Түркістан облысында мемлекеттік қызметшілер төл мерекесін атап өтті
Түркістан облысының және Шымкент қаласының мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтті. Биыл бұл мереке Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр.
«Қазақстан Халқы Ассамблеясы» ғимаратында 900-ге жуық мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өткен салтанатты шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өңірдегі Департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев және халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Мерекелік шарада алғашқы болып сөз алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің өсіп, өркендеу жолында толағай табыстар тіледі.
«Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті — туған Отаны мен халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Елбасымыз ұсынған Бес институционалдық реформада ең бірінші тұрған бағыт мемлекеттік қызметті жаңа деңгейге көтеру, яғни кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі қарастырылған. Биыл мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылуына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мемлекеттік қызмет жүйесі уақыт ағымының талаптарына сай қалыптасып үлгерді. Жалпы ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші – биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Облысымыздың қарқынды дамуы Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге, тәжірибелеріңізге, ұмтылыстар мен ерік-жiгерлеріңізге тікелей байланысты. Ұлттық ұстаныммен мемлекеттік мүддеге қызмет ете берейік», — деді облыс басшысы.
Салтанатты шара аясында мемлекеттік қызмет саласында көп жылдар бойы үлгілі қызмет атқарған мемлекеттік қызметшілерге Облыс әкімінің грамоталары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өңірдегі Департаменті басшысының арнайы алғыс хаттары табысталды.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 575 мемлекеттік органда 8700-ден аса мемлекеттік қызметші бар. Олардың орташа еңбек өтілі 10 жылдан асады. Бұл Елбасы жоспарында айтылған реформаларды жүзеге асыратын кәсіпқойлардың өзегі мол екенін көрсетеді.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, кәсіби мереке иелеріне құрмет көрсетілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі