Павлодарда Еrtіs Cinema халықаралық кинофестивалі шымылдығын ашты

Фестивальдің ашылу салтанаты Естайатындағы Мәдениет сарайында өтті. Құрметті қонақтардың қатарында танымал режиссер, жазушы, сценарист, «Әбілқайыр хан», «Шал», «Кенже», «Жат» сияқты фильдердің авторы Ермек Тұрсынов фестивальuе қазылар алқасының төрағасы ретінде шақырылды.

— Мен фестивальге қатысып жатқан бірнеше фильммен танысып шықтым. Олардың арасында аса қызықты, кәсіби деңгейде түсірілген картиналар баршылық,- деді қазылар алқасының төрағасы. – Жас режиссерлердің үлкен болашағы бар деп сенемін.

Атақты Канн кинофестивалінде елді елең еткізген «Айка» фильмінде өнер көрсеткен жерлесіміз Асхат Көшеншереков өзінің алғашқы толық метражды фильмін түсіріп жатқанын айтты.

— Жаңа фильмнің жұмыс атауы – «Шекара», түсірілімді өзімнің туған жерімде – Ертіс-Баян өңірінде өткізбекшімін, — деді актер. – Бұл фильмде Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекарасының екі жағындағы халықтардың қарым-қатынасы туралы айтылады.

Фестивальдің алғашқы күнінде таныстырылған фильм – ирактық режиссер Шүкри Махмұттың «Raven» атты таспасы. Жалпы фествиальге 19 қысқа метражды фильм келіп түсті, олардың ішіндегі ең ұзақ фильм 29 минутқа созылады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы