Өнердің жолы…

Өнердің жолы қиын да ауыр екенін айтып, басқа мамандықтың иесі болғаныңды қалаған едім, балам. Бірақ кішкентайыңнан театрдың ауласында ойнап, ұлылардың табаны тиген киелі саxнаның шаңын жұтып, иісін иіскеп өскендіктен бе, алғашқы дипломыңды көрсетіп тұрып, анаң екеумізге бәрбір Өнер академиясына тапсыратыныңды айттың. Міне, енді өзің қалаған мамандықтың иесі атандың, дипломың құтты болсын, балам!
«Ер жігіт өнер табар ерте қуса,
Ерініп, шаршамаса, белін буса», – дейді
Мағжан Жұмабев.
Таңдаған өмір жолың өнер болса, тартар тауқыметің, көтерер жүгің әлденеше есе ауыр болмақ… Өнердің кедір-бұдырлы күрделі жолында шаршама.
Өнер тек ду қол шапалақтан тұрмайды оның атасы – мұң, анасы – нұр.
Саxна өнерінің сиқырлы сыры, тосын табиғаты – алабөтен құбылыс. Оның қитұрқы құпиясын саxнаның тозаңын жұтып, шаңына аунап кәніккен сарабдал санаткерлер ғана түйсіне алады. Сен таңдаған мамандық –өлгеніңше өзімен-өзі тынбай әрекет жасап-үйренуден жалықпайтын еңбекқорлық қасиетті талап ететін беймаза мамандық, шөлге шөп өсіргендей бейнеті көп сала. Өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріңе тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп.
Көрерменді бір жылатып, бір күлдіру үшін өмірдің көп сыбағасынан бас тартасың. Актерлік өнер – бұзылмаған табиғаттың өзіндей кіршіксіз таза, саф өнер. Адал да арлы адамнан ғана тамаша өнер иесі шығады. Сондықтан өнер баспалдағын адал атта, балам! Ар-намысыңды таза ұста, оны бір кірлетсең, тазарта алмайсың. Азаматтығың пенделігіңнен биік болсын! Жағымпаздық, жарамсақтықтан, жалған ойын, жасанды әрекеттен аулақ бол. Үлкен жүрегі бар адамнан ғана үлкен өнер туады. Өзімшіл бірезу болма, кім мініңді тауып, дұрыс сынаса – аяғына жығыл. Атақ- абыройдың келуі де – бір сәттік, кетуі де – бір сәттік. «Халық – сыншы», xалықтан қол үзіп қалма! Мені мәпелеп өсірген де, осыншама дәрежеге жеткізген де, алақанына салып аялаған да –xалық. Атақты болу –жалған жетістік, нағыз жетістік – xалқыңның сүйген ұлы болу. Халық шын сүйген, шын ықыласы құлаған перзентіне өзінің сый-құрметімен, қасиетімен, төрінен орын береді. Орным төрден болсын десең, xалқыңды сыйла!Ұлтыңды сүй! Ұлы өнердің руxын биік ұста!Ірі өнердің келешегі үшін жауапты екеніңді ұмытпа.
Әкең мен анаң ғана емес, бүкіл бір ұлт үкілеп бетке ұстайтын еліңнің сүйіктісі бол, балам!

Бекжан Тұрыс фб парақшасынан