«Ақтау кубогі» халықаралық турнирі мәресіне жетті
Ақтау қаласындағы «Каспий» спорт кешенінде өткен Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Жарыс 2001-2003 жылы және 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында өтті.
Боз кілемге 42 келі салмақта шыққан қарақиялық Диас Бейбітұлы, +46 келі салмақта Маңғыстау ауданының балуаны Бейбіт Мұрат, 32 келі салмақта «Қарагөз» спорт мектебінің спортшысы Диас Жолдыбаев алтынды иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, маңғыстаулық 5 балуан күміс және 13 балуан қола медальдарды иеленді. Халықаралық турнирдің қорытындысында облыс қоржыны 12 алтын, 15 күміс және 19 қола медальдармен толықты.
-Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» сарапқа салынып жатқан турниріміздің алғашқы күні 2001-2003 жылы туған жасөспірім ұлдарымыз боз кілемге шығып белдесті. Жақсы нәтижие көрсетіп, бапкерлердің үмітін ақтады. Жалпы жарысқа Әзірбайжан, Грузия, Түркия мемлекеттері мен Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан спортшылар келіп қатысты,-дейді ҚР еңбек сіңірген бапкері Берік Жұмағалиев.
Ендігі жарыс маңғыстаулық дзюдошылар арасында ұйымдастырылмақ, дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
— «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы дзюдодан халықаралық турнир биыл сегізінші рет ұйымдастырылады. Соңғы жылдары турниріміз қанатын кеңге жайып, географиялық тұрғыдан өсті. Биыл бетпе-бет кездесуде облыстан 5 салмақ бойынша балуандарымыз шығады. Оған Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының арнайы жасақталған құрамасы да қатысатын болады. «Жастар» спорт мектебінің командасында 55 келі салмақта Нұрболат Сеңғалиұлы, 60 келі салмақта Бауыржан Сағынғалиұлы, 66 келі салмақта Сұңғат Жұбатқан, 73 келі салмақта Руслан Мұсаев және аса ауыр салмақта Ақылбек Айжарықов күресетін болады. Маңғыстау облысының командасы сапында 55 келі салмақта Бауыржан Нарбаев, 60 келі салмақта Рамазан Мамаев, 66 келі салмақта Бағдат Ерғазы, 73 келі салмақта Қанағат Қойжан, аса ауыр салмақта Расул Әбдіхалық күреседі. Жарысқа балуандарды белгілі бапкер Сергей Волобуев дайындауда. Облыстың құрама командасының 95 пайызын осы «Жастар» спорт мектебінің балуандары құрап отырғанын айта кеткім келеді,-дейді ол.
Айман Оңғарбайқызы
Маңғыстау облысы