ПМПУ студенттері Алматыда өткен жастар форумына қатысты

2018 жылдың 21-22 маусымы аралығында еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласында «Жаңа толқын 100+» атты жастар форумы өтті. Оған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері Касамбаева Жанель, Байжанова Айнаш, Мырзағожа Мәдина, Сыдыкова Шахидам, Кенжебалина Анар, Қайырбекова Әсем, Ахметова Зайзада және Шалғынбаева Аяна  қатысып қайтты.

Жастар форумы Алматы қаласындағы Достық үйінде өтті. Форумда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастар өздері құрастырған 27 әлеуметтік стартап жобаны ұсынды. Форумның мақсаты – жастар бастамаларын қолдай отырып, оларды қоғамдық өмірдің үдерістеріне қатысуға ынталандыру болды. Форумның бірінші күні «Ұлы дала елінің қасиетті мұрасы» атты  көрме аясында экскурсия өткізіліп, қаланың қасиетті жерлеріне саяхат ұйымдастырылды.

Форумның екінші күні қатысушылар қазылар алқасына жобаларын таныстырған соң, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко сөз сөйлеп, студенттерге ақ жол тіледі.

Форум педагогикалық университеттің студент қыздарына  Қазақстанның 100 жаңа есіміне енген көрнекті тұлғалардың кейбірімен жақын танысуға мүмкіндік берді. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының белгілі кинорежиссері Әзиз Зайыров және оның жары, суретші Наталья Заирова бар. Олар өздерінің шығармашылығы туралы кеңірек әңгімелеп берді. Аталмыш жұп ПМПУ-дың әкелген жұмысына үлкен қызығушылық танытты. Одан соң форум қатысушылары Наталья Заированың жеке шақыруымен Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет мұражайын аралады.

Байқауға қатысу стартап-конкурстардың жаңа форматы бойынша тәжірибе жинақтауға, шешендік сөз дағдыларын жетілдіруге жағдай жасады.

Шілде айының соңында ПМПУ-дың жобаларын іске асыру үшін шеберлік сағаттары өткізіліп, «ARDI» шығармашылық студиясымен бірге фильм түсіру жоспарлануда.

Әлихан Рахметоллаұлы