«Бір белдеу, бір жолдың» бұралаңдары
Қытай басшысы Си Циньпин ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы неше жылдан бері әлем назарын аударған тақырыптардың біріне айналып кетті. Қазірге дейін осы төңіректе талай рет кеңес өткізіліп, «жер шарының 4 миллиардтан астам халқына өз пайдасын тигізетін аса ауқымды жоба» екендігі сан мәрте дәріптелді де. Аталмыш жобаға белсене үн қосқандардың қатарында Қытай назарындағы Орта Азия аймағының көшбасшысы саналатын Қазақстан Республикасы да өз позициясын жасырған жоқ. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде қазақ топырағына инвестиция салу ниетімен аяқ басқан қытайлық кәсіпкерлер осы жоба аясында жұмыс істейтіндіктерін алға тартып, ағыла бастағаны тағы бар.
Басында жаңғырығы жер жарған жобаға әркімнің елеңдегені шындық еді. Қытай кәсіпкерлері бұл жобаны «шетелдерден кәсіпорын құрушыларға мемлекеттен қомақты қаржы ажыратылады» деп түсінді ме, белсенділіктері айрықша болды. Қытайдан шығып, Назарбаев әуежайына қонатын ұшақтардың бортындағы жолаушылардың 80 пайызын қытайлар құрап жатты. ҚР-ның Қытайдағы консулдығының визалық бөлімшелері де «инвестормыз» деген қытайларға визаны да аямаған көрінеді. Астанадағы қымбат қонақүйлердің бірі саналатын «Бейжің Сарайы» да қытайларға лық толды. Оның ішіндегі кеңселерге де қытайлық кәсіпкерлердің құрған серіктестіктері орнап, Қазақ үкіметінің өндірістің қай саласын дамытуға ділгір болып отырғандығын зерттей бастаған еді. Осылайша қарқын алған қызу тірліктің соңғы бір жылда саябырлай бастағаны байқалады. Оған басты себептердің бірі — Қытай үкіметінің «Бір белдеу, бір жол» жобасына қаржы бөлуді баяулата бастағаны дейді біріккен кәсіпорындардың жұмысына араласып жүрген азаматтар. Дегенмен мемлекеттік деңгейде басталған жұмыстардың мемлекеттер аман тұрғанда аяқсыз қалмай-тындығына сенімдіміз.
Соңғы күндері Зимбабведе орын алып жатқан саяси өзгерістер Қытайға ұнамағаны анық. Ресми билік «әліптің артын бағып» отырса да, аузы жеңіл сайттар «Зимбабвеге берген миллиардтаған долларды кім қайтарады?» — деп салды. Себебі Қытай билігі «ескі досымыз» деп құрмет тұтатын Мугабе ақсақал алтын тақтан тайдырылды. Осымен сабақтас келетін екінші бір оқиға да қытайлықтарды ойландырып тастады. Осы аптада Қытайдың тағы бір «ескі досы» Пәкстан Қытай үкіметінің 14 миллиард долларынан бас тартатындығын айтып, екі елдің келісіміне сай Қытай қаржысымен салынатын су қоймасын өздері салатындығын мәлім етті. Диамер-Баша тоспасы (Diamer-Bhasha Dam) «Бір белдеу, бір жол» стратегиясындағы маңызды жобалардың бір еді. Биылғы мамыр айында ғана аталмыш ірі жобаны жүзеге асыру құқын жеңіп алған қытайлар мұны «Қытай — Пәкстан экономикалық дәлізіндегі» маңызды құрылыс деп жар салған болатын. Сиясы кеппеген келісімді ортасынан қақ айырған Пәкстанның бұл әрекетін шетелдік сарапшылар «Пәкстан аймақ қауіпсіздігіне алаңдап отыр» деп жорамалдап жатыр. Ал Пәкстанның Гидроэлектрстанциясы даму мекемесінің жауаптысы Музами Хусейн «аталмыш келісімнің бұзылуына басты себеп Бейжің жақтың меншік құқығын иелену жағындағы шарттарының тым ауыр болғандығы» деп түсінік берген. Дегенмен де «Қытай — Пәкстан экономикалық дәлізі» Кашмир өңірінің көп бөлігін қамтитындықтан, бұл өз кезегінде Қытайға аса сақтықпен қарап отырған Үндістанның қарсылығын туғызған еді. Бұған қоса лаңкестердің де кедергісі болуы мүмкін деген күдік туып отыр.
Қарашаның 14-і күні Непал мемлекеті де Қытаймен екі арада жасалған құны 2,5 миллиард долларға бағаланған Будхи Гандаки (Budhi Gandaki) гидроэелктростанциясы келісімінен бас тартатындықтарын жариялады. «Бір белдеу, бір жол» аясындағы тағы бір маңызды келісім Шри-Ланканың Хамбантота портының құрылысы еді. Жергілікті үкімет Қытайға беруге тиісті қарыздарын қайтара алмағандықтан, Хамбантота портын Қытайға 99 жылға жалға беруге шарт жасасады. Яғни порттың 1000 гектар аумағында Қытай кәсіпорны құрылыс салады, әрі портты 99 жылы бойы пайдаланады. Бұл келісім жарияланып, көп өтпей жергілікті халықтың қарсылығын туғызды. Қазіргі таңда бұл жұмыстың аяғы сиырқұйымшақтанып барады. Орта шығыстан Қытайға мұнай тасымалдайтын танкерлердің жолында орналасқан бұл портқа қытайлар қатты қызығушылық танытқан еді. Сондықтан да «Бір белдеу, бір жол» жобасындағы «қадірменді» серіктестерінен қол үзгісі келмейтіндіктерін қайталай дәріптеп жатыр.
«Бір белдеу, бір жол» жобасы жария етілген тұста көңіл аудара қоймаған АҚШ пен Жапония соңғы кезде аяқ астынан бұл жобаға оң көзқарас білдіре бастады. Жақында ғана Жапонияның сыртқы істер министрі әлем экономикасына пайдасы тиетін жобаны қолдауға болатындығын мәлімдеді. Ал Қытайдан қомақты қаржының басын қайырып қайтқан Трамптың қыруар келісімдерінің ішінде қаншасы «Бір белдеу, бір жол» жобасы арқылы қаржыландырылатындығы қазірге дейін ашық айтылған жоқ. Қытаймен іргелес отырған Қазақстан бұл жобаға белсене атсалысқан елдердің бірі еді. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Қытайда өткен «Фашизмге қарсы соғыстың жеңіске жеткендігінің 70 жылдығына» орай өткен салтанатты жиналысқа арнайы шақырумен барған болатын. Осы басқосу аясында Елбасымыз жалпы құны 45 миллиард долларды құрайтын көптеген жобаларға қол қойып қайтты. «Балапанды күзде санаймыз» демекші, қазақ елінің игілігіне жарайтын дүниелер болса, оны да уақыт көрсетер. Тек қана ұлттық қауіпсіздігіміз бен мүддемізге кесірін тигізбесе болғаны….
Ерқазы Сейтқали