отырысында мақұлданған соң  облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында халық қалаулылары Кутузов көшесінің атауын Тәуелсіздік даңғылы деп атау жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдап, облыс әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімін қабылдады. Бұл шешім жергілікті Әділет департаментінде тіркеліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Айта кету керек, бұған дейін облыс орталығындағы Ленин көшесі елордамыздың 20 жылдығының құрметіне Астана көшесі деп қайта аталған еді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы