Павлодар мешіттері оқушылардың діни сауатын ашуда

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттердің барлығында оқушылар үшін жазғы лагер жұмысы басталды. Барлық қала, кент, аудан, ауыл мешіттері діни сауат ашу курсына 7-15 жас аралығындағы ұл-қыздарды қабылдап, маусым айы бойы оларға асыл дініміздің құндылығы туралы мағлұмат беретін болады.

Павлодар облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына бүгінгі таңда  265 ер және 170 қыз бала, яғни барлығы 435 оқушы қабылданып, жазғы жазғы демалыстарын тиімді өткізуде.

— Балаларға мешіттердегі  білімді-білікті ұстаздар имандылық тәрбие беріп, олардың діни сауатын ашады. Ұстздардың барлығы жоғары білімді. Яғни, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам университеті мен  Павлодар қаласындағы  «Әбу Бәкір Сыддық» медресесін бітіргендер. Олар оқушыларға Құран, шариғат негіздері білімімен қоса бес парызымыздың бірі болған намаз оқуды үйретуде, — дейді мешіттің баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.

Жазғы сауат ашу курсының сабақ жоспары бойынша оқушылар Құран әліппесін үйренуде. Сонымен қатар, қысқа сүрелер мен азан жаттап, дастарқан батасын айтып үйренеді. Сабақтың арасында балалар мешіт алаңында футбол ойнап, қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасайды.

 Тілеуберді Сахаба