Елбасы Түркістан облысының әкімі мен халқына алғысын білдірді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа алғыс хатын жолдады, — деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Түркістан облысының елордаға жасаған ерекше сыйы ел Президентінің айрықша көңілінен шығып, Астананы көркейтуге қосқан үлесі үшін Түркістан облысының әкімі мен өңір тұрғындарына шынайы ризашылығын білдірген.
Таяуда Астананың 20 жылдығына орай, бірқатар облыстардың атсалысуымен елордада жаңадан 56 шақырым веложол салынған болатын. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Есіл өзенінің жағалауынан Д.Қонаев көшесіндегі көпірге дейінгі аралықта жүргізілген велосипед жолы Түркістан облысының атсалысуымен жүзеге асты. Бұл жол Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және ЭКСПО кешенінің нысандары арқылы өтеді. Ол қалалық саябақтағы шаңғы және роликке арналған жол мен Ильинка кентінен «жасыл белдеу» арқылы өтетін велосипед жолақтарын байланыстырады. Велотректер арнайы үстелдермен, тұрақтармен, wi-fi және телефонды қуаттау мүмкіндігі қарастырылған «ақылды инфрақұрылыммен» жабдықталған.
Түркістан облысының әкімі
Ж.Түймебаевқа
Құрметті Жансейіт Қансейітұлы!
Сізді және бүкіл Түркістан облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы – барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш.
Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты.
«Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Түркістан облысы да елордаға ерекше сый жасады.
Ұзақ қашықтықты қамтитын және толық жабдықталған велосипед жолағы адамдарға арналған қаладағы заманауи ортаның маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Бұл велосипед жолағы саламатты өмір салтын насихаттап, елордада жаппай спортпен шұғылдану үрдісін дамытуға септігін тигізетін болады.
Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Назарбаев