Айттап келген қонаққа есігіңді тарс жапқаның қалай, Берді-аға?

Аса Қадірлі құрдасым Бердібек Мәшбекұлы мырза!

Ассалаумағалейкум! Өткен Рамазан айындағы тілектеріңді, құлшылықтарыңды Аллам қабыл етсін! Айт мерекесі құтты болғай! «Мұнысы несі? Рамазан айы өткелі қашан! Түстен кейін маңырағаны қай сасқаны?» — деп Берді-аға уәж айтуың әбден мүмкін. Мен бұл игі тілекті өзің басқарып отырған өңірде, кабинетінде айтуым тиіс еді. Алла тағалам бізді кездесуге бұйыртпапты. Әрине, бұған сені кіналауға аулақпын. Бірақ, иә бірақ өзіңнің қарамағындағы бағыныштыларыңның өздеріне жүктелген міндеттер мен парыздарын, тіптен қазақтың қарапайым салт-дәстүрлерінен мүлдем бейхабар екендіктеріне біздің көзіміз жетіп, қатты қапаландық.
Біз деп отырғаным Берді-аға белгілі саясаткер, бауырың Дос Көшімді жақсы білесің. Дос екеуміз Маңғыстау облысында үш-төрт күн іссапарда болдық. Әкім Ералы Тоғжановтың жігіттерінің ілтипатына, ниеттеріне қатты риза болдық. Мына заманда ешкім ешкімнен де қорықпайды ғой. Алайда қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері, қонақжайлылығын қалайша жоққа шығара аларсың? Әуежайдан қарсы алып, орналасуымызға үлкен көмек жасады. Ертеңгі күнгі жоспарларымызды сұрап, қысқасы бар жағдайымызды жасады. Мінеки, жөн білетін азаматтар! Өзіміз ораза болған соң біз де Маңғыстаулық азаматтарды көп әуреге салғымыз келмеді. Ең бастысы олардың ниеттеріне, азаматтықтарына, үлкенді, қонақты сыйлай білетін тамаша қасиеттеріне, жоғары адами мәдениеттеріне риза болып қайта-қайта батамызды беріп кеттік. Өзің жақсы білесің Алла тағалам жолаушының тілегін, дұғасын қабыл ететіндігін. Ол жағынан Берді-аға халықтың академигісің. Өзіңнің кішіпейілділігіңнен, қарапайымдылығыңнан үнемі үлгі аламыз. Өкінішке орай, сол ғажайып қасиеттеріңді ұлы ұстаз ретінде қарамағыңдағы «ләббай» десетін қызметкерлеріңе дарыта, үйрете алмапсың, менің құрдасым. Фактіге жүгінейін.
Біз Маңғыстаудағы діттеген істерімізді көңілдегі-дей бітірген соң Ақтөбеге бет алдық. Әрине, бәрі де қазақтың жері болғанмен, рұқсат сұрап кіру әрбір қонақтың парызы ғой. «Qazaqstan Zamany» ЖШС-нің бас директоры, «ЕлАна» сайтының бас редакторы, белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы апаңды білесің. Талай мәрте қабылдауыңда болған, өзіңе батасын берген апамыз. Сол кісі біз келместен бұрын облыстағы Баспасөзге байланысты мәселеге жауап беретін Қанат мырзаға, өзіңнің көмекшің Архат мырзаға қоңырау шалып біздің келетініміз жайлы, егер мүмкіндік болса «ағаларыңа қамқор болуларыңа, бұл жөнінде Бердібек мырзаға құлаққағыс етуге, егер ол інімнің уақыты болса бес-он минутқа бауырларың қабылдаса» деген аналық өтінішін де жеткізгенінен хабардармыз. Ол кісінің «бауырларым» деп қадап айтқанында мән бар ғой, Берді-аға. Дос та, мен де Сыр елінің топырағынан жаралдық. Біз ұшаққа аяқ артқанда бауыр басқарған өңірге келе жатқаннан ба көңіліміз көтеріңкі еді. Бір жағынан досқа, құрдасқа деген сағыныш сезімі, екінші жағынан қасиетті Рамазан айында отыз күн оразаны бітіріп, Айт мерекесі күніне сапарымыздың дөп келуі де бәрі де қабаттасып көңілімізге шуақ шашқаны рас.
Ұшақтан түсіп жатқанда Сәуле тәтейіміз қоңырау шалып, жоғарыда айтқан інілерімізге біздің келетінімізді айтқанын қуана жеткізді. Бізді бірақ ешкім қарсы алған жоқ. Дос та, мен де ондай құрметтің болмағанына еш қынжылмай, қонақүйге орналастық. Жайғасқан соң інілерім Архат пен Қанатқа телефон соғып, айт мерекелерімен құттықтап, келгенімізді баяндадық. Шаруамыздың шет жағасын да айтып, қонақүйде жатқанымызды айтуды да ұмытқан жоқпыз. Екі жігіттің пейілі, ниеті де жаман емес. Архат облыс әкімінің әрбір минуты қымбат екенін, бірақ бір саңылау болса қабылдап қалатын болар деп бізді қуантып тастады. Сонау Таразда жатып Еланамыз Сәуле Мешітбайқызы Архатқа, Қанатқа хабарлама жіберіп алаңдап жатыр. Хабарламалардың ішінде: «Ағаларың анау-мынау емес үлкен алып тұлғалар. Сәлем беріп барып, жағдайларын сұраңдар. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем берген», — деп жөн-жобаны көрсетіп жатты. Түске дейін ешкім тырс етіп хабарласқан жоқ. Жергілікті азаматтардың көмегімен өз шаруаларымызды шетінен бітіріп жаттық. Арасында жұма намаз оқуға Алла үйіне бардық. Сол күні айт мерекесі болғандықтан ба имам қонақты қалай қабылдаудың жөнін, оның керемет сауабы барын, жолаушының сыртқа шыққан соң мүсәпір болатынына, кім болса да оған игі қамқорлық жасаған абзал екенін жиналған жамиғатқа әдемілеп, тереңдеп жеткізді.
Біз Берді-аға сен басқарған өңірде екі күндей болдық. Тұлға болармыз, басқа болармыз әйтеуір ел назарындағы азаматтармыз ғой. Әсіресе елдің, ұлттың сөзін айтып жүрген Дос Көшімнің жөні бөлек. Досекең інім, (ол да пайғамбар жасында қазір) өзің туралы жылы пікірлер айтты. Бір жағынан ол ыңғайсызданып та жатты. «Мен кейде қаттырақ айтып жіберетінім бар. Сірә, Берді-ағаң өзі қабылдамақ түгілі қарамағындағыларға басқаша тапсырма берген шығар», — деп қатты ыңғайсызданды. «Менің құрдасым құдайдан ғана қорқады. Қолдары тимей жатқан болар», — деп мен жуып-шайдым.
Бірақ қанша жуып-шайсам да «Ағалар, келіп қапсыздар. Қош келдіңіздер!» — деп інілік танытып, өздері қолы тимесе де біреулерге тапсырма беріп, сәлем бермегеніне, жөн сұрап азаматтық танытпағандарына қарнымның ашқаны рас. Әйтпесе біреуі өңірдегі «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» дерліктей күші, қуаты бар облыс әкімінің білдей көмекшісі, екіншісі бүкіл баспасөздің құлағын ұстаған азамат емес пе? Әйтпесе біздің осы өмірде жүргенімізді естіп, біраз азаматтар келді. Жәй келмеді, өмірдегі жақсылықтарды, тіптен кемшіліктерді жеткізді. Біз олардың жақсылығына қуандық, кемшіліктерін қал қадарымызша жөндеудің жолдарын айттық.
Берді-аға, өзіңмен кездеспей жүргеніміз жоқ. Қарапайым, елпілдек мінезіңмен кабинетіңнен жүгіре шығып қабылдап, шүйіркелесіп отырып әңгімелескенбіз. Екеуміз негізінен бақытты жандармыз. Алпыс бестің қырқасына шықсақ та біріміз облыс әкімі, біріміз халықаралық басылымның басшысымыз. Халық шынын айтсақ ел үшін жан аямай қызмет істеп жүрген әкімдерді іштарта өзімсіне айтып, оларға ризашылығын білдіріп жатады. Ол тізімде өзің де барсың. Тіл, діл, рух майданында жасаған ерліктеріңді де қолымыздан келгенше ақпарат бетінде жарқырата көрсетіп жүрміз. Ол жағымпаздық емес. Ол жүректен шыққан өзіңе деген шын пейіліміз, ықыласымыз, ризашылығымыз. Шығыс Қазақстаннан, Ақтөбеден газетіміз мемлекеттік тапсырыс алмаса да, облыстың игі істері газет бетінен түскен емес. Әлі де солай жалғаса бермек… Өзіңнің ниетің таудай. Меніңше артын сұйылтып жіберер қарамағыңдағылардың кінәсі. Мен жалпы бұл мақаланы, хатты елге дабыра қылып жазбай-ақ қояйын дегенмін. Дос та: «Не қыласың жазып. Ол кісімен әлі де кездесеміз ғой», — деп тоқтау салды. Ал өзім ойлана, толғана келіп өзім жақсы көретін құрдасыма хат жазайын деп шештім. Бұл хатымды бұлай поштамен жіберсем оқымас, онан да газет арқылы жолдайын. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей бұған ренжімес деп ойладым. Сен өте білгір, данышпан басшысың, құрдасым. Бұл хатыма жауап берсең газетімізге сөз жоқ жариялаймыз. Иә, негізгі менің айтайын дегенім облыс әкімшілігінің басты кемшілігі халықпен байланысты, келген қонақтарды сыйлау дәрежелерін, адами қатынастарды, үлкенді құрметтеуді, жалпы имани мәселелерді терең білмейтіндігі. Білсе де қасақана ондай мәселелерді екінші қатарға ысырып, немқұрайлы қарайтыны. Сенен өтінішім оларды жұма күні уағыз айтқан имаммен кездестіру керек сияқты. Жоғарыда айтқан қасиеттерді білмеген шенеунік халықты сыйламайды, ал өзіңді үнемі ұятқа қалдырады деп ойлаймын. Елбасымыз рухани жаңғыру бастамасын алдымен ел басқарып отырған шенеуніктер жүректерімен сезінуі тиіс.
Берді-аға, азын-аулақ айтқан сөзімде кемшіліктер кетсе алдын ала кешірім өтінемін. Хатты құрдас ретінде «сен» деген рәуіште жаздым. «Сіз» деп сызылғым келген жоқ. Көріскенше күн жақсы болсын. Жұмыс «тағы» мәңгілік емес. Ал адами «тақтан» Аллам айырмасын. Себебі ертең бәріміз де ахиретте есеп береміз ғой. Хаттың соңында өзіңе бірнеше сұрақ қойғым келеді. Уақытың болса жауап берерсің. Оны патша көңілің білер.

1-сауал:
Қазір халық пен биліктің арасы алшақтап барады. Оны қалай жақындатуға болады?
2-сауал:
Тіл — ұлтымыздың жаны. Әзірге біздің қазақ тілінің халы мүшкіл. Қытайды да, орысты да бұл жөнінде ықтырып айтып жөнге түсіргім келді. Бірақ мемлекеттік тіл — мемлекеттік деңгейде емес. Оны қалай жөндеуге болады?
3-сауал:
Шындықты мойында-сақ та, мойындамасақ та, қазақ — Қазақ-станның байырғы тұрғыны. Алайда экономикалық, әлеуметтік жағынан ең нашары қазақтың жағдайы. Мұны қалай реттеуге болады?

Зор құрметпен, құрдасың

Eртай Aйғалиұлы