Павлодарлық атты экспедиция киелі жерлерді аралап өтті

Павлодар облысы Шарбақты ауданының жігіттерінен құралған атты экспедиция мүшелері тоғыз күн уақыт ішінде Астана қаласынан шығып, Қарқаралы-Баянауыл арқылы туған жерге оралды. Олар бұл саяхаттарын елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы, Павлодар облысының 80 жылдығы мен Шарбақты ауданының 90 жылдық мерейтойларына арнады.

Мажарлық саяхатшы Иштван Бенцтың ұйымдастыруымен «Жібек жолы аттың үстімен» экспедициясының Қазақстан аумағы бойынша өтетін бөлігіне Шарбақты ауданынан шыққан алты салт атты қатысты. Шетелдік саяхатшылар үш мың шақырым жерді аттың үстінде жүріп өтті. Олардың саяхаты Карпат бассейнінен Корей жартылай аралына дейін жалғасады. Осылайша олар Қазақстанның Павлодар, Қарағанды және Ақмола облыстары арқылы өткен. Шетелдік қонақтар өз жолын Баянауыл ұлттық саябағында аяқтады. Ал қазақстандық қатысушылар Шарбақты ауданына бұрылып, өз саяхатын Ғабдыл-Уахит хазіреттің кесенесінің қасында  аяқтады.

Олардың арасында Павлодар қаласының №37 мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Раид Хейнаят та болды. — Ат үстінде тоғыз күн жүрдік, — деді Раид. – Менің тұлпарымның аты Сары. Осы уақыт аралығында біз достасып қалдық. Мінезі жақсы екен. Атпен  жүру көлікті айдаумен салыстыруға келмейді. Мұнда адам мен аттың арасында бір-біріне деген сенім бар. Жолда табиғаты көркем жерлерді көрдік. Оны бір сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Осындай экспедициялар мен сияқты оқушыларға керек. Осылайша біз туған жеріміздің тарихы мен табиғатымен таныса аламыз. Экспидицияға қатысқан салт аттылар Шарбақты ауданындағы Ғабдыл-Уахит хазірет кесенесінің киелілігіне тәнті болды.

Ғабдыл-Уахит хазірет 1853 жылы Шарбақты ауданында дүниеге келген. Алғашқы білімін ауылдық молдадан алып, кейін білімін Бұқара қаласында жетілдіріп, туған ауылына оралған. Ғабдыл-Уахит хазірет осы өңірдегі Есілбай ауылында ашылған алғашқы медреселердің бірінде шәкірттерге білім береді. Бойында ерекше қасиет дарыған ол қасиетті «Құран кәрім» кітабының  дұғаларымен адамдарды емдеген. 1926 жылы Ғабдул-Уахит Хазірет көз жұмғаннан кейін де оның бейітіне адамдар келіп тұрған. 1953 жылы хазірет жатқан жерге мазар салынды. Бірақ ол орман өртінен зардап шегіп, 2012 жылы қайта жаңғыртылды.

Айта кету керек, Ғабдыл-Уахит хазіреттің кесенесі облыстық киелі жерлер картасына енген. Шарбақты ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Сержан Иманқұловтың  сөзінше,  аталмыш шараны дәстүрге айналдыру жоспарда бар. Ауыл тұрғыны Ержан Кәкімбаев «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша атты туризмді дамытуға құны үш миллион теңгені құрайтын грант ұтып алған.

— Кәсіпкер бүгінгі таңда он жылқы мен  оларға қажетті ат әбзелдерін сатып алды, — деді бөлім басшысы. – Осылайша аудан қонақтары Есілбай ауылынан Ғабдыл-Уахит Хазірет кесенесіне дейін қарағайлы орман арқылы жүретін болады. Бұл бағыт 30 шақырымға созылады.

Әлихан Рахметоллаұлы