ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ. АСТАНА БАЙТАҚ

Әлқисса, 1994 жылдың шілдесі… Кеңес Одағының ыдырағанына әлі үш жыл да болмаған. Халық 1992 жылғы екі мың пайыздық гиперинфляциядан айықпаған алмағайып шақ. Елдің ішкі жалпы өнімі орта есеппен – 20%-ға, ауылшаруашылық өнімі – 30%-ға, өнеркәсіп өнімі 30%-ға құлдыраған заман. Нәтижесінде, бос дүкендер мен күннен-күнге бағасы өскен базарлар, тауар тапшылығы шегіне жеткен нарық. Сең соққандай сергелдең күйге түскен адам. Жалақы мен зейнетақыдан қысылған жұрт.

Бір сөзбен айтқанда, заңнамасы толық қалыптаспаған, саяси жүйесі әлі бір жолға түсе қоймаған, экономикасы тізерлеген, қоғамнан хал, әлеуметтен әл кетіп тұрған кезең еді. Жасыратыны жоқ ол кезде ертеңгі күнге сенімі селдір, болашаққа құрған болжамы бұлыңғыр уайымшылдар биліктің басында да жетіп-артылатын.

Міне, XIII шақырылымдағы Жоғар­ғы Кеңестің 6-шы шілдедегі пленар­лық отырысы осындай жағдайда басталды. Күн тәртібінде ерекше мәселе тұр. Мінберге көтерілген Президент Н.Ә.Назарбаев «астананы көшіру» туралы тарихи ұсынысын алғаш рет жария етті. Әрине, мұндай ойды ресми түрде айтпас бұрын Президент әбден толғанып, түбінде нар тәуекелмен бар жауапкершілікті өз мойнына алғаны белгілі. Өйткені мұндай маңызды мәселені сөзбұйдалыққа салу уақытты ғана емес, сол уақытпен бірге тағдырлы мүмкіндікті жоғалтуға әкелетінін Елбасы жақсы түсінді.

Нәтижесінде, 32 бұлжымас аргу­мент­пен шыққан Президенттің ұсыны­сы депутаттардың аз ғана дауыс салма­ғы­мен қабылданып, Жоғарғы Кеңес­тің әйгілі 106-шы қаулысы жарық көрді.

Жеңіс. Әрине, жеңіс! Жай емес, тарихи жеңіс! Десе де, сол мезетте бұл ақиқатты бүкіл елде бір адамнан басқа ешкім байыбына барып түсінген жоқ. Солардың бірі ретінде өзімді де атасам болады. Осыған байланысты бір оқиға әлі жадымнан кетпейді. Сол жолғы пленарлық отырыстан аздап шаршаған болар, Нұрсұлтан Әбiшұлы жексенбi күнi сейiл құруға тау жаққа барды. Қасында мен де бармын. Парламент астананы ауыстыру жөнiндегi шешiмдi қолдағанымен, бәрi де өз орнында тұрған шақ. Жаздың жайнаған күнi. Соның алдында ғана жаңбыр жауып өткен, ауа тап-таза. Бiр қырқаға көтерiлiп едiк, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай айқара ашылып шыға келдi. Ғажап көрiнiске сүйсiне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбiшұлы:

– Қандай керемет! – дедi.

Сол арада мен: – Енді, осындай кереметтi қалды­рып… – деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кеттi.

– Сен ондайды қой, – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйттi де:

– Бiз мынандай территорияға елдiң бiр шетiнен қарап отырып ие бола алмай қалуымыз мүмкiн. Арқада, солтүстiк облыстарда демографиялық ахуалды қалай да өзгертуiмiз керек. Мына елдiң негiзгi иесi кiм екенiн бүкiл әлем бiлуге тиiс. Экономиканы да мемлекеттің қақ ортасынан басқарған тиiмдi. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды. Тым болмаса соны түсiнсеңдершi! – деп санаға қадалған қазықтай қып кесіп тастады.

Бұл әңгіме менің астана ауыстыру идеясына басқа тұрғыдан қарап, ой қалыптастыруыма тікелей әсер етті. Кейін Мемлекет басшысының сеніп тапсырған қай қызметінде болсам да, бұл мәселені жан-жақты зерделеуді бір сәтке де тоқтатқан жоқпын. Өйткені, оның артында бұрын ойға келмесе де, ел дамуының әрбір жылымен «керектігін» кернеген қаншама мән-мағына, қаншама маңыз жатты.

Қазыбек Иса  фб парақшасынан