Мұнайлы ауданындағы оң өзгерістер…
Мұнайлы ауданы жайлы қысқаша ақпарат:
Мұнайлы ауданы 2007 жылы Елбасы жарлығымен құрылған. Аудан құрылған жылдары халық саны 43 мың болса, бүгінгі күні 155,2 мың адамды құрап отыр. Аудан құрамында 7 ауылдық округ бар. Барлық ауылдар газ құбыры, электр желісімен қамтылған. 7 ауылдың 5 ауылына ауыз су тартылған. Жыл аяғына дейін Басқұдық, Маңғыстау 4, Қызылтөбе ауылына су құбыры тартылады.
Тілші: Нұрлан Төлегенұлы, былтыр ауданның 10 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттіңіздер. Құтты болсын. 10 жыл ішінде аудан өсті, өркендеді, дамыды. Кей сала бойынша облыстың өзге аудандарымен салыстырғанда көш ілгері тұрсыздар. Биылғы жылдың басынан бері қандай өзгеріс бар? Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жайлы айтып өтсеңіз?
Нұрлан Тәжібаев: Жалпы, 10 жылдағы есеп бойынша халықтың саны 2,8 есеге өскен. 2018 жылдың 1 маусымындағы санақ бойынша халық саны 155,2 мың адамды құрап отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9100 адамға көбейген. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 19 494,4 млн теңгені құрап отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4345,3 млн теңгеге көбейген. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1 994,4 млн теңгені құрап отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 261,9 млн теңгеге көбейген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9 820,7 млн теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1936 млн теңгеге көбейген. Жергілікті бюджетке түскен салықтық және салықтық емес түсімдер 3234 млн теңгені құрады.
Тілші: Ауданның жол мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
Нұрлан Тәжібаев: Жалпы, ауданда 636 шақырым жол бар. Соның 91 шақырымы ғана асфальтталған. Негізі тас жол төсеу қарқынды жүргізіліп жатыр. Айтып кететін болсақ, «Маңғыстау 3», «Маңғыстау 4» ауылдарында 15 шақырым, «Қызылтөбе 2» ауылында 15 шақырым асфальт төселіп жатыр. Ал, Баянды ауылына 15 шақырым жол жүргізіліп жатыр. Жоспарда бойынша «Маңғыстау 5» ауылының 15 шақырымына тас жол төсеу көзделіп отыр. Ол жер қойнауын пайдаланушы есебінен жүргізіледі. Жалпы, 60 километр жол салынып жатыр. Енді одан басқа аудан мен қалааралық жолдарды кеңейту, қайта құрылымдау мәселелеріне назар аударып отырмыз. Ақтау қаласына жақын ауылдарымыздың бірі Атамекен мен Басқұдық арасындағы жолдарды кеңейту қазір қолға алынып жатыр. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Осы жылдың күз айларына дейін шығарамыз деп отырмыз. Яғни, осы қыркүйек айының басында қолымызға сол жобалық-сметалық құжаттаманы аламыз. Осы жобалардың негізінде ауыл мен қаларалық байланысты нығайтып, көлік қозғалысын реттейтін боламыз. Бұл үлкен негізгі маңызды жұмыстардың бірі болып есептеледі. Бұдан басқа жаңағы әр ауылдарда тағы да 15 шақырым жолдардың жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға облыстық бюджетке өтінімдерді жолдап отырмыз. Батыр ауылында да 159 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттарын жасақтап жатырмыз. Жол бойынша осындай қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Тілші: Ауданның білім саласында қандай өзгерістер бар? Білім сапасы бойынша көрсеткіш қандай?
Нұрлан Тәжібаев: 2007 жылы тек 100 орындық 1 балабақша болса қазір олардың саны 45-ке жетті. Бұл бөбекжайларда 5000 астам балалар тәрбиеленуде. Аудан құрылған жылы 4 мектеп болса, қазір олардың саны 12-ге жетті. Осы жылдың қыркүйек айында 600 орындық 2 мектепті іске қосқалы жатырмыз. Бұл үш ауысымдық оқу жүйесін жоюға жасалған қадам. Оның біреуі «Қызылтөбе» ауылынан салынса, екіншісі «Басқұдық» ауылынан бой көтеріп жатыр. Осы 2 мектепті қыркүйек айында іске қосамыз. Осылайша, сыйымдылық мәселесін реттейтін боламыз. Жалпы, Мұнайлы ауданында жылына 4000-4500 сәби дүниеге келеді. Осы есеппен балабақшалардың үлесін арттыру жоспарға қойылған еді. Бүгінгі таңда тағы да 4 мектептің жобасы жасақталып жатыр. 900 орындық, 1200 орындық мектептерді жоспарлап жатырмыз. Ауданда 28 мыңға жуық оқушы бар. Білім сапасы ойдағыдай. Соңғы 5 жылдықта алдыңғы қатардан көрініп келеміз. Білім сапасын көрсететін ҰБТ десек Мұнайлы ауданының көрсеткіштері жоғары. Былтыр ҰБТ нәтижесі бойынша Мұнайлы ауданы 80 %-бен облыс бойынша екінші орынға шықты.
Тілші: Тұрғындар өтініші тыңдалады ма?
Нұрлан Тәжібаев: Жылда аудан әкімінің есептік кездесуінде тұрғындар өтініші тыңдалып, соған байланысты шаралар жасақталады. Бұлардың барлығы тұрғындардың көкейтесті сұрақтарынан іріктеп алынады. 2016 жылы 17-ге жуық өтініш келіп түсті. Оның барлығы орындалды. 2017 жылдың еншісіне 24 іс-шара жасақталған болатын. Бүгінгі таңда барлығы қолға алынды. Айтып кететін болсақ, 24 сұрақтың 7-і толық орындалған, 9 сұрақ құрылысқа байланысты еді. Ол да жүргізілуде. 8 сұрақ бойынша жобалар жасақталған. Қысқаша айтып кететін болсам, ол сұрақтардың дені ауыл мен ауылды байланыстыратын жолдар мәселесіне, бюджет саласындағы қызметкерлерге арналған. Мәдениет үйлерінің желісін көбейтуге бағытталған сұрақ бойынша мәселе шешіліп жатыр. Мәселен, «Басқұдық» ауылынан ауыл клубы мен «Маңғыстау» ауылынан 500 орындық орталық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Орталық мәдениет үйіміз 2019 жылдың сәуір айында аяқталады. Тек қана бюджетке қарап отырмай жеке кәсіпкерлерді де жұмылдырып спорт нысандарын салдырып жатырмыз. Мәселен, Атамекен ауылында жекеменшік «Иса» спорт кешені ашылды. Басқұдық ауылында «Батыр» спорт залы ашылды. Маңғыстау ауылында 5 спорт түрімен жаттығуға арналған үлкен жекеменшік ғимарат пайдалануға берілгелі жатыр. Бұл да жекеменшік кәсіпкердің қаражат есебінен салынып жатыр. Маңғыстау 5 ауылынан жер қойнауын пайдаланушылар есебінен дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Мұның құрылысы биыл басталды. Келер жылы тапсырылады.
Тілші: Бұрын тұрғындар тарапынан кей көпқабатты үйлерді жылыту мәселесіне қатысты арыз-шағымдар түсетін. Жалпы, бұл сұрақтың шешілгенін де білеміз. Бұл мәселе қалай реттелді?
Нұрлан Тәжібаев: Иә, ауданның «Маңғыстау» ауылында көп пәтерлі тұрғын үйлер бар. 1960 жылдардан бері қарай, жалпы теміржол саласы дамығалы осы жерде теміржол саласы қызметкерлерінің еншісінде 52 көп пәтерлі үйлер бар еді. Қазір олардың саны 64-ке жетті. Бізде қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жылу мәселелерін шешу бағытында біраз жұмыстандық. Бұл тұрғындардың тарапынан қойылған сауалдардың бірі еді. Ақтау қаласында «Маэк казатомпромнан» 30 жылдың төңірегінде жылу алып отырдық. Бері келетін, ары кететін құбырды есептегенде барлығы 26 шақырым трубаның бойында жылудың қысымын сақтау өте қиынға соқты. Себебі, жолда жылу жоғалады. Оның шығыны халықтың мойнына ілінеді. Екіншіден оның теплоизоляциясына өте көп қаражат керек. Соның барлығын түбегейлі шешу мақсатында ауданда жылу қазандықтарын орнату мәселесі қаралған болатын. Соған жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. 2016 жылы қаражат бөлініп, 2017 жылы толықтай 10 дербес жылу қазандығы орнатылды. 2017 жылы тәжірбие жүргізіп қостық. Сол жылу қазандығымен өткен жылы біз жылуды бердік. Яғни, дербес жылу қазандығы арқылы жылытуды бастадық. Барлығы автоматтандырылған. «Маэк казатомпромның» да жүктемесін азайттық. Бір жағынан шығындардан басымызды алып шыққан болсақ, екіншіден жұмыс орындары құрылды. Үшіншіден, жылудың сапасы жақсарды. Төртіншіден бюджетті үнемдедік.
Тілші: Облыс тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы қандай?
Нұрлан Тәжібаев: 2017 жылы облыс әкімі Мұнайлы ауданына орындауға тиісті 160 хаттаманы берген болатын. Оның 114 іске асырылды. Қалған жобалар биыл жыл аяғына дейін орындалады. Оның 22-сі жүзеге асып жатыр, 24-і тұрақты бақылауға алынды.
Тілші: Бәрімізге белгілі қазір баспана мәселесі өте өзекті сұрақтың бірі. Аудан тұрғындарын үймен қамту бойынша қандай шаралар жүргізіліп жатыр?
Нұрлан Тәжібаев: Жалпы, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін 139 мың 800 шаршы метр тұрғын үй берілді. Соның ішінде жеке секторы да бар. Жалпы, бюджеттен салынып жатқан тұрғын үйлердің есебі де бар. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке сәйкес 117 %-ға жетіп, 20 мың 400 шаршы метрге көбейген. Яғни, тұрғын үйдің жалпы көлемі. Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Маңғыстау ауылының 22 кварталында 12 несиелік тұрғын үй салынды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» талабына сәйкес келетін азаматтар үйді сатып алып жатыр. 170 адам пәтеріне кірді. 2017 жылдың екінші жарты жылдығында 4 қабатты 8 тұрғын үй салдық. Биыл пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл жалдамалы үйге жатады. Жыл аяғына дейін мұнайлылықтарға 462 пәтер беріледі. Бюджет саласының қызметкерлеріне 100 орындық жатақхана тапсырылады. Денсаулық, білім, ішкі істер органдары, мемлекеттік қызметкерлерге кезек бойынша беріледі.
Тілші: Ауданның ауылшаруашылығы саласына тоқталсаңыз?
Нұрлан Тәжібаев: Бүгінгі таңда ауданда 176 шаруа қожалығы тіркелген. Оның 139 мал шаруашылығы, 37-сі егін шаруашылығы. 8 фермерлік жылыжай бар. 2 өндірістік жылыжай бар. Жылыжай өнімдері аудандағы жәрмеңкелерге тапсырылады. 2017 жылы 395 га ауыл шаруашылық дақылдары отырғызылған болатын. Егін шаруашылығын, барлығын есептегенде 3700 тонна өнім алынды. 2017 жылы ауылшарушалық саласына 42 млн теңге көлемінде субсидия берілді. Жалпы, 1 млрд 648 млн теңгеге ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі орындалды. Қойылған межеден артық орындалды. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі 117,3% құрады. Ауданда 2 кооператив бар.
Тілші: Елбасы кәсіпкерлік саласына ден қойып, барынша жағдай жасауды тапсырған болатын. Ауданда бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынған?
Нұрлан Тәжібаев: Жалпы, ауданда 5397 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 17 мыңнан астам азамат кәсіпкерлікпен шұғылданады. Мақтанышпен айтатын «Тұман шах» құс фермасы бар. Онда 25 мың тауық бар. Тәулігіне 21 мың жұмыртқа шығарады. «Экзотика» атты құс фермамыз бар. Онда экзотикалық құстар өсіріледі. Шаруа қожалығында оған қоса 3 жылыжай бар. 2017 жылы аудан әкімдігімен 15 инвестициялық жобалар іске асқан. 219 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2018 жылы 9 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асатын болады. 700-ге жуық жұмыс орны құрылады. Жобалардың ішінде ерекшесін айтар болсам, бұл күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін станциясы дер едім. Бүгінгі таңда іске қосылды. Бұдан басқа тамыз айында 300 орындық тігін фабрикасын іске қосамыз. Қымыз және саумал өндірістерін дамытып жатырмыз. Батыр ауылында құс фабрикасының құрылысы басталды. Жылына 143 млн жұмыртқа беретін шаруашылық пайда болады. Жалпы, қаражаты 250 млн теңге. Кәсіпкерлік саласын дамытуда «Нұр капитал» жобасы қолға алынды. Бұл бағдарлама облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жасақталған болатын. Бағдарламаға қатысатын кәсіпкерге бар жағдай жасалған. 1 пайыздық несие беріледі. Аудан бойынша бұл жобаға 50-ге жуық ұсыныс түсті. Оның 24-і қолдау тапты. Атап айтатын болсам, дені ауылшаруашылық саласына бағытталған. Кей жобалардың іргетасы қаланғып та қойған. Яғни, қазіргі күні жұмыс жасап жатыр. Тек кеңейтуге қаржылай көмектестік. «Нұр капитал» бағдарламасы бойынша қолдау тапқан 24 жобаға тоқталып өтейін.
1-жоба. Жабық базары бар көкөніс, жеміс жидек сақтайтын қойма. Жоба ерекшелігі: Бүгінде Маңғыстау облысында азық-түлік, жеміс жидек өнімдерінің басым көпшілігі облысымыздан тыс жерлерінен келеді. Осылайша, одан әрі көкөніс өнімдерін сатып өткізуді іске асыратын көкөніс қоймасының құрылысын салу өте өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Осы мақсатта Маңғыстау ауылында 0,98 гектар жер телімі қарастырылған. Бұл жоба іске асырылса Мұнайлы ауданында тұңғыш көкөніс өнімдерін сақтайтын жоба іске асырылады. Көкөніс қоймасының қуаты: 1000 тонна. 2018 жылы нысанның құрылысын басталып, келер жылы аяқталады деп күтілуде. Құрылыс кезеңінде 20 адам, ал нысан ашылғаннан кейін 14 аудан тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады.
2-жоба Құрттарды өсіру және құнарлы топырақ өндіру (биогумус) фермасы. Бастамашысы жеке кәсіпкер Даметкен Айтджанова. Қазіргі таңда өзінің тұратын жеке үйінде құрттарды өсіріп бастады. Оның ішінде калифорниялық шұбалшаң, шылаушын (старатель), дендробена бар. Аталған жоба іске қосылатын болса, құртты балық аулайтындар мен құс шаруашылығына, құрт шаруашылығымен шұғылданатындарға сатуға және құнарлы топырақты өндіруге болады. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерге Батыр ауылдық округінен өзіндік шаруа қожалығымен шұғылдану мақсатында жер учаскесі рәсімделуде. Содан кейін сол жерден осы құрт шаруашылығын дамытады. Ауданның 5 тұрғынын жұмыспен қамтиды. Жылына 100 тонна құнарлы (қара) топырақты өндіру жоспарлауда.
3-жоба Химиялық тазалау және кір жуу кешені.
Жоба ерекшелігі: Кәсіби тұрғыда халыққа, мекемелерге соның ішіндегі балабақша, әр-түрлі ауданда орналасқан кәсіпорындарына арнайы кір жуғыш машиналармен қызмет көрсету. Қазіргі таңда Маңғыстау ауылында теміржол депосының жанында (№2 өндірістік аймақ, 40 учаске) орналасқан ғимаратта «Қазақстан темір жолы» жолаушылар пойызының төсек жабдықтарын жуу қызметін көрсетіп келеді. Кәсіпкер болашақта аталған кір жуу кешенін кеңейтіп, қызмет түрлерін арттыру мақсатында «Нұр капитал» бағдарламасына құжаттарын тапсырды. Аталған нысан жанынан қосымша 280 шаршы метр ғимараттың құрылысына және тиісті жабдықтар, машиналар сатып алу үшін 13 млн теңге сұраныс білдіріп отыр. Машиналар химиялық ерітіндімен (перхлорэтилен) ТМД елдерінде стандарттарлаған және рұқсат етілген химиялық қауіпсіз қоспа арқылы өте нәзік киім материалдарын бүлдірмей тазалайды. Ауданымызда бұрын болмаған жоба.
4-жоба. Көп салалы жекеменшік спорт кешені.
Жоба мақсаты: Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындардың санын арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын жүргізу және спорт саласында қызметтер көрсету болып табылады.
Спорт залда шағын футбол, волейбол, баскетбол тағы сол сияқты командалық спорт түрлерімен щұғылдануға мүмкіндік болады.
Жобаның жалпы құны: 120 млн тг. 15 адам жұмыспен қамту көзделген.
5-жоба. Қызылтөбе ауылдық округінде 60 орындық жеке меншік балабақша. Балабақша Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе-2 тұрғын үй массивінде орналасқан. Сыйымдылығы: 60 бала. Балабақша ғимаратының жалпы ауданы: 300 шаршы метр. Аталған жобаның құны: 30 млн. теңге. Балабақша Мұнайлы ауданының 20 тұрғынын жұмыспен қамтып, балаларды балабақшаға қабылдайды.
6-жоба. Асыл тұқымды ешкі төлін көбейту жобасы. Жоба бастамашысы Құмар Нұрпейсова («Каспий» шаруа қожалығы). «Каспий» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы 2016 жылы банктен 20 млн.тг. несие алып өз жұмысын бастады. Жер учаскесінің ауданы: 5 гектар. Қазіргі таңда ешкілердің саны: 200-ден (лақтарды қоса) астам. Ешкіден күніне 60-80 литрге дейін сүт сауылады. Сүттен ірімшік, құрт өнімдері жасалады. Қазіргі таңда, ешкі сүті Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының тұрғындарына сатылып отыр. Бүгінгі мәселе кәсіпкерге 20 млн. тг жеңілдетілген несие қажет. Аталған қаржы асыл тұқымды ешкі санын көбейтіп, ешкі сауатын аппарат сатып алуға, жем, шөп және қолданыстағы қораны кеңейту жұмыстарына жұмсалады. Жоба іске қосылғаннан кейін күніне 200 литр сүт өндіріледі.
7-жоба. Асыл тұқымды сиырды өсіру арқылы сүт өнімдерін өндіру. Қазіргі таңда қожалықта 10 сиыр (бұзауымен), 18 ешкі бар. Күніне 15 литр сүт сауылады. 2 адам жұмыс жасайды. Сүттен айран, ірімшік, құрт өнімдері сатылуда. Бұл сүт өнімдерін Мұнайлы ауданында 10 шақты дүкен және тұрғындар сатып алуда. Жалпы табиғи сиыр сүтіне, айранға, ірімшікке сұраныс көп.Жоба бойынша 5 адам жұмыспен қамтылатын болады.
8-жоба. Гинекологиялық кабинет ашу.
Мұнайлы ауданының әйел азаматшалары қаладан медициналық көмек алуына уақыттары мен қаражаттары жетпеуі мүмкін. Жоба бойынша фертильдік жастағы әйелдерге қатерлі ісік ауруларының алдын-алу, бедеуліктің себебін анықтау және емдеу, сонымен қатар жүкті әйелдерді бақылау және қажет болған жағдайда емдеу істері жүргізіледі. Ақтау қаласындағы гинекологиялық кабинеттермен салыстырғанда көрсетілетін көмек қол жетімді.
9-жоба. «Мұхамбет» жекеменшік медицина орталығының негізгі құралдарын жаңғырту. Мұнайлы ауданының 10 жылдығына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, аудан көлемінде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілген болатын. Соның бірі Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында 2017 жылдың қазан айында ашылған «Мұхамбет» медициналық орталығы. Жоба құны 130 млн. теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, әртүрлі медициналық қызметтер көрсетуде. Медициналық орталық 47 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда, 14 білікті дәрігер және 23 орта медициналық қызметкерлер, 9 әкімшілік қызметкер тәулігіне 120 ауыл тұрғынына дейін қызмет көрсетуде. «Нұр Капитал» аймақтық жобасына құжат тапсыру себебі аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету және медициналық орталықты заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету болып табылады. Жоба жүзеге асатын болса, қосымша 10 адам жұмыспен қамтылады.
10-жоба. Мал сою цехын және ет, көкөніс консервілеу цехын ашу. Бұл жоба арқылы модульдық мал сою цехы және консервілеу цехын ашып, ет пен көкөністен консерві өнімдері өндіріледі. Кәсіпкерге модульдік мал сою алаңын ашу және консерві өнімдерін өндіру мақсатында Батыр ауылдық округінде 6 га. жер учаскесі рәсімделген болатын. Жер учаскеге электр энергия, су және газ жүйелері тартылған. Қазіргі таңда жер учаскеде ірі қара және ұсақ малдарды бордақылайтын ғимараттың құрылысы басталып, мал базардың құрылысы аяқталуда. Аталған 6 га. жер толық тастан қаланған, қоршалған. Жоба бойынша І кезеңде модульдік мал сою алаңы іске қосылады. ІІ кезеңде еттен және көкөністен консервілеу цехы ашылады. Болашақта 2,5 га. жер теліміне заманауи жылыжайдың құрылысы салынады. Сонымен қатар, мал терісі мен жүнін өңдейтін цех салынады. Егер жеке кәсіпкерге «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасымен 30 млн тг. жеңілдетілген несие берілсе қалған сомасы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылады деп жоспарлануда. Жоба іске қосылғаннан кейін мал сою алаңында ауысымына 10 ірі, 200 ұсақ мал сойылады, ал консерві цехында күніне 2000 құты консерві өндіріледі. 22 адам жұмыспен қамтылатын болады.
11-жоба. 180 орындық балабақша.
Балабақша Мұнайлы ауданы, Маңғыстау-3 тұрғын үй массивінде орналасқан. Сыйымдылығы: 180 бала. Балабақша ғимаратының аумағының жалпы көлемі: 880,8 шаршы метр. Аталған жобаның құны: 48 млн. теңге. Балабақша Мұнайлы ауданының 32 тұрғынын жұмыспен қамтып, балаларды балабақшаға қабылдайды.
12-жоба. Пленка мен полимер қалдықтарын өңдеу цехы. Қалдықтарды қайта өңдеу облыстың өзектi проблемасының бiрi болып отыр. Әлемдегi жетекшi елдердiң тәжiрибесi көрсеткендей, бұл мәселены оңтайлы шешуге толық мүмкiндiк бар. Бұл жоба бойынша Маңғыстау облысындағы полимер қалдықтарын жинақталып, арнайы аппарат арқылы қайта өңделеді. Содан кейін пластикалық бұйымдар дайындайтын гранула өндіріледі. Цехті ашу үшін Мұнайлы ауданы, Aтамекен ауылдық округінде ғимаратты жалға алады. Ғимарат иесімен келісімі бар. Цех ғимаратының жалпы ауданы — 200 шаршы метр.
13-жоба. Ортопедиялық матрацтарды өндіретін цех.
Жоба аясында тәулігіне 20-25 дана матрац шығады. Цех матрацтарға 5 жылдық кепілдік береді және жеткізу қызметі қарастырылған. Бүгінгі күнде Ақтау қаласының 80% ірі жиһаз салондарын, өндірістік мекемелерді және де бірқатар сауда орындарын матрацпен қамтамасыз етіп отыр. Бизнесті кеңейту үшін ескірген машиналардың орнына жаңа тігін машиналары қажет етіледі. «HABA» — бұл бірегей кешенді, заманауи құрылғылар мен экологиялық таза шикізат және білікті мамандар бірлескен жоғары технологиялық өндіруші. Заманауи өндіруші құралдары әртүрлі пішіндегі модельдерді қосқанда жоғары деңгейдегі жайлы матрацтардың 20-дан астам түрін дайындауға мүмкіндік береді.
14-жоба. Ағаштан ұлттық қолөнер бұйымдарын өндіру шеберханасы. Бұл жоба ағаштан қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын өндіруді көздейді. «Маңғаз өлке» ЖШС ағаштан жасалатын қолөнер бұйымдарын өндіруді 2018 жылдан бастап қолға алуды жоспарлап отыр. Мекен-жайы: Атамекен ауылдық округі, №2 өндірістік аймақ. Осы жердегі өндірістік базаның ішіндегі ғимарат жалға алынады. Жалға алу келісім шарты жасақталды. Жалға алынатын ғимараттың ауданы: 125 шаршы метр. Шеберханада келесі бұйымдар өндіріледі: бесік, сандық, астау, домбыра, ыдыс-аяқтар және т.с.с. ұлттық қолөнер бұйымдары. Шығарылатын өнім алдымен Маңғыстау облысы аумағына, әрі қарай көрші облыстарға сатылымға шығарылып, қосымша тапсырыс арқылы жасалатын болады.
15-жоба. «Экзотикалық құс әлемі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің туристтік аймағын кеңейту жобасы.
Құс фермасы Батыр ауылдық округінде орналасқан. Ферманын негізгі мақсаты Маңғыстау облысында туризмді дамыту және таза қоспасыз ет пен жұмыртқа өндіру. Кәсіпкерге 2 жыл бұрын жер берілді. Қазіргі уақытта құс фермасына айына 900-1000 адамдар көруге келеді. Қонақтар келіп түйе құстарды, 10 түрлі қырғауыл, қояндар, қаз, ұйрек, күрке тауықтарды тағы басқа жануарларды, балапан-көжіктерін көріп жемдей алады. Жуырда 1 айдың ішінде ферманың асханасы мен этно-ауылы ашылады.
16-жоба Күркетауықты өсіру арқылы ет өнімдерін өндіру.
Жоба құны 8 млн теңге. Оған: құс фермасын салу, қажетті құрал жабдықтар және алғашқы өсімге балапандар, инкубаторға салуға жұмыртқалар, жем-шөп алуға қаражат қажет. Кәсіпкердің құс фермасын салу үшін Баянды ауылында 0,5 га жер телімі бар. Жер телімі маңынан электрлік энергиясы мен газ желісі жүргізілген. Жалпы бизнес жоспар бойынша құс фермасын салу үшін 40 тонналық 4 контейнер, шатыр жасауға керекті профнастиль, темір конструкциялар, жылытқыш, ауа тазартқыш, электр жүйелерінің жабдықтарын сатып алу қажет.
17-жоба Асыл тұқымды голландиялық ешкі шаруашылығын дамыту. Жеке кәсіпкер Сыдықов Бағдәулет асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дамыту үшін 2014 жылы ешкілерді өз қаражатына сатып алып, жұмысын бастады. Кәсіпкер 17 дана асыл тұқымды ешкі сатып алған. Бүгінгі мәселе кәсіпкерге 2 млн. тг жеңілдетілген несие қажет. Жоба іске қосылғаннан кейін күніне 20 литр сүт өндіріледі. Жобаның жалпы құны: 2,5 млн тг. Жеңілдетілгеннесиеге ұсынысы 2 млн тг. 2 адам жұмыспен қамтылатын болады.
18-жоба Түйе шаруашылығын кеңейтудің жобасы
«Сержан» шаруа қожалығы түйе шаруашылығын дамыту мақсатында, Баянды ауылының Жеті көл жері аумағында 500 гектар жер учаскесін қарастырған. Аталған жер учаскеде малға арналған қора, су жинайтын бассейн, жем сақтайтын қора және қызметкерлерге арналған үй бар, толық дайын. Электр энергиясын генератор арқылы пайдаланып отыр. Жазғы және қысқы қора, жем/шөп сақтайтын қойма дайын. Қазіргі таңда қожалықта 15 түйе, 19 жылқы, 150-ге жуық ешкі мен қой бар.
19-жоба. Ауыл шаруашылық фермасын кеңейту жобасы.
«Түркменбай» шаруа қожалығы мал шаруашылығын дамыту мақсатында ашылған. Қазіргі таңда қожалықта 70 кой, 90 ешкі, 3 түйе, 12 жылқы, 3 сиыр (бұзауымен) бар. Күніне 47 литр сүт сауылады. Сүттен айран, ірімшік жасап Кызылтөбе, Маңғыстау ауылындағы дүкендерде сатылады. Шаруашылықта электр энергиясы және ауыз су желілері қосылған. Қазіргі мәселе – кәсіпкерге 20 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие қажет, несие мал басын көбейтуге (5 жылқы, 5 түйе, 5 сиыр) және сүт сату кезіндегі тиісті жабдықтар сатып алуға жұмсалады.
20-жоба. «Мейір Жан» тігін шеберханасы.
Жалпы жер учаскесінің ауданы: 1000 шаршы метр. Жер учаскеде тігін шеберханамен қоса шаштараз және азық-түлік дүкені құрылысын салу қарастырылған. Қазіргі таңда ғимараттың құрылысы аяқталуда. Жалпы ауданы – 108 шаршы метр. Қазіргі таңда өзінің үйінде киім кешектерді тігу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жеке кәсіпкердің 9 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Бизнесті кеңейту үшін ескірген машиналардың орнына жаңа тігін машиналары қажет.
21-жоба. «Нұрзия» тігін шеберханасы.
Аталған жоба үшін Маңғыстау ауылы, Маңғыстау-5 тұрғын массивінде жер телімі берілген. Жер учаскесінің ауданы: 600 ш.м., ғимараттың жалпы ауданы – 70 ш.м шеберхана кұрылысы аяқталмаған. Қазіргі таңда Маңғыстау ауылындағы «Рахат» сауда орталығында дүңгіршек жалдап, жұмысын жүргізіп отыр. Жеке кәсіпкердің 15 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Күніне 3-5 дана ұлттық киімдер, сондай-ақ киімді қалпына келтіруге және жөндеуге қосымша жұмыстары жүргізілуде. Бизнесті кеңейту үшін ескірген машиналардың орнына жаңа тігін машиналары қажет.
22-жоба. Наубайхана ашу.
Кәсіпкер өзінің қаражатына Қызылтөбе ауылдық округі, Қызылтөбе-2 тұрғын массивінде екі қабатты ғимарат салды. Жалпы ауданы 560 ш.м., бірінші қабатта наубайхана жалпы ауданы 120 шаршы метр, нан дүкені 30 шаршы метр, шаш салоны 30 шаршы метр, тігін шеберханасы 30 шаршы метр, екінші қабатта банкет залы бар. Жоба іске қосылғаннан кейін күніне 1500 кондитерлік өнімдер өндіріледі. Жобаның жалпы құны: 130 млн тг. 23 адам жұмыспен қамтылады.
23-жоба шағын наубайхана ашу және кондитерлік өнімдер өндіру. Жеке кәсіпкер нан, түрлі тәттілерді, торттар, ашытқы және түрлі печеньелерді аудандағы мектептер мен балабақшаларда, дүкендерде сатуды мақсат етіп отыр. Қазіргі таңда кәсіпкерге наубайхана жұмысын бастау үшін жеңілдетілген несие қажет. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтар, құрал-саймандарды сатып алу мен ғимарат құрылысын салу көзделген. Жобаның жалпы құны: 15,5 млн тг. 4 адам жұмыспен қамтылатын болады.
24-жоба. «Желкен» баспаханасын кеңейту.
«Желкен» баспаханасы 2017 жылдың сәуір айында іске қосылды. Баспахана ашылғанда 1 адам жұмыс жасаған болатын. Кәсіпкер қазіргі таңда 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Орталықта күніне шамамен 50 адамға кызмет көрсетіледі. Алдағы уақытта өзінің жеке қаражатына яғни 8 млн тг., арнайы жер телімін сатып алады. «Нұр Капитал» бағдарламасына қатысып жеңілдетілген несие берілсе, сатып алынған жер теліміне баспахана ғимаратының құрылысы және қажетті «WATTSAN» лазерлік станок сатып алу жоспарлануда. Жоба жүзеге асатын болса, қосымша 4 адамды жұмысқа қабылдайды.
Тілші: Ауданда жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
Нұрлан Тәжібаев: Жыл басынан бері 2000-нан астам жұмыс орындары ашылды. 700 адам тұрақты жұмысқа орналасты. «Өрлеу» жобасы бойынша 759 адам өтініш білдірген. Оның ішінде 143 адам тұрақты жұмысқа, 9 адам әлеуметтік жұмысқа, 11 адам қоғамдық жұмысқа жолданды. Шартты ақшалай көмек алған отбасылар да бар.
Тілші: «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу барысы жайлы айтсаңыз. Жастар бұл жобаға қызығушылық білдіре ме?
Нұрлан Тәжібаев: 2017 жылы бұл бағдарлама бойынша 494 құжат қабылданған. Оның ішінде 116 адам үйлі болған. Баспаналы болғандардың дені білім, денсаулық, ветеринария, спорт саласының мамандары. Олардың үй алуына 391 млн теңге несие берілді. 311 маман 49 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды. Биыл тек 33 маманға ғана қаражат қарастырылып отыр. Жыл соңына бұл көрсеткіш еселене түсуі мүмкін. Себебі, жобаға қатысуға өтініш білдірушілердің саны көп. Сондықтан республикалық бюджеттен қаражат сұратып отырмыз.
Тілші: Нұрлан Төлегенұлы, ауданның тыныс-тіршілігін айтып, ой бөліскеніңізге рақмет. Қызметіңізге табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан — Айман Нұрмағанбет