«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы барлық ұлт өкілдерін қамтиды

Атырауда «Жаңғыру жолы» атты жастар қозғалысы бастау алды. Бұл туралы облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Атырау қаласының жастар ресурстық орталығында өткен «Жаңғыру жолы» өңірлік жастар қозғалысының алғашқы отырысында айтылды.

Оған аталған Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Гүлмира Шәкірова, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Жаннат Досқалиева, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспан, ресурстық орталық басшысы Серік Қадыров, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төарғасы Ринат Ғилажев, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының атыраулық жеңімпаздары Ерлан Күмісқалиев пен Әсемгүл Оразаева, қозғалыстың штаб мүшелері және жергілікті этно-мәдени орталықтардың жас өкілдері қатысты.

Өз кезегінде Гүлмира Мүслімқызы «Жаңғыру жолы» қозғалысының 2018-2020 жылдарға арналған басты жұмыс бағдарламасымен таныстырды.

– Осыған дейін ассамбеляның жанында жастар қанаты жұмыс жасады. Енді оны жаңа қозғалыс алмастыратын болады. Ол барлық ұлт өкілдерін қамтиды. Алдағы уақытта қазақ және өзбек этно-мәдени бірлестіктері құрылады деп күтілуде, — деген ол жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, жарқын жобаларды жүзеге асыруға күш салған Андрей Котовқа алғыс білдірді.

Сондай-ақ, штаб отырыстарын өткізу үшін ресурстық орталық жанынан арнайы кабинет те ашылды. Соңында штаб басшысы болып бірауыздан атыраулық белсенді жастардың бірі, өңірдегі «Жасыл ел» жасағының бұрынғы ұйымдастырушысы Ілияс Рашид тағайындалды.

Марат Мағау,

Атырау қаласы