Мәжіліс депутаттары Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрам Пішембаев, Альберт Рау, Александр Суслов, Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова және Анар Жайылғанова Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді.

Облыс орталығында мәжілісмендер ең алдымен №122 мектепке дейінгі гимназияға ат басын бұрды. Мұнда цифрландыру аясындағы мектепке дейінгі мекеменің қайта жөндеу жұмыстарымен танысу және педагогикалық ұжыммен кездесу  өтті. Кездесу қорытындылары бойынша депутаттар гимназияның жұмысына оң баға берді.

— Парламенттің кезекті сессиясының қорытындылары бойынша біздер тұрғындармен Парламент жұмысымен және де Мемлекет басшысының бастамаларының қалайша жүзеге асырылып жатқандығын жеткізу мақсатында кездесулер өткіземіз. Осы жұмыс аясында біздер №122 гимназияға келдік. Бұл облыс әкімінің грантының арқасында жұмыс істей бастаған өте керемет мекеме. Мұнда балалардың жан-жақты жетілуіне арналған барлық жағдай жасалған, — дейді депутат Анар Жайылғанова.

Сонымен қатар, депутаттар бірқатар өндіріс орындарында да болды. Мәжілісмендер «Промресурс-kz» ЖШС Павлодар құбыр арматурасы зауытын аралап, өндіріс процесімен танысып қайтты. Аталмыш кәсіпорын құбыр арматурасы, құбыр элементтері мен жылу алмасу жабдықтарын кешенді жеткізумен айналысады. Депутат Мейрам Пішембаевпен кездесу барысында зауыттың коммерциялық директоры Владимир Поминчук мемлекеттік қолдау шаралары кеңейетініне үміт білдірді.

Мәжілісмен  қазіргі кезде машина жасау өндірісін қолдау жоспары әзірленіп жатқанын ерекше атады. Сондай-ақ, депутаттар «Эко Пром» ЖШС, «Ритам-Павлодар» ЖШС және «Агромир» ЖШС кәсіпорындарын аралады. Мәжіліс депутаттары мұндағы өнімге оң бағасын берді. Мейрам Пішембаевтың айтуынша, «Агромир» ЖШС импортты алмастыру ісіне елеулі үлес қосуда.

– Бұл кәсіпорында шығарылатын өнім автомобиль, мұнай-химия, тау-кен өндірістерінде үлкен сұранысқа ие. Шетелдер әкелінетін өнім көлемін азайтатын мұндай зауыттар бар екендігі қуантады. Оның үстіне мұнда өндіріс процесінің  жаңғыртылуы мен шығарылатын өнімнің санын арттыру көзделуде, — дейді Мейрам Пішембаев.

Осы күні депутаттар Александр Суслов, Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова және Анар Жайылғанова С. Торайғырова атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде болып, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамымен  де жүздесті. Сонымен бірге мәжілісмендер «BB NURA» нефрология мен эфференттік терапиясы медициналық орталығы мен №2 емхананың жұмыстарымен танысты. Айта кетерлігі, бұл мекемелер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында  жұмыс істеп жатыр.

 

Әлихан Рахметоллаұлы