Ауылымды сағындым..!

Кейде қаланың күйбең тірлігінен мезі болып, көңіліміз құлазыған кезде ауылды, сол жақта қалған ағайынды аңсайтынымыз бар. Тіпті бір сәт қиялға ерік беріп, ел жаққа тартып отырғымыз келетіні де жасырын емес. Меніңше, мұндай көңіл-күй, мұндай сағыныш қазақ үшін заңды құбылыс. Өйткені біз дүниенің қай бұрышында жүрсек те туған топыраққа, ауылға кіндігінен байланған халықпыз. Еркіндік пен кеңдікті, адалдық пен шынайылықты үнемі іздеп, аңсап тұратынымыз да сондықтан.

Өз басым әлемнің қай қиырында жүрсем де сонау Хан Тәңірінің етегінде өткен балғын балалық шақтарымды бір сәтке де есімнен шығарған емеспін. Өйткені біз қаншалықты биіктеп, қияларға құлаш сермеген сайын, алыста қалған ауылдың түтіні мен шаңына дейін соншалықты қымбаттай түседі екен. Сондықтан қаймана қазақтың алтын бесігі болған ауылды гүлдендіру әрдайым сіз бен біздің басты міндетіміз болуы тиіс. Өйткені ауыл – әрқайсымыздың мөлдір бастауымыз.

Бұл бағытта «Нұр Отан» партиясы ауқымды жұмыстар атқаруда. Біз Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен партия қызметін жаңғырту аясында қолға алған 20-дан астам жобаның ауылдық жерлерде де жүзеге асырылуына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Соның нәтижесінде бірқатар ауыл-аймақтағы кітапханалардың жұмысы жанданып, заман талаптарына сай қайта түлеуде. Бұған мысал ретінде елімізде алғашқылардың бірі болып жаңғырған Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылындағы кітапхананы айтуға болады.

Сонымен қатар тегін ІТ-сыныптар ашу, мектеп асханалары мен спорт алаңдарының жұмысын жаңғырту, ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйрену үшін қолайлы орта қалыптастыру сияқты нақты жобаларымыз да бар. Бұл бастамалар да алдымен ауыл халқының жарқын болашағына бағытталған. Осылайша «Нұр Отан» ауыл жастарының заманға сай білім алып, дені сау ұрпақ болып қалыптасуына аса мән беріп отыр. Ағылшын тілін үйрету үшін ауыл-аймаққа отандық және шетелдік еріктілерді жіберу ісі де көшке ілесіп қана қоймай, көптің алды болуға деген ұмтылыстың белгісі.

Мінеки, осындай игі бастамалар арқылы біз талай таланттың тұсауын кесіп, томағасын сыпырған ауылдарымыздың дамуына тың серпін беруді көздеп отырмыз. Себебі, ауылдың гүлденуі тұтас елдің өсіп-өркендеуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан аталған игілікті іске бәріміз үлес қосып, ең алдымен ауылдарымыздың көркеюіне септігімізді тигізсек, жағдайдың қазіргіден де жақсара түсері сөзсіз. Осы жолда барша отансүйгіш азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Өйткені біз жұдырықтай жұмылып әрекет етсек, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізетінімізге ешқандай күмән жоқ.

М.Әшімбаевтің ФБ парақшасынан