Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алдағы төртінші сессия барысында жүзеге асырылатын жұмыстарды жария етті.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы алдағы төртінші сессия барысында жүзеге асырылатын жұмыстарды жария етті. Бұл жиында Нұрлан Нығматулин 30 минут бойы таза қазақ тілінде cөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Бүгін біз алтыншы сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл біздің жұмысымызға қорытынды жасап қана қоймай, ең біріншіден алдағы мақсаттарды жоспарлайтын өте маңызды сәт. Әрине, депутаттық корпустың бүкіл жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші сессияның ашылуында көрсеткен стратегиялық тапсырмаларын, сонымен бірге Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген барлық міндеттерді жүзеге асыруға арналды», — деп тоқталды ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Бірлескен отырыс барысында ол дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп берді. Осы орайда Н. Нығматулин алтыншы сайланған Парламенттің үшінші сессиясы өте маңызды әрі тарихи кезеңде өткенін атап өтті. Сессия кезінде депутаттар үкіметтік заң жобаларымен қатар, өздерінің заң шығару бастамасын да ойдағыдай жүзеге асырды.

«Қабылданған барлық заңдар, әрбір іс-шаралар еліміздің тұрақты дамуына, қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға, ел бірлігін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз. Бұл Сенат пен Мәжілістің және Үкіметпен, барлық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарған елеулі еңбектерінің жемісі  деп білеміз. Өткен сессияда Парламентте 18 Үкімет сағаты, алты парламенттік тыңдау, 27 «дөңгелек үстел» отырысы, комитеттердің 44 көшпелі отырысы, сондай-ақ үш халықаралық конференция ұйымдастырылды. Олар өте маңызды еліміздің экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне арналды. Ең алдымен, әрине, мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін тарихи маңызы зор жаңа әліпби мәселесі талқыланды. Осы мәселеге арналған парламенттік тыңдау мемлекетіміздің рухани жаңғыру жолындағы нақты әрі қажетті қадам болып табылады», — деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин алдағы төртінші сессия барысында жүзеге асырылатын жұмыстардың барысын да жария етті.

«Алдымызда әлі де талқыланатын мәселелер, қабылданатын заңдар, бірлесіп атқаратын шаралар өте көп. Осыған орай келесі төртінші сессияда Парламент Елбасының Жолдауы мен бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға арналған жұмыстарды одан ары жалғастыратын болады. Депутаттық корпус Үкіметпен тыңыз байланыс жасай отырып, отандық экономиканы күшейтуге, кәсіпкерлерді қолдауға, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, елімізді одан ары қарай нығайтуға және демократияны дамытуға бағытталған заң қабылдайтын болады», — деді Н. Нығматулин.

Қазіргі уақытта Парламент қарауында 45 заң жобасы бар. Олардың қатарында арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтар туралы, мемлекеттік статистика, мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенін реттеу, кинематография туралы заң жобалары өте маңызды болып отыр.

«Алдағы төртінші сессияда жұмыспен қамту саласының проблемалары мен даму перспективалары, құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту барысы сияқты маңызды мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізу жоспарланған. Жаңа сессия басталғаннан кейін қазан айында Астанада «Инвестиция жастарға» деген халықаралық конференция ұйымдастыруға бастамашы боламыз», — деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы сайланған Парламент үшінші сессиясын аяқтады.