«Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген «ҚАРҒЫСТЫҢ ЕҢ АУЫРЫ», министр Сағадиев мырза!
Кеше, 25 маусымда «Қазақ үні» ұлттық порталында жазғанымыздай, биыл да журналистерді кәсіптік мерекесімен елдің ең алдымен Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ басшыларын қабылдап, марапаттады.
Жиын алдында Сенаттың баспасөз хатшысы, белгілі журналист Әділбек Қаба журналистерді Сенаттағы жұмыс тәртібімен таныстырды.
Ресми жиын біткесін журналистер құрметіне арналған дастархан басында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен емен-жарқын әңгімелестік. Өнер шеберлерінің концертін тамашаладық.
Дастархан басында бір үстелде отырған журналистермен әңгіме үстінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жас кезімде журналист болуды армандаған едім. Бірақ, сәті түспей, кейін Мәскеудің халықаралық университетіне түстім» деп, айтып қалды.
-Әрине, әкеңіз Кемел Тоқаев белгілі жазушы болғасын, журналист болуды армандауыңыз заңдылық қой – деп, мен де сөз қосып қойдым.
-Сіз қазір де журналистердей мақалалар жазып жүрсіз ғой,-деді «Егемен Қазақстан» газеті басшысы Дархан Қыдырәлі.
–Иә, алдыма дайындап әкелген мәтіндерді көбінесе, ұнатпай, өзім жазуға тырысамын» – деді Сенат төрағасы.
-Біз, журналистер қазір сіздің Твиттердегі жазбаңызды аңдып отырамыз,- деді «Айқын» газеті бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Әңгіме Қ.Тоқаевтың твиттердегі бірінші сыныпта ағылшын тілін емес, қазақ тілін оқыту керектігі туралы, ел жаппай қолдап жатқан құнды кеңесіне келгенде Сенат төрағасы:
-Ағылшын тілін, жалпы шет тілдерді бастауыштан кейін, 5-ші сыныптан бастап оқыту керек. Біз өзіміз солай оқыдық қой, – деп келісті жымиып қойды.
-Жаратылыстану пәндерін, физика,математика пәндерін ағылшын тілінде оқыту деген қалай болады? Оған дайын мұғалімдер бар ма?-деп риторикалық сұраулы жүзбен қарады бізге.
-Білім министрі Сағадиевтың «Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің барлығы дайын тұр» деп зуылдауының бәрі өтірік. Кеше ауылдан келген мұғалімдер «Ағылшын тілінде сабақ беру қазір мүмкін емес, босқа халық қаржысын шашу, ертең балаларымыз дүбара болып, қатты зардабын тартамыз» деп зар жылап кетті,- дедім мен.
Әңгіме арасында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ үні» сайтындағы «Тоқаевтың тоқетер сөзін түсінбейтін депутаттар да бар екен» деген мақаламызды оқығандығын айтып, рахметін білдірді. Мен үкімет айтса, үндемеу, министр не десе де мыңқ етпеуді меңгерген депутаттарға салса, ағылшын тілін балабақшадан бастайық деп шығады ғой деп, кейбір «халық қалаулыларын» да түйреп өттім арасында…
Иә, кезінде шет тілін 5-ші сыныптан бастап оқып-ақ, кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілген, әлем мінберінде ағылшынша талай сөйлеп жүрген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасы – өзі айтқандай, балаға шет тілін бастауыштан кейін оқыту – талқылаусыз таңдау, өмірлік өзекті қағида екенін анық білдірмей ме?
«Оны білетін бала бар ма?» дегендей, Сағадиевтың санасын мүлдем басқа «әлем» билеп тұрса, не істемекпіз?
Кеше ғана «Қазақ үні» сайтында сенатор Мұрат Бақтиярұлы да екі ауыз сараптамасымен-ақ естінің естір құлағына ұғымды жазба жариялады.
«Әлемнің бірде-бір елінде үш тіл мүлдем оқытылмайды екен. Бастауыш кластарда барлық пәндер тек ана тілінде оқытылу керек екенін министрлікке үнемі айтып келеміз. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қағидатты министрлік берік ұстанған сияқты. Таусылмайтын, аяғына дейін жетілмеген реформалардың жетегінде кетіп бара жатырмыз. Осының салдарын он, он бес жыл өткеннен кейін тартпасақ жарар еді,-деп, дабыл қағады сенатор.
Бұл жерде Мұрат Бақтиярұлы сенатта отырғасын сыпайылық танытып, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қанатты сөзді қағидат деп алыпты. Бірақ бұл қағидат емес, қазақтың айтуынша «ҚАРҒЫСТЫҢ ЕҢ АУЫРЫ», Ерлан Сағадиев мырза!
Иә, елдің ертеңін ойлаған ер ағаларымыз айтудай-ақ айтып, қаламгерлер жазудай-ақ жазып жатырмыз, бірақ былтыр Білім тарихында ҰБТ қорытындысын екі рет екі басқа жариялап, елді зар жылатқан Сағадиев салып ұрып, әлі салдырлап келе жатыр…
Тоқаевтың тоқетер тоқтамды сөзін ұғатын Білім министрі бар ма?
Елдің зары Елбасыға жетер ме?!.
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz