Облыс әкімінің грантын ұтымды пайдаланды

Павлодар қаласындағы №122 мектепке дейінгі білім беретін гимназия өткен жылы ұтып алған облыс әкімінің грантына ойын-сауық бағы, спорт алаңы, мультимедиа, шахмат және робот техникасы сыныптарын ашты.

50 миллион теңгені құрайтын грант №122 мектепке дейінгі білім беретін гимназиясына өткен жылғы тамыз конференциясында табыс етілген еді. Бұл грант мектепке дейінгі білім беретін гимназия ұжымының жоғары білім сапасын қамтамасыз етудегі нәтижелері үшін берілген марапат болып табылады. Берілген грант қаражатына 180 бөбек тәрбие алатын балабақшада жөндеу жұмыстары жасалып, құрылғылары жаңартылды.

– Балалар жататын бөлмеге қос қабатты төсектер алынды, спорттық зал қажетті  жабдықтармен қамтамасыз етілді, мультимедиа, шахмат және робот техникасы сыныптары ашылды,  интерактивті тақталар сатып алынды, – деді №122 мектепке дейінгі білім беретін гимназияның басшысы Ғалия Құрманова. – Бізде 4 жаңа алаң:футбол мен ойын-сауық алаңдары, концерттік және интеллектуалды аймақтарпайда болды. Сонымен қатар балабақшада балаларға жол жүру ережелерін үйрету мақсатында қолданылатын балалар автожолы пайда болды. Бұған дейін осында ескіріп қалған элементтері бар қарапайым ойын алаңдары болған.

Жаңартылған балалар гимназиясын аймақ басшысы да көріп шықты. Болат Бақауов айтып өткендей, мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қатар облыс әкімінің гранттарына Ертіс өңірінің аудандары мен қалаларында орналасқан тағы 3 білім беру ордасы ие болды.

– Біз осы мақсатта грант бөлуді жалғастыратын боламыз, себебі оның нәтижесі айқын көрініп келеді, – деді ол. – Ағымдағы жылы үздік білім беру мекемелерін марапаттау мақсатында 200 миллион теңге бөлінген.

Әкімнің айтуынша заманауи балалар алаңдарын тек балабақшаларда ғана емес, сонымен қатар үй аулаларында да орнату керек. Осы жылы Павлодардың түрлі шағын аудандарында орнатылуына 100 миллион теңге бөлінген 10 үлкен ойын алаңы салынатын болады.

Әлихан Рахметоллаұлы