ҚАЗАҚСТАНДА ОРАЛМАНДАР ҮШІН АЗАМАТТЫҚ АЛУ ЖЕҢІЛДЕЙДІ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелде тұратын этникалық қазақтарды атажұртына қайтару үшін азаматтық алу тәртібін жылдамдату және жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру кездесуінде ведомство басшысы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру немесе тарихи отанына қайтару демографияға оң әсер ететінін атап өтті.
«Шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанға қоныс аудару үшін жағдай жасау мақсатында азаматтық алудың жеделдетілген (жеңілдетілген) тәртібін енгізу қарастырылып отыр. Сондай-ақ оларға қандай да бір рұқсатсыз және оралман мәртебесінің бар-жоғына қарамастан жұмысқа орналасу құқығы ұсынылады», —деді Әбілқасымова есеп беру кездесуінде.
Сонымен қатар, оның айтуынша, оралмандарға жаңа ортаға бейімделуіне жәрдемдесу мақсатында мигранттарды ақпараттық және құқықтық қолдау орталықтары құрылады. Ал еңбек ресурстары тапшы өңірлерде тіл үйрену курстары ұйымдастырылмақ.
«Жыл сайын Қазақстанға ең кемі 20 мың оралман келеді деп жоспарлап отырмыз», — деді министр.
Сонымен қатар, Әбілқасымова министрлік ел экономикасында сұранысқа ие әртүрлі профильді білікті мамандарға ұзақ мерзімдік жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Қолданыстағы көші-қон заңнамасы еліміздің экономикалық, әлеуметтік, демографиялық дамуындағы қажеттіліктер мен жұмыс берушілердің мүддесіне толығымен сәйкес келмейді. Заң а шетелден уақытша жұмыс күшін тартуға бағытталған және онда еңбек мигранттары мен оралмандарды ортаға бейімдеу шаралары көзделмеген», — деді ведомство басшысы.
Көші-қон саясатының тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес биыл көші-қон процестерінің тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданады.
«Экономикаға қажетті шетелдік жұмыс күшін тарту саласында мыналар қарастырылған: жұмыс рұқсаттарын беру жүйесін жетілдіру; қажеттілікті бағалаудың тиімді тетіктерін құру және шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктерін жетілдіру; іскерлік мақсатта келетін, инвестициялық және кәсіпкерлік қызметке қатысатын шетелдік азаматтардың ел аумағына кіру ережелерін жеңілдету. Бұл шаралар ел экономикасын жыл сайын ең кемі 40 мың білікті шетелдік маманмен қамтуға мүмкіндік береді», — деді Әбілқасымова.
Министр аталған шаралар қазіргі таңда көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасында ескерілетінін атап өтті.