МАҢҒЫСТАУЛЫҚ 2 ОҚУШЫ ҰБТ-дан 136 БАЛЛ АЛДЫ

Маңғыстаулық 2 оқушы ҰБТ-дан 136 балл алды. Олар Маңғыстау ауданы Шетпе гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Ержан Жанжігітов пен Жаңаөзен лицейінің түлегі, тарихтан қалалық олимпиадалардың жүлдегері Ерсұлтан Рахметұлы. Озықтарды облыс әкімі Ералы Тоғжанов қабылдады. Кездесу барысында аймақ бойынша ең жоғары балл алған мектеп түлектерін құттықтап, жастар үшiн ең маңыздысы — білім алу екендiгiн айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар –рухани жаңғыру» мақаласында: «Адами әлеуетті дамытудың ұзақ мерзімді саясатының арқасында біз қазіргі талантты жастардың жаңа буын ұрпағын қалыптастырдық» -деген болатын.

-Ұлттық табысқа, мемлекетті өркениетке жеткізетін білімді елдің болашағы — жастар. Сіздердің алар асуларыңыз, шығар биіктеріңіз әлі алда! Үлкен өмірге басқан қадамдарыңыз құтты болсын! Таңдаған мамандықтарыңыз бойынша жоғары оқу орындарына түсулеріңізге тілектеспін. Сіздерді осындай дәрежеге жеткізген ата-аналарыңызға, ұстаздарыңызға үлкен рахметімді айтамын. Біз Сіздермен мақтанамыз! Алған білімдеріңіз бен біліктеріңізді, күш жігерлеріңізді Отанымыздың, облысымыздың өркендеп, дамуына жұмсайды деп сенемін, деп облыс әкімі түлектер мен олардың ата-анасына және мұғалімдерге естелік сыйлық тарту етті.

Өз кезегiнде, түлектер облыс әкіміне ризашылығын бiлдiрiп, өз жетiстiктерi, алдағы жоспарлары туралы айтып бердi.

Биыл Маңғыстау облысы бойынша ҰБТ-ға 4167 түлектің 4123-і қатысты, 844 бала 100 баллдан жоғары ұпай жинаған. Облыс бойынша 10 мектеп үздік нәтиже көрсетті.

172 бала алтын белгі, 214 оқушы үздік аттестат алды.

Айман Нұрмағанбет