Пайдалана білсең қазақ тілі — алмас қылыш

Қазақ тілі көп ұлт тілдерінің ішінде сөйлеуге өте икемді, адам баласын жылы сөзбен ашуынан, жанжалынан, қарсы келген дұшпанды райынан, ашуынан қайтара алатын қасиетті тіл. Біз өз тілімізді дұрыс пайдалана алмай, сөйлесе алмай қадір-қасиетін кетіріп жүрміз. Мысалы, кешегі Қазбек би атамыз бірауыз сөзбен қалмақ ханын райынан қайтарып, екі ел арасында достық қатынас орнатты емес пе?!
Кейбір журналистер сөзді дұрыс пайдалана алмай жүр, әрине, біздер қарапайым халық қалай жазса, солай оқуға болар еді, бірақ сөз қазақ ұлтының сөйлеу құралы, намысы, абыройы болмақ. Жуырда бір жақсы газет алдым. «Сөз өнері» деген газет, бірақ бұл газетті «Сөз құдыреті» деп атаса деп ойлаймын.
Енді көп жылдан бері «Айтуға оңай» бағдарламасы қазір «Қарекет» деп аталып кетті. Әрине, Бейсен азамат осы жоба арқылы талай адамға жанашырлық танытып, көмек көрсетті. Теледидардан көріп отырмыз. Бірақ сөз соңында «Қарекет» түбі «Берекет» дегені өте қате. Бірақ оны түзетуге болады. «Қарекет» түбі «Береке» деу керек. Бір ғана «Т» әрпі орынсыз болып отыр. Сөздің мағынасын өзгертіп, орынсыз жалғанып отыр.
Мен, әрине, сыншы емеспін. Бірақ 10 классты қазақша оқыдым. Сондықтан әрбір теледидардан берілген хабарларға, көрсетілімдерге сын көзбен қараймын. Тіл туралы газет бетінде талай азаматтар өз ойларын жазып, қазақ тілінің абыройын көтеру керектігін қазақ азаматы қазаққа айтып отырғаны тіпті дұрыс емес. Қазақстанды Қазахстан деп жазу дұрыс емес. «Қ» әрпін «Х» әрпіне ауыстыру дұрыс емес. Қазақстан қазақша да, орысша да Қазақстан болып жазылу керек. Мысалы, мен қазақ ұлтын бір әріппен «х» орыс қыла алмаймын. Осыны журналистер неге білмейді? Бір кезде Көкшетау қаласын Кокчетав деп жазған еді. Ол кезде ештеңе дей алмадық. Саясат солай болды, енді өзіміз жеке мемлекет, ел қатарлы Қазақстан мемлекеті бола тұра, өз қатемізді өзіміз түзетпейміз бе?
Енді, әншілер туралы айтайын. Қалта ақшаға тола бастағанда адам баласының көздеріне дүниеден басқа ештеңе көрінбей, көз шерленіп, маңайындағылар адам емес құбыжық болып көрінеді. Мысалы, Төреғали, Мақпал Исабекова, т.б. сөзге ілігіп, халық алдында абыройынан айырылып жүр. Әншілерді көтерген халық, төмен түсіретін де халық. Осы жағын олар қалтадағы ақша жанын қыздырып, оң мен солын айыра алмай қалады. Төреғали, Мақпал Исабекова туралы газет беттерінен оқып, қылықтарына наразы болып отырмын. Өзім газетті көп оқимын. Мен жастарды қаралап, олардың абыройын, атақ-даңқын түсіретін ойым жоқ, қазақ жастары абыройлы, ой-санасы дұрыс болса, мен де үйде отырып, қуанып отырамын.
Адал жолдан айырылма, жамандыққа қайырылма,
Өнеріңе ақылың сай, болған іске қайғырма!
Қателікті түзетуге болады!

Дәуренбек Ғалымұлы