Емделгіңіз келмесе молаларды аралаңыз!..
Егер біз өлмейтін дәрі ойлап тапсақ не болар еді? Дұрыс. Жер бетінде керексіз адамдар қаптап кетер еді. Сонда ол керексіз адамдарға кімдерді жатқызуға болады? Мұны ойластырып қойған адамдар бар. Керексіздер санатына сіздер мен біздер де кіріп кетеміз. Біз тіпті әлгі өлмейтін адамдарға қызмет етуге де жарамайды екенбіз. Ол Ұлық жандар жер бетінде тіршілік етуі тиіс адамдар мөлшері шамамен бір миллиардтай болады деп жоспарлаған. Әрине, оның дені әлгі Ұлықтардың қызметкерлері санатына кіреді.
Қаласақ та, қаламасақ та біздің сыртымыздан осындай әңгімелердің, тіпті ғылыми тұжырымдардың жүріп жатқандығы жасырын емес. «Қараша үйдің де Құдайы бар» демекші, біздің сенеріміз — бір Алла.
Алла қалауымен адамдар арғы әлемге аттанып жатады. Қай адам да жер бетіндегі ризық-несібесі таусылған соң бір сәт те аялдамай, мәңгілік мекеніне қарай сапар шегеді. Демек, Алла қаламайынша біз өз еркімізбен ешкімді де «керексіз адам» санатына жатқыза алмаймыз. Сонымен «керексіз адам» жәйы түсінікті болды.
Сонда «керекті адам» кім? Әлгі Аллалық міндетті қолдарына алғысы келетіндердің атын айтып, түсін түстемей-ақ қоялық. Жалпы «Мен керек адаммын» деген түсінік бәрімізде де бар. Өзіміз болмасақ дүние күйіп кететіндей көрінеді кейде. Содан бір тыным таппай ала шапқын болып құйындатамыз да жүреміз. Бізге қарап тұрған жұмыс… Иә. Шаш етектен. Атқаруға тиіс мойнымыздағы міндеттерді айтсайшы. Тіпті өлуге қолымыз тимейді ғой. Өлуге қолы тимей тұрған адамға «намаз оқы», Аллаға ғибадат жаса» деп қалай айтарсың? Айтқаныңмен… Иә. Өзіңнің соншалықты топас екеніңді жақтырмай бір қараумен-ақ сездіреді. Оның қолы тимейтінін өзің де сол кезде біле қоясың. Иә. Қанша дегенмен керек адам. Қоғамға, ортасына, достарына, отбасына…
Бірде Дәуіт пайғамбарға Әзірейіл періште ойда-жоқта жетіп келеді. Әзірейілді көріп тіксініп қалған Дәуіт пайғамбар «О, достым, жайша жүрсің бе?» дейді. «Уақтыңыз жетті. Алланың аманатын тапсырыңыз» дейді Әзірейіл. Ерні кебірсіп кеткен Дәуіт ғалейкуссалам «Су ішіп алайын» дейді. «Сіздің жер бетіндегі ризығыңыз біткен» дейді Әзірейіл. «Онда екі бас намаз оқып алайын» дейді пайғамбар. Әзірейіл ғибадаттың да түгесілгенін айтады. Сонда Дәуіт пайғамбар «Досым бола тұра аманатты алатыныңды осы уақытқа дейін неге ескертпедің?» дейді. «Ескерткенмін» дейді Әзірейіл. «Бойыңыздан күшіңізді алдым. Ажарыңыздың әрін алдым. Сақал-шашыңызды ағарттым» дегенде, Дәуіт пайғамбар еріксіз басын шұлғиды.
Өзімізге ойысайық. Бір «керек адам» ауырып қалып, дәрігерге барады. Дәрігер оны қарап шыққаннан кейін «Ауруxанаға жатыңыз» десе, әлгі «керек адам» ауруxанаға жатудан ат-тонын ала қашады. «Сіз не деп тұрсыз, менің мың сан жұмысым бар» дейді. «Сіздің жұмысыңызды басқа адам атқара алмай ма?» деп сұрайды дәрігер. «Мені алмастыратын адам жоқ» дейді әлгі «керек адам». Дәрігер оған бір рецепт жазып береді. Әлгі адам қағазды ашып оқыса, рецептке «Серуендеңіз, молаларды аралаңыз» деп жазып қойыпты. «Керек адам» «Серуендеуді түсіндім. Бірақ мола аралаудың қандай қажеттілігі бар?» дейді. Дәрігер «Сіз мазарға барып, қабірлерді көріңіз. Ол жерде «Мені ешкім алмастыра алмайды. Мен кетсем бәрі күйрейді» дейтіндердің қабірінен аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ өмірдің оларсыз да жалғаса беретіндігіне көз жеткізесіз» дейді.
Сонымен керексіз адам дегеніміз… Керексіз адам болмайды. Бәрі керек. Аллаға керек. Біз тек сол соңғы «керекті» ұмытып кете береміз дә. Болмаса біз де «ескертулерден» кенде емеспіз ғой. Дегенмен бір рецепт керек еді. Соны біз жаздық.
Құдияр Біләл