Келіндерін сынаған қария туралы әңгіме

Бұл әңгімені өткенде бір қариядан естігенмін. Әр түрлі нұсқада, түрлі кейіпкерлерді қосуы болғанымен жалпы мағынасы бір. Сайт оқырмандары үшін естігенімді қысқаша баяндап берейін деп шештім.

Бір ақсақал алыста тұратын, үйленгелі бері көрмеген екі ұлының үйіне қонаққа бармақ болып, үйінен шығады. Межелеген жеріне жетсе, үлкен ұлы үйінде жоқ. Келінімен амандасып, құдайы қонақ екенін айтып бір жұтым су беруді өтінеді. Су ішіп отырып, үй иесі қайда деп сұрайды.

– Жұмыста, дейді жас келін

– Тұрмыстарың қалай?

– Мәз емес ата. Біріне тартсаң, бірі жетіспейді. Әйтеуір өлместін күні, деп мұңын айтады.

– Жә, суыңызға рахмет. Мен жүрейін. Қожайын келсе, мына босағаны ауыстырсын деп айта сал, деп шығып кетеді.

Кешке ері үйге келгенде, келіншегі бәрін баяндап береді.

– Ол менің әкем ғой. Қап, ұнамай қалыпсың. Енді олай айтушы болма, деп өкініп қалады…

Бірнеше күннен кейін әкесі екінші ұлының үйіне жетеді. Барса, бұл жерде де күйеуі жұмыста екен. Бұл келінін де сынап көрейін деп:

– Суың дәмді екен. Жалпы, тұрмыстарың қалай?

– Құдайға шүкір ата. Жаман емес.

– Жейтін тамақтарын бар ма?

– Кейде етке, кейде қара нанға мәз боламыз. Айттым ғой, шүкір деп. Ертең-ақ жағдайымыз бүгінгіден де жақсарып кетер.

– Дұрыс. Мен ендеше жүрейін. Отағасы келсе, мына босағасын берік ұстасын деп сәлем айта сал, деп шығып кетеді.

Кешкісін бүгінгі болған оқиғаны естіген қарияның екінші ұлы:

– Әкем ғой келген. Саған риза болыпты. Батасын беріпті, – деп мәз-мейрам болып қалыпты.

Рүстем Шахымұранұлы