Болашақ педагогтерге дипломдар табысталды
Жоғары білімді педагого мамандарды даярлайтын Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті биыл өз түлектерін университет мәртебесінде шығарып отыр. 2018 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті 400-ден астам маман даярласа, олардың 270-і қызыл дипломға ие болды.
Педагогикалық университетті биыл бітірген түлектердің қатарында 135 студент «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алды. 2014 жылы ПМПУ аталмыш бағдарлама аясында басқа облыс студенттерін қабылдаған болатын. Бүгінде олар өз ісіне жауапты, біліктілігі жоғары маман болып, Педагогикалық университеттің қабырғасынан түлеп шығып отыр.
Студенттерді салтанатты марапаттау кеші Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті. Жиынға ПМПУ-дың басшылары мен оқытушылар ұжымы, университет студенттері мен олардың ата-аналары қатысты.
ПМПУ-дың Ақпараттық-аналитикалық орталығының директоры Елена Игнатова биылғы жыл Павлодар мемлекеттік университеті үшін аса елеулі оқиғаларға толы болғанын, әсіресе, университет дипломына ие болу түлектерге үлкен қуаныш сыйлап отырғанын атап өтті.
ПМПУ-да оқитын студенттердің шамамен 70%-ы ауылдықы жерлерден келген жастар. Сондықтан, облыстың шағын ауылдық мектептері үшін Педагогикалық университет дайындайтын кадрлардың маңызы аса жоғары. Түлектер де жоғарғы оқу орнында алған білімдерін туған өлкелеріне арнауға әрдайым дайын екендігін жеткізді.
Естай атындағы мәдениет сарайында өткен кеш барысында ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлы құттықтау сөз айтып, түлектерге ақ жол тіледі. Болашақ педагогтерге дипломдар салтанатты түрде табыс етілді. Қонақтарға арналған концерттік бағдарлама көрермендердің көңілінен шықты.
Айта кету керек, биылғы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізген сараптаманың негізінде ПМПУеліміздің педагогикалық жоғарғы оқу орындарының рейтингісінде екінші орынға ие болды. Сондай-ақ, соңғы жылдары студенттер санының өсуі университет үшін жағымды жаңалық. Қысқа мерзім аралығында 14 педагогикалық мамандық бойынша магистратура, 6 мамандық бойынша докторантура ашылып отыр. Осының барлығы университет басшылығы мен ұстаздар қауымы атқарып жатқан жұмыстың жемісі.
Әлихан Рахметоллаұлы