Руслан МЕДЕЛБЕК: ҚАЗАҚСТАНДА ЖУРНАЛИСТИКА ЖОҚ…
Журналистер күніне орай, көпшілікке спорт журналисі ретінде танылған, бүгінде Азаттық радиосы Қазақ қызметінің Прагадағы бас офисінде продюсер болып еңбек етіп жүрген Руслан Меделбекпен сұхбаттасқан едік. Ағылшын тілін жетік меңгеріп, әлемнің бірнеше елімен етене жақын танысқан Русланмен әңгімеміз қазақ журналистикасының бүгінгі хал-жағдайы хақында өрбіді.
— Руслан мырза, жұртшылық журналистерді бұқара мен билік арасындағы негізгі көпір деп санағанымен, «оппозиционер» болуы тиіс деп түсінетін секілді. Бұған қалай қарайсыз?
— Әркімнің өз пікірі бар. Бірақ дұрысы — журналистер әлемдегі «ең, ең» бейтарап халық болуы керек. Журналист билікке де арқа сүйемеуі керек, оппозицияны да жақтамауы тиіс. Яғни, барды — бар, жоқты — жоқ деп айта алатын, халыққа шынайы ақпарат жеткізуге біз, біздің әріптестеріміз міндетті. Өкінішке қарай, біз мұны Қазақстандағы журналистикадан көре алмаймыз. Өйткені, еліміздегі ақпарат құралдарының 99%-ы «Pro Government» деп атаймыз, қазақшалап айтқанда медианың барлығы Мемлекеттің бақылауында. Сондықтан Қазақстанда журналистика жоқ, пропаганда ғана бар. Мемлекет БАҚ-ты толық қарамағына алған кезде «журналистика» деген атау ғана қалады. Тіпті, «Журналистика күнінде» Мемлекеттік мекемелердің, министрліктер, әкімдердің журналистерді марапаттауы — басқаша айтқанда әріптестердің астына көпшік қою деген сөз. Осы және журналистердің де биліктен сыйлық, марапат күтуі — біздің саламыздың принциптеріне қайшы деп есептеймін және өзім де сондай ұстанымдамын. Қайталап айтайын, журналист оппозиционер де болмауы керек және биліктің қарамағындағы үгіт-насихат құралына да айналып кетпеуі қажет.
— Сонда шетелдік журналистика мен қазақ журналистикасының айырмасы жер мен көктей болып тұр ма?
— Әрине, Қазақстан мен шетелдегі журналистиканы салыстыруға келмейді. Өйткені, ағылшын тілді ортаның журналистері еркін, біздегідей пропагандамен емес, тек қана ақпарат таратумен, халыққа нақты мәліметтер жеткізумен айналысады. Әсіресе, «BBC», «CNN», «EuroNews», «Әл-Жазира» сияқты арналар әлемнің әр аймағын «бөліп алған». Мысалы, көбінесе «BBC» Еуропа мен Африка, «CNN» Америка және Латын Америкасы елдерін, «Әл-Жазира» Азияны, сонымен бірге, «EuroNews» Еуропаны толық қамтиды. Ал Орталық Азиядағы болып жатқан жағдайлар тек «Азаттықтан» басқа әзірге дүниежүзінің алпауыт ақпарат құралдарының назарына ілінбей отыр. Бәлкім, Қазақстанда «ВВС»-дің қазақ қызметі жұмыс істесе жағдай басқаша болар ма еді, кім білсін?..
— Сайып келгенде Қазақстандағы журналистика саласының бүгінгі күйіне қандай баға бересіз?
— Қазақстандағы журналистика өте нашар дер едім. Өйткені, журналистикалық стандарт жоқ, әркім әртүрлі жазады. Бастысы «саясат» өтіп кетпесе болды дейді. Билікті сынайтын хабарлар ешқашан эфирден өткізілмейді. Есесіне телеарналардағы эфирдің шамамен 70-80%-ы ойын-сауыққа, қалған 20%-ы халықтың әлеуметтік жағдайларына, ауылдардың проблемасына арналған. Халықтың ойын басқа арнаға бұру үшін дайындалған бағдарламалар көп. Саясатты ашық талқылайтын бірде-бір хабар, саяси бағдарлама жоқ. Тіпті, шетел жаңалықтарының өзін жақсылап бере алмайды. Ауыл халқы «шетелдегі жағдай онша емес, осы күнімізге тәубе» деп шүкіршілік айтып отыр. Неге? Себебі, телеарналарда көрсетілетін әлем жаңалықтарының дені — атыс-шабыс, кісі өлімі, табиғи апаттар, т.б. Керісінше, шетелдегі дамуды, жағымды ақпараттарды ешқашан көрсетпейді. Сайып келгенде Қазақстандағы журналистика үгіт-насихат құралы болса, журналистер мемлекеттен ақша алып отырғандықтан соны жазуға мәжбүр. Бұған ешбір әріптесімді кінәламаймын. Өйткені биліктің ұстанып отырған саясаты солай болғандықтан, басқаша қимылдау өте қиын.
— Көзі қарақты деген адамдардың өзі әлеуметтік желілердегі оқырманы көп блогерлерге, журналистерге, басқаларға көбірек сенетін сияқты. Мұның себебі неде?
— Қазір халық билікке сенбейді. Бұрын аз да болса халықтың билікке деген сенімі бар болатын. Доллар көтеріліп, девальвация болған кезде барып халықтың сеніміне селкеу түсті. Билік доллар көтерілмейді деп қанша айтса да, ол көтеріліп кетті де, билік халықтың сенімінен айырылды. Содан бастап ел өсек-аяң оқуға көшті, жұлдыздардың өміріне қызыға бастады. Халық биліктен тыс ақпарат көздеріне толықтай сенді. 2008-2009 жылдардағы «Жас Алаш», «Ана тілі» мен «Жас Қазақ» газеттерінің қалай оқылғандығы әлі күнге көз алдымда. Ал, қазір газеттердің бәрі мемлекеттің қолына өткендіктен, оны тіпті оқығың да келмейді. Кейде «қазақ газеттері не жазып жатыр екен?» деп сайттарына кіре қалсаң, оқиытын дым таппаймын. Өйткені, онда жазылған дүниелердің бір сөйлеміне де сенбеймін. Оқырмандардың да газет оқымай кеткені сондықтан деп ойлаймын. Билікке деген сенім болмағандықтан ешкім де саясат, экономикаға араласқысы келмейді. Оның орнына блогерлерді жазғанын оқып, «жұлдыздардың» өмірін шолып шыққанды жөн санайды. Мәселен, отандық ақпарат құралдарының біріне бірдей уақытта «Халық банкі» мен «QazKom» банкінің бірігетіні жайлы және өте танымал қазақстандық продюсер туралы ақпарат шықты. Сонда банктер туралы ақпарат 200 рет оқылса, танымал адамның өмірі 7000 рет оқылған. Осыдан-ақ, халықтың билікке сенбейтінін, оқырманға саясат, экономиканың қызық еместігін байқауға болады.
— Журналист болу үшін 4 жыл оқу қажет емес деген пікір бұрыннан бар. Бұл тақырып тағы да талқыланатын сияқты. Алып-қосарыңыз бар ма?
— Журналистиканы 4 жылдан кем оқытудың нақты концепциясы жоқ. Жәй айтылған сөз деп ойлаймын. Негізі журналистиканы оқытуға 4 жыл керек шығар, бірақ, оның екі жылы теорияға, екі жылы практикаға арналуы тиіс. Болашақ журналист алғашқы екі жыл нақты теорияларымен танысып, білім алып, қалған жылдарында факультет базасында материалдар дайындап, тәжірибе жинауы қажет. Өзің де жақсы білесің, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың телестудиясына кіру, жұмыс істеу — түгелдей бюрократия. Сондықтан, нақты концепция, нақты қадам жасалмай, журналистиканың оқу жылын қысқартамыз деуге әсте болмайды. Меніңше, алдағы уақытта журналистика мамандығы басқа салаға ауысып, дипломды мүлдем қажет етпейтін салаға айналады. Өйткені, журналист болу бәрінің қолынан келеді, қазірдің өзінде кез келген адам ақпарат тарата алатын жағдайға жетті.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс!
Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ