Түркістан облысында «7-20-25» Бағдарламасы іске қосылды

Елімізде Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясындағы «7-20-25» мемлекеттік бағдарлама іске аса бастады. Қазірдің өзінде Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында жеті адамға ипотека рәсімделді. Түркістан облысының тұрғындары да үй алуға өтінім бере берсе болады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Түркістан облыстық филиалының директоры Ануар Ботанбеков мәлімдеді.

Филиал директоры артықшылықтары көп бағдарлама өте оңай механизммен жұмыс істейтінін айтты.

«Банктер халыққа несие береді, ал «Баспана» ол несиені банктен сатып алады. Бұл халыққа да, банктерге де тиімді. Сондықтан 7-20-25 барлығына қолайлы болады. Ипотеканы өз атында үйі жоқ, жұмыс істейтін немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысатын кез-келген азамат ала алады. Бағдарлама бойынша ипотеканың жылдық ставкасы 7 пайыз, алғашқы жарнасы 20 пайыз, мерзімі 25 жылға дейін. Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 млн. теңге, ал қалған өңірлер үшін 15 млн. теңге деп белгіленген», – деді Ануар Амангелдіұлы.

Бағдарламаға қатысу үшін еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжат, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, несиеге бір триллион теңге берілмек. Бүгінгі күні, Центркредит Банкі, Евразиялық банк, АТФ Банк, Цесна банк, Халық банкі, РБК Банк және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «7-20-25» бағдарламасына қосылды. Алдағы уақытта Сбербанк пен Форте банктері де осы бағдарламамен жұмыс істейтін болады.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты www.baspana72025.kz ресми сайтынан алуға болады. Сондай-ақ + 7 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі