Саят Қамшыгер, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы: Бақытты сезіне білудің өзі — бақыт

«Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» демекші, әдебиетке құмар жас, биыл мектеп бітірген болашақ журналист қарындасымыздың белгілі ақын, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы Саят Қамшыгерге арнайы жолығып, алған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

— Сізбен қауышып отырғаныма өте қуаныштымын. Көңіл-күйіңіз қалай?
— Өте жақсы. Қазір жаздың көңіл-күйге де керемет әсерін тигізіп отырған жайы бар.
— Шырайлы шығыстың жерінде тек даралар дүниеге келген. Мәселен, ұлылардың ұлысы Абай, ұстаздардың ұстазы Қанипа. Қалай ойлайсыз, сізге осы киелі топырақ әсер етті ме? Жалпы балалық шағыңызды еске түсірсеңіз.
— Осыдан бір жыл бұрын Абай ауданында қонақта болдым. Сонда байқағаным, Абайдың ұрпақтары Абай қалыптастырып кеткен мектепке сай. Өйткені ол топырақтан әлі күнге дейін сондай бір жақсы ақындар дүниеге келуде. Ұлы ұстаз Абайдың топырағынан талантты болып тумау немесе бар талантты жарқыратып көрсетпеудің өзі қиын дүние. Құдай берген талантты ары қарай қанатын қақтыру адамның өзіне байланысты екен. Сондықтан туған жердің, кез келген өлкенің топырағы, ауасы, суы, зиялылар мен таланттардың үлгісі бәрібір жас ұрпаққа әсер етеді. Байқағаным, Абай жерінде ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, мысалы, кезінде Шоқандар, Ыбырайлар шыққан солтүстік өңіріміз қандай?! Олардан кейін біздің бас көтерер ақын-жазушыларымыздың, қайраткерлеріміздің ондап, жүздеп туған жері киелі өлке — Қызылорда облысы. Осыдан 5-6 жыл бұрын Павлодардың Баянауыл өлкесінде болдым. Баянауылдың өзінен ғана, кішкентай шағын жерінен қаншама академик, тұлға, қанашама қайраткер, жазушылар шыққан. Сол сияқты әр өңірдің бетке ұстар тұлғалары болады. Олар сондағы ұрпаққа жақсы бір үлгі-өнеге болып қалып отырады. Солардан кейінгі буын биік деңгейден табылмаса да, ізбасары болып, жауапкершілікті сезініп, ары қарай сол істі, сол қабілетті дамыта білсе болды.
Мынау енді балалық шақ дедің, бала кезімде көп армандадым. Бірде футболшы болғым келді, бірде хирург болғым келді. Сөйтіп жүріп аяқ астынан өлең жаза бастадым. Жездем қайтыс болып, үйдегілер мені қалдырып, жол жүріп кеткен еді. Сол сәтте қатты қайғырғаннан үйге сыймай, далаға сыймай, қатты толғанып, тебіренісімді өлеңмен өрнектедім. Ары қарай кітаптар оқып, іздене бастадым.
— Ақындыққа осылайша бет бұрыпсыз ғой. Қазақ елінің бір ғасырына куә Жамбыл атамыз ақын боламын дегенде әкесі: «Жұрт біздің екей руын мазақтап, екейде елу ақын, сексен бақсы бар дейді, сексен біріншісі болып қайтесің» деген екен. Ал сіз осы шығармашылық жолды таңда-ған кезде ата-анаңыздың, жақындарыңыздың көзқарасы қалай болды?
— Шығармашылық адамға бақыт деп білемін. Себебі бұндай бақытты сезіне білудің өзі — бақыт. Кез келген адамға берілмейтін мұндай өнер, талант, дарын маған берілгеніне құдайға шүкір деймін. Егер маған қайтадан өмір беретін болса, қайтадан дәл осы жолды таңдайтын едім. Себебі, маған балалармен жұмыс істеу, ішкі жан дүниемдегі мұңды, түрлі мәселелерді өлеңмен жеткізу, оны шығармашылық арқылы жеткізу шынында да бақыт сыйлайды, көңіліме ләззат сыйлайды. Ал үйдегілер болса, менің мұғалімдік жолмен жүргенімді қалады. Қай заман болса да мектептегі мұғалімдер бар құрметке лайықты. Қандай қиын кездер болса да, тіпті соғыс кезінде де мектептер жұмыс істеп тұрды. Сайын Мұратбековтың, Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары осыған дәлел. Мектепте мұғалім болу өте қадірлі, ол — үлкен мәртебе. Мен де еңбек жолымды мектепте мұғалім болудан бастадым. Кейіннен жоғарғы оқу орнында ұстаздық еттім, ғылыммен де айналыстым, өнеріме көбірек мән берейін деп, Қазақстан Жазушылар одағында тоғыз жыл қызмет атқарып, міне, өзімнің сүйікті журналым «Мөлдір бұлаққа» келгеніме төрт жыл болды. Қазір енді екі-үш ай болды бас редактор қызметіндемін. Өзіме осы кәсібім ұнайды. Журналистік өнер айтуға тұрарлықтай мамандық екеніне көзім жетті.
— Сіздің 2001 жылдан бері түрлі кітаптарыңыз, еңбектеріңіз жарық көруде. Енді жеке, толығырақ аудармаңызға тоқтала кетсеңіз.
— «Тастамашы ана» деген кітап — бұл менің аударма саласындағы алғашқы кітабым. Осыдан екі жыл бұрын Бакуде түркі ақын-жазушыларының байқауы өтті. Сол байқауға Башқұрстанның астанасы Уфадан Айгиз Баймұхамедов келді. Айгизбен қонақүйде төрт-бес күн бірге өткізген уақыт маған осы кітапты аударуға әсерін тигізді. Кетер кезде бәрімізге орысша нұсқасын сыйлады. Ұшақта ұшып келе жатқанда Өзбекстаннан келген қыз қайта-қайта жүрегін ұстап, қайта-қайта су алғызып, жылап отырды. Таң қалған күйде сұрадым, сөйтсем, жанағы кітап екен оның көзіне жас ұялатып отырған. Сол сәтте ой келді, оқып көрейін, егер ұнаса неге қазақ тіліне аудармасқа? Және мені тағы баурағаны бұл кітаптың тоқсан бес пайызы Айгиздің басынан кешкен оқиғалары екен. Айгизге бұл кітапты жазуға ұсыныс білдірген университет студенттері болып шықты.
— Осы кітапты оқи отыра мен башқұрт елімен қазақ халқының арасынан бір байланыстарды байқадым. Мәселен, баланы жетімсіретпей жетілдіру. Сізге сұрағым, енді кітаптан тыс күнделікті өмір сүру салтында қандай да бір ұқсастықтар бар ма?
— Татар мен башқұрт халқы домбыраның қос ішегіндей егіз халық десе де болады. Бір-бірінің тілдерін ешқандай аудармасыз түсіне береді. Қазақ тілі оларға басқа тілдерге қарағанда жақынырақ. Мысалы, Айгиз башқұртша, мен қазақ тілінде сөйлейміз, бірақ, бір-бірімізді түсінеміз. Осының өзі бір байланыс. Қазақ халқы ер адамды өте қатты құрметтеген. Дәл солай башқұрт, татар халықтарында да ер адамды құрметтеу байқалады. Айгиз осы кітап жарық көргенде Алматыға келді. Мектептерде бір апта бойына кездесулер өткіздік, Шарын шатқалына бардық, Медеуді көрсеттік. Оның таң қалғаны сондай: «Қазақ халқы өсіп-өнген халық екен, қонақты қалай күтуді біледі. Бір-бірінің үйіне әлі күнге қонаққа шақырады екен. Бізде, өкінішке қарай, ол салт жұтаңдануда, барша халық еуропаланып бара жатыр. Егер сіздер осы салтты мәңгі қадірлеп өтсеңіздер қазақ ұлты өлмейді, өсіп-өне бересіздер. Дәстүрді ұмытсаңыздар, халық болудан айырылдық деп есептеңіздер. Себебі, сіздерді қазақ қылып тұрған — осы дәстүрлеріңіз, қонақжайлылықтарыңыз, адамгершілік қасиеттеріңіздің жоғарылығы. Мен таң қалып барамын. Башқұртстанға барған соң кез келген жерде қазақ елін үлгі етіп жүремін», — деген бірауыз сөзі мені керемет әсерге бөледі. Себебі, мен қазағымды осылай жақсы жағынан танытып, өзге елге үлгі болардай деңгейде таныстыруға тырыстым.
— Аудармаңыз жайлы біраз мәлімет біліп қалдық. Ал енді өзіңіздің де, біздің де сүйікті досымыз «Мөлдір бұлақ» журналының ғұмыры қанша деп ойлайсыз?
— Қазір көп жастар газет-журнал оқымай-тын болып кетті, ғаламтордың шырмауығында дейміз. Бірақ қызықтырақ етіп ұйымдастыра білсең неге оқымасқа?! Осындай әдістерді шетелдерден қарастырудамын. Мысалы, журналға жазылған оқушыларға арнап түрлі байқаулар өткізіп, жеңімпазға сыйлықтар берілетін болса, жас оқырманның қызығары сөзсіз. Мыңның ішінен бір бала осы біздің журналымыздан өзіне керектіні алса, оның өзі біздегі еңбектің ақталғаны.
— Керемет, оқырмандарыңыздың саны көбейе берсін. Осы айтады ғой, шыңдар жетелейді, армандар алысқа апарады деп. Сізді арман шыңыңыз қай жаққа шақыруда?
— Менің бар арманым — еліме, ұлтыма, халқыма адал қызмет ету. Әр тұлға өз мамандығымен таңдаған саласына адал қызмет атқарса, ол елімізге бір тамшыдай болса да үлес қосады деп білемін. Мен осы бағытымда қазіргі ақындарды, не ерен еңбегі бар қайраткерді еліме жеке тұлға ретінде таныстыра алсам, елімді, жерімді өзге ұлт ақындарына жоғарғы деңгейдегі мәртебемен танытсам деймін. Себебі, кешегі «Оян, қазақ!» деп өткен Міржақыптардың арманы — менің де арманым. Жас ұрпақ алдыңғы қатарлы ел болуымыздың себепкері болса, ал, сол жас ұрпаққа мен үлгі көрсете білсем, еш арманым болмас еді. Ол үшін шаршауды білмей сан саладан білімді де, өнерді де, онымен қоса төзімді де санамызға құю керек. Кішкене көріністерден құралып үлкен арман пайда болады емес пе?! Мысалы, Айгиздің осы «Тастамашы, ана» кітабының нәтижесінде Башқұртстанда бір жетімдер үйі жабылыпты. Міне, сөздің құдіретін көрдіңіз бе?! Жетімдер үйін жабуға әсер еткен кітаптың авторы болу — арманның асқар шыңы деп есептеймін.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы бойынша барша қазақстандықтар саналы ойымыз бен сапалы білімімізді жаңғырту үстіндеміз. Яғни, берілген бағдарға бағыт алудамыз. Осы мақала аясында сіз қосқан үлестерді айтып бере аласыз ба?
— Туған жер бағдарламасы бойынша ауылдың азаматтарымен бас қосып, жерлесім, әнші Ермек Меденов, Серікқазы Қорабай атты ғалым ағамызбен шығармашылық кеш өткізсем деген жоспардамын. Ол кеште халықтың сұрағына жауап беріп, менің өлеңдерім оқылса деймін. Ауылға құр қол бармай, 500-600-дей кітапты әр кітапханаға 100, 50 кітаптан сыйлағым келеді. Себебі, кітапханаға әлі де бас сұғатын оқырмандар бар. Бірақ, жаңа кітаптардың бәрін бірдей ала беру ауыл кітапханаларына қолжетімді емес. Осылай әл-қуатым жеткенше өз үлесімді қосып өтсем деймін. Қазіргі таңда түбі бір түркі халықтарының керемет туындыларын қазақ тіліне аударып, жастарды жаңа заман ақындарымен таныстырып, ортадағы алтын көпірге айналу — мақсатымының бірі болып тұр.
— Көп-көп рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілей келе, өзіңіздің онсызда тығыз уақытыңызды аямай, мендегі уақытты аялай білгеніңізге алғысымды білдіремін!

Сұхбаттасқан Аяжан ӘМІРХАНОВА,
№152 мектеп-гимназияның түлегі
Алматы қаласы