«Рухани жаңғырудың» жасырын жаулары кімдер?..

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанда, ұлтымызға әкелер игіліктерін айтып, қуанғандар қатары көп болғанымен, «уақытша науқанға» балап, сын көзбен қарағандар да табылған еді. Содан бері мінеки, арада бір жарым жылдай уақыт өтіпті. Ауызды қу шөппен сүртіп, ештеңе өзгерген жоқ дегеннен аулақпын, дегенмен өзіміз өмір сүріп жатқан қоғам мен айналадағы адамдар бойынан «жаңғырып жатқан» жаңа бір өзгерістерді жіті байқай алмай жүргеніміз жасырын емес. Неге?
Елбасының: «…Санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғыруы тиіс!» деген сөзі бар. Сол сияқты, рухани дүние, әсіресе салт-дәстүріміз бен тұрмыс-тіршілігімізге негізделген ұлттық құндылықтарымыздың өміршеңдігі, жекелеген адамдардың сана-сезімдеріне тікелей қатысты болғандықтан, «рухани жаңғыруды» баяу қозғалысты үдеріске жатқызған дұрыс шығар. Оның үстіне, қазіргі қоғамдағы көзбояушылық пен бұрмалаушылылық, өзінің жеке мүддесін ойлау мен көреалмаушылық, рушылдық пен сыбайлас-жемқорлық сияқты әрекеттерге машықтанған кертартпалардың кері пікірлері мен кереғар істерінің кесірі, «рухани жаңғыруымызды» тұсаулап отырғаны тағы бар.
Мақалада айтылған: ұлттық кодды сақтай білу, мәдени мұра, бәсекелестік қабілетті арттыру, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, латын әліпбиіне көшу, сананың ашықтығы сияқты мәселелер толыққанды болмаса да, там-тұмдап өмірге ене бастағанын жоққа шығара алмаймын. Дегенмен мен бұқаралық ақпарат құралы ретінде, ұлтымыздың рухани жаңғыруына үлес қосу жолында, халықтың, әсіресе жас ұрпақтың газет-журнал, кітап оқып, рухани кемелденуіне жұмыс жасауыма кедергі келтіріп, алдымызды кес-кестей беретін біраз проблемаларды тілге тиек етпекпін.
Айтсам, бүгінгі күнге дейін мемлекетіміз бен ұлтымызға қызмет етіп, олардың өсіп-өнуіне үлес қосқан аға буынның бәрі де, кітап оқу арқылы руханиятын байытып, білім нәрімен сусындағандар. Ал қазіргідей жаһандану үрдісі жағамыздан алған заманда кітап, тіпті газет-журнал оқитындар саны өте азайды. Оның үстіне, технология дамыған, барлық ақпарат та, таңдаған тақырыбың да ғаламторда немесе қолыңыздағы смартфонда, көз алдыңызда тұр. Бірақ осының бәрі адамға, әсіресе өсіп келе жатқан жас буынға толыққанды тәрбие-білім бере ала ма? Меніңше, жоқ. Өйткені адам адамзатқа тән табиғи құбылыстар арқылы, яғни жас баланың кәдімгі ойыншықпен немесе түрлі физикалық ойындар ойнау арқылы ой-өрісін өсіретіні сияқты, адам да көзбен көру, қолмен ұстау, дәмін тату сияқты әрекеттер арқылы дамуы тиіс. Әлде, балаларымыз газет-журналды парақтап, суреттерін тамашалап, сол басылымдарға өз шығармашылықтарын жіберіп жатса, қандай да бір тоқырауға ұшырайтын ба еді?..
Міне, осындай табиғи ерекшеліктерді ескеруге құлқы жоқтығымен қоймай, қолында билігі бар көптеген шенеуніктер өздерінше «рухани жаңғырып жатырмыз» — деп жар салғанымен, Елбасының саясатын өз мүдделеріне пайдаланып, бұрмалап отырған жоғары лауазымды біреулердің, бүтіндей бір облыста идеологияны басқарып отырған әкім орынбасарының, әсіресе, халықаралық және ұлттық саясатта саяси көзқарастарын тұмшалап ұстайтындар мен радикалдық өзге діни ағымдар идеологиясын қолдайтындардың қолшақпарлары болып жүргенін жете түсінбейтін сияқты. Тіпті, түсінсе де қызметінен, астындағы жұмсақ креслосынан айырылып қалмау үшін, «шаш ал десе, бас алуға» даяр. Мәселен, кез келген мемлекеттік мекемелерде, солардың ішінде әсіресе мектептерде басылымдарға жазылым жұмыстарымен шұғылдануға тыйым салынған. Кез келген облыс пен аудан әкімдіктеріне, облыстық Білім басқармалары мен аудандандық білім бөлімдеріне, мектептерге барсаңыз, бұған анық көз жеткізесіз. Олардың айтар уәжі: «Бүгінде демократия. Ешкімді мәжбүрлеп жаздыра алмаймыз. Таңдау халықтың немесе балалардың өздерінде». Дұрыс-ақ, халықтың өз еріктілігін айтпағанда, ақша жинауға тосқауыл ретінде, біз де осы ұстанымды қолдаймыз. Бірақ шынайы руханият пен тәрбие көздері саналатын басылымдарымызды насихаттап, бағыт-бағдар беруге мүмкіндік болмаса, онсыз да туғаннан пайдасы мен қоса зияны да жетерлік ұялы телефонға жармасқан балаларымызды одан қалай арашалап аламыз? Әлде, газет-журнал, кітап оқу дегенді мүлде тоқтатып, рухани жаңғыруды смартфондар арқылы, ондағы неше түрлі интимдік қатынастарды көрсетуге мүмкіндік беру арқылы іске асыруымыз керек пе? Меніңше, бұл — миға сыймайтын дүние және газет-журнал мен кітап атаулының өміршеңдігін түсінбеу.
Рухани жаңғыруымыздың тамыры тарихымызды тану арқылы келетін рухымызда жатқаны белгілі. Осы орайда, ағаларымыздың айналасында жүріп, атын оздырып, атақ алып жүрген ақынсымақтар мен әртіссымақтар да алшақ кете алмаған көрінеді. Тіпті: «Рухани жаңғыру» деген еріккеннің ермегі болды. Қаласа, ел мен жер атауларын өзгертеміз деп, конференция өткізіп, елді дүрліктіреді» дегенді мысқылдай айтқандар да табылды. Міне, сол ақынсымақтар мен әртіссымақтар, яғни жаттап алған өсиет сөздерін өре жүріп өздерін өнер мен руханият төрінде жүрміз деп сезінетін «жұлдыздар», таныс әкімдерінің құлағын бұрап, ауылдарға барып, ақыны екі-үш өлеңін оқыса, ал әртісі екі-үш әнін айтса, осылайша, сый-сияпат көріп, ауыздарын майлап қайтса болды, бұл — «Рухани жаңғыру» деп санайды. Бұлардікі енді жоғарыда айтқан: «Жаңғырудың жасырын жауларынан» гөрі, өз қамдарын ойлаған «дабыра-дақпырттың құлдарына» жақынырақ тірлік.
Қысқасы, қазақ азаматтары ұлттың «Рухани жаңғыруын» шынайы қолдап, ұлттық мүдде жолында «ұры» тірліктерден аулақ болуы керек деп ойлаймын. «Ұры» деген де бергі жағы, қазақ ұлтының келешегін келемеж етіп, күйкі тірлікке барғандарды «ұлттың жауы», «халық жауы» десе де артық емес. Осындайлардың кесірінен рухани жаңғыруы тиіс халық, мәңгіріп, тіпті қаңғырып кетуі де бек мүмкін-ау!..

Жанбақыт Мерекеұлы