«Алматытелеком» ӨТД — жаңашылдық пен игі істердің жаршысы
Құрметті оқырман, елімізде «Қазақтелеком» АҚ компаниясының ең ірі филиалы «Алматытелеком» ӨТД (өңірлік телекоммуникация дирекциясы) Бас директоры Раздықов Шерхан Пертайұлын білмейтін жан кем де кем шығар. Олай дейтінім, түрлі өңірлерде өткен қырық жылдан астам өмірін телекоммуникациямен, яғни байланыс саласымен тығыз байланыстыра еңбек етіп келе жатқан азаматтың атқарған істері мен қалдырған іздері ол қызмет етіп кеткен жердің бәрінде сайрап жатыр десек, артық айтпағанымыз. Дегенмен, бізге көптеген газет оқырмандарының өтінішін орындап, біліміне біліктілігі, іліміне іскерлігі сай осы азаматпен сұқбаттасудың сәті тағы бір түскен еді. Тағы дейтін себебім; Шәкең жайлы «Байланыспен байланысты ғұмыр» атты мақаламды осыдан оншақты жыл бұрын жазғаным бар. Сол уақыттан бері байланыс саласы нендей жаңалықтармен толықты? Қызмет көрсету аясы кеңейді ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап берген дирекция басшысымен болған тартымды сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
— Шерхан Пертайұлы, қазақта: «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қанатты сөз бар. Сіз үшін әке тәрбиесі қаншалықты мәнге ие? Сондай-ақ әңгімеңізді жүріп өткен еңбек жолыңыздан, яғни атқарған қызметтеріңізден бастасаңыз.
— Мен 1957 жылдың 10 қазаны күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бурно-Октябрьское ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем соғыс жылдарында қарапайым жұмысшы болды. Колхозда еңбек етіп, егіншілікпен айналысты. Отбасымызда жеті баламыз. Барлығымыз да білім алдық. Әкем бізді еңбекке ерте баулыды. Ата-анамыздың тәлім-тәрбиесі мен қамқорлығының арқасында біздің әрқайсысымыз жеке тұлға ретінде қалыптасып, отбасылы болдық.
Әкем әрқашан: «Адамды адам ететін — оның еңбегі мен жақсы іс-әрекеттері», — деп айтып отыратын және жоғарғы оқу орнында білім алуымызды талап ететін. Содан болар, мен бірінші Алматы байланыс электртехникумын тәмамдап, әскерден келгеннен кейін, Алматы энергетикалық институтын бітірдім. Биыл байланыс саласында еңбек етіп жүргеніме 41 жыл толады.
Байланыс саласына деген қызығушылық менде мектеп қабырғасынан бастау алды. Оқушы кезімнен бастап теледидар, радиоларды жөндеп, физика сабағында алған білімімді қолданып, бұзылған заттарды жөндегенді жақсы көретінмін. Осының бәрі, қиын да қызықты байланысшы мамандығын таңдауыма әкелді.
Менің еңбек жолым 1977 жылдан басталды. Бірінші, Жуалы аудандық байланыс саласында электрмеханик болып қызмет атқардым. Содан кейін, Жуалы аудандық байланыс саласының бастығы, Жамбыл ОТД аудандық телекоммуникация торабының директоры, Жамбыл ОТД Бас директорының орынбасары-техникалық директор, Жамбыл ОТД Бас директоры, Оңтүстік-Қазақстан ОТД Бас директоры, құрамына үш ОТД кіретін (Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан) Оңтүстік Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының Бас директоры қызметтерін атқардым. 2006 жылы «Алматытелеком» қалалық телекоммуникация орталығының Бас директоры міндетіне ауыстырылдым. Ал 2015 жылдың қазан айынан бастап басқару жүйесін өзгерту жөніндегі сынақ жобасы негізінде, «Алматытелеком» ҚТО (қалалық телекоммуникация орталығы) мен Алматы ОТД (облыстық телекоммуникация дирекциясы) филиалдарының бірігуінен қайта құрылған ірі бөлімше — «Алматытелеком» ӨТД Бас директоры лауазымына тағайындалдым.
— Енді осы «Алматытелеком» ӨТД жайлы жалпылама мәлімет бере кетіңізші.
— «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясы, «Қазақтелеком» АҚ компаниясының ең ірі филиалы болып табылады. Бүгінде филиал жергілікті, қалааралық және халықаралық телефония, iD Net және Megaline брендімен Интернет желісіне кеңжолақты қатынау, iD TV интерактивті телевидение, SIP телефония iD Phone қызметтерін, ақпараттық-анықтамалық және конвергентті қызметтерді — «Отбасылық шешім», «Әмбебап нөмір» ұялы байланыс қызметтерін және LTE технологиясы негізіндегі iD Net Wireless сымсыз интернет және т.б қызмет түрлерімен халықты қамтамасыз етумен айналысады.
Жоғарыда айтып өткендей, 2015 жылдың қазан айынан бастап сынақ жобасы аясында біздің филиал «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясы болып қайта құрылды. «Қазақтелеком» АҚ үшін екі филиалды біріктіру оңтайлы шешім болатынына күмән болған еді, алайда, кәсіпқойлықтың аса жоғары деңгейі, үдеріс барысын нақты түсіну мен үлкен кәсіпқой команданың сенімділігі арқасында, компания бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асырды. Бұл шешім «Қазақтелеком» АҚ бизнесін өзгерту бағдарламасының ауқымды бөлігі болды. Осы нәтиже қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ компания басшылығы аталған жоба аясында бүкіл Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекцияларын қайта жаңғырту бойынша, өңірлік телекоммуникация дирекцияларын құру шешімін қабылдады. Бүгінде республика бойынша 15 дирекциядан алты: Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік, Орталық және «Алматытелеком» телекоммуникация дирекциялары құрылды. Соның ішінде біздің филиал — «Алматытелеком» «Қазақтелеком» АҚ компаниясының ең ірі филиалы болып табылады.
Біз Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарына телекоммуникация қызметтерін ұсынамыз. Біздің сала жыл сайын дамып келеді, бұл әрине бізге жүктелген жауапкершіліктің артқанын көрсетеді. Менің ойымша, бүгінде біздің филиал үшін басты жетістік ол, жаһандық дағдарысқа қарамастан жаңа қызмет түрлерін енгізіп, тұтынушыларға заманауи қызмет түрлерін ұсынып келетініміз, сонымен қатар қарқынды дамып, қойылған міндеттерге қол жеткізуіміз. Әрине, бұл ең алдымен бүкіл ұжымның жұмыла атқарған еңбегінің арқасы. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біздің филиалдың құрылымдық бөлімшелері мен бірліктеріндегі әрбір қызметкердің компанияның дамуына күнделікті еңбегі мен қосар үлесі жалпы қоғамның дамуына ықпал етері сөзсіз.
«Алматытелеком» ӨТД-да бүгінде 3500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Олар: телекоммуникация қызметтерін ұсынудан бастап, абонентті сапалы қызметке қосуға дейін қызмет ететін сату жөніндегі мамандар, байланыс операторлары, электромеханиктер, электромонтерлар, кәбілші-дәнекерлеушілер, энергетиктер, инженерлер, коммерциялық, қаржы және қолдаушы функциялардың операциялық тиімділігі блоктарының қызметкерлері.
— Мекеме байланыс саласындағы қандай компаниялармен әріптестік бірлестікте қызмет атқарады?
— «Қазақтелеком» АҚ, бүгінде “ALACAST” ЖШС (Айди тв), Megogo (Мегого фильмдері), Амедиатека (сериалдар), РОСТЕЛЕКОМ (Ресейге шектеусіз қоңырау шалу), Wargaming (Геймер ойындары), M-TC ЖШС (Алтел, Теле2) және де т.б. компанияларымен әріптестік қарым-қатынаста бірлесе отырып, жұмыс жасайды. Сондай-ақ, «Алтел» және «Теле2» компанияларымен бірлесе отырып, бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Олар: LTE (4G) базасындағы Интернет желісіне жаңа мобильді кеңжолақты қатынау қызметі мен FMS «Отбасылық шешім» топтамасымен ұялы байланыс қызметтері. Бұл қызметтердің басқа қызметтерден артықшылығы: оның құрамына Қазақстан бойынша стационарлық нөмірлерге тегін қоңырау шалу және «АЛТЕЛ» мен Теле2 шығыс қоңырауларына тегін, 20 ГБ-қа дейін 4G-интернет, басқа операторлар желісіне 180 минутқа дейін қоңырау шалу мен SMS жіберу қызметтері кіреді.
— Тұрғындарға қызмет көрсетуде қандай жаңашылдықтар мен ерекшеліктерді немесе тиімділіктерді айтар едіңіз? Сонымен қатар «Алматытелекомның» тұрғындарды түрлі байланыс қызметтерімен қамту аумағы қаншалықты?
— «Алматытелеком» ӨТД жоғарыда айтып өткендей Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарын сапалы, заманауи қызмет түрлерімен қамту жұмыстарын жүргізіп келеді. Елбасы «ҚР ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз ету» жобасы аясында 2018 — 2020 жылдары Алматы облысы бойынша жалпы 2345 шақырымды құрайтын, 310 мың тұрғыны мен 413 мемлекеттік мекемесі бар 161 ауылдық елді мекенге ТОБЖ (Талшықты-оптикалық байланыс желісі) салу жоспарлануда. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру ауылдағы барлық телекоммуникация қызметтерін ұсынуға мол мүмкіндік беріп, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында, ауыл және қала тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға ықпал етеді. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында биылғы жылы біздің филиал Алматы облысы аудандарын цифрландыру бойынша аудан әкімдерімен кездесу ұйымдастырып, кеңжолақты интернетке қатынау қызметін жетілдіру, «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын жаңа қызмет түрлерін дамыту, ауылды аймақтарды, оқыту мекемелерін және денсаулық сақтау ұйымдарын Талшықты оптикалық байланыс желісіне ауыстырып, интернет сапасын және жылдамдығын арттыру бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырды.
Бұл цифрландыру жобасы аясында атқарылған жұмыстар мектепте қызмет ететін мұғалімдерге жоғарғы жылдамдықты интернет арқылы әрдайым өз білімдерін жетілдіруге, сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарына өз жұмыстарын сапалы әрі жылдам орындауға ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ компаниясы биыл «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Алматы облысының біраз аудандарын «Бұлтты бейнебақылау» жаңа қызмет түріне қосуды жоспарлап отыр. Аудан әкімдерімен ынтымақтастық қарым-қатынаста болу Алматы облысы тұрғындарының өмірін жақсартып, алға қойылған мақсат-мүдделердің тиімді жүзеге асырылуына зор септігін тигізеді деп сенімді түрде айта аламын.
«Қазақтелеком» АҚ компаниясы базалық телефония, жоғарғы жылдамдықты интернет, цифрлы телевидение қызметтерінен басқа өз абоненттеріне: Антивирус, Ата-ана бақылауы, Кейінге қалдырып төлеу, iD TV Online, HD арналары, Геймер ойындары, Отбасылық шешім, Әмбебап нөмір және т.б. жаңа, заманауи қызмет түрлерін де ұсынады. 2017 жылы жаңа қызмет түрлері «Бұлтты бейнебақылау» қызметімен толықтырылды. Тұрғындардың жайлы және қауіпсіз өмірін қамтамасыз ететін бұл жаңа қызмет түрі арқылы тұтынушылар өз пәтерінде болып жатқан жайттарды қашықтан қадағалап, 7 күн мұрағатта сақталатын жазбаларды арнайы сілтеме арқылы кез келген ұялы телефоннан немесе дербес компьютердің көмегімен бақылауға мүмкіндік алады. Біздің қызметтің нарықтағы осыған ұқсас ұсыныстармен салыстырғандағы бәселекелестік артықшылығы бейнебақылаудың онлайн режимде тәулігіне 24 сағат бойы қол жетімділігінде. Егер абоненттің кіреберісінде немесе пәтерінде ұрлық жасалынса, абонент арнайы мамандардың келіп, мұрағаттағы бейне жазбаларға рұқсат ашып беруін күтіп отырмайды, себебі мұрағаттағы жазбаларды кез-келген уақытта ұялы телефон құрылғысы арқылы көре алады. Деректер “бұлтта”, яғни “Қазақтелеком” АҚ жылдамдығы жоғары интернет-серверлерінде сақталады. Сонымен қатар, егер де қылмыскерлер кіреберісте орнатылған бейне камераларды бұзуға талпынса, бейнежазбалар зақымдалмайды, қылмыскерлерді ұстап, кінәлілерді жазалау үшін тиісті құқықтық тәртіпті қолдайтын органдардың қолдануына ықпалын тигізеді. Бүгінде аталмыш қызмет түрін Алматы және Талдықорған қаласы бойынша 2,5 мыңнан аса көп қабатты үйлердің тұрғындары қолданып отыр.
— Шәке, сіздің және сіз басқарып отырған ұжымның елге сіңірген еңбегінің ерен екені көпшілікке мәлім. Осы орайда, мәдени және спорттық шаралардың ұйымдастырылуы жайына тоқтала отырып, қандай марапаттарға ие болғандарыңызды айта кетсеңіз.
— Филиалда корпоративтік рухты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулықты нығайту, қызметкерлерді қоғамдық өмірге және дене шынықтыруға тарту мақсатында, жыл сайын 40-тан астам іс-шаралар өткізіледі: мемлекеттік және кәсіби мерекелер, спартакиадалар, турнирлер, тимбилдингтер және т.б. Мұндай іс-шаралар филиал қызметкерлеріне жалпы халықтық рухты, салауатты өмір салты мен қызметкерлер арасындағы өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.
Ұжымның осы уақытқа дейін алған марапаттары өте көп, әсіресе оның көпшілігі ұжымның спорт саласында жеткен жетістіктері. Осы тұста «Алматытелеком» қызметкерлерінен құралған футбол командасын атап өткен жөн болар. Бүгінде бұл команда тек қана біздің филиалдың ғана емес, «Қазақтелеком» АҚ компаниясының мақтанышына айналып үлгерді. Аталмыш команданың, облыс аумағында, республика деңгейінде жеткен жетістіктері жетерлік, соның бірі 2017 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниясымен ұйымдастырылған мерейтойлық спартакиадада біздің команда мини-футболдан кубок иегері атанып, Италиядағы үздік футболшылар ойынын тамашалау мүмкіндігіне ие болып қайтты. Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша, біздің филиал «Қазақтелеком» АҚ филиалдары арасында 1-орынды иеленіп, «2017 жылдың — Үздік филиалы» атағына ие болды. Барлық осы жетістіктер, филиалдың құрылымдық бөлімше қызметкерлерінің күн сайынғы еңбекті талап ететін жұмысының нәтижесі деп білемін.
Жеке марапаттарға келер болсам, 2001 жылы мерейтойлық медаль “Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл”, 2002 жылы “Құрметті байланысшы” атағы, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, 2007 жылы «Жуалы ауданының Құрметті азаматы», «Шымкент қаласының дамуына қосқан зор үлесі үшін» төс белгісі, сол жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың “Ерең еңбегі үшін” медалі және 2014 жылы “Құрмет” ордені берілді. Ал 2012, 2016 және 2017 жылдары Самұрық-Қазына «Құрмет грамоталарымен» марапатталдым.
— «Қазақтелеком» АҚ-ның, оның ішінде «Алматытелеком» ӨТД-ның мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, оның қолданылу аясының кеңеюіне үлкен үлес қосып жүргені бізге көптен аян. Осы мақсатта нендей жұмыстар атқарылып жатыр?
— Қазақ халқы — тілін анасына, жерін атасына балап келген халық. Ана тілін, атамекенін құрметтей білетін халық. «Бабасы еккенді баласы орады» дегендей Алматытелекомда қазақ тілі кабинеті ұлттық нақышта қайта жаңғыртылып жасалып, интерактивтік тақтамен, мультимедиялық жүйемен толық жабдықталды. Тіл меңгеру үшін барлық жағдай жасалды. Алматы қаласы Республикамыздағы ең үлкен мегаполис және ең ірі қаржы орталығы. Қызметкерлердің заман талабына сай абонентке мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету — біздің міндетіміз болып саналады. Бүгінгі таңда уақыт алтыннан да қымбат кезде, қызметкерлерді өндірістен қол үзбей оқытудың бірнеше әдістеріне: мемлекеттік тілді менторлық оқытуға, бейнеконферец-байланыс, қашықтан оқыту сабақтары өткізіледі. Телекоммуникация саласындағы кәсіби қазақ тілі, сонымен бірге қызметкерлердің тілдік біліктілігін қазақ тілін оқытудың көп деңгейлі стандарт технологиясы арқылы арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің ең үлкен жетістігіміз — абоненттеріміздің сеніміне ие болумен қатар, абоненттерімізге әрқашан мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз.
— Дәстүрлі соңғы сұрақ: Отбасыңыз жайлы қысқаша айта кетсеңіз және бос уақытыңызда айналысатын сүйікті істеріңіз қандай?
— Аң аулау мен балық аулауға мен түбегейлі қарсымын, себебі, тірі жанды ермек үшін өлтіріп, жою қатегездік деп есептеймін. Одан гөрі өзімді спорт саласына арнауды жөн көрем. Волейбол мен футбол ойындарын ұнатамын. Бірақ, әсіресе, соның ішінде футбол ойыны жаныма жақын. Одан бөлек, қазақ жазушыларының қазақ халқының қалыптасуы мен тұрмыс-тіршілігін көрсететін тарихи туындыларын оқығанды ұнатамын. Сондай-ақ аз болса да бос уақытымды отбасыма, немерелеріме арнауды да ұмытпаймын. Бүгінде 4 баланың әкесі, 8 немеренің атасымын. Тұңғышым Ақмарал — менің жолымды қуып, байланыс саласында қызмет атқарады. Ұлым Қайсар мен кіші қызым Айнұр — заңгер, ал кенжем Еркебұлан шетелде IT-технологиялары бойынша білім алып, бүгінде сол мамандық бойынша жұмыс жасауда.
Сұхбаттасқан — Жанбақыт Мерекеұлы, Аймерек Сайлау