ОТБАСЫ СЫЙЛАСТЫҒЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Жақында, 8 маусым күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Былина» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Отбасы, сүйіспеншілік және адалдық» деп аталатын мәдени шара болып өтті.

«Отан отбасынан басталатынын» айтсақ мерекенің жиналған көрермендерге берер тәрбиесі мен маңызы зор болды. Жүргізуші шаңырақ шаттығы мен бақытты өмір жайында шағын-шағын әңгімелер мен ой түйіндер айтып, көрермендермен жылы байланыс орнатты. Ал махаббат, сенім, үміт пен бақыт туралы әндер жүректерге жылылық пен мейірім орнықтырып, әрбір күн мен сәттерді бағалау керектігін еске салды. Осылайша күйбең тіршілікте рухани құндылықтарды өз бойыңда қалыптастыруға өнердің де мәні үлкен екенін көрермендердің әлсін-әлсін қол шапалақтаған қошеметі байқатып тұрды.


Облыстың танымал өнер иелері, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның байырғы әншілері  Қуандық Нұғыманов, Ақмарал Машимова, Орал қаласынан арнайы шақырылған кештің қонағы, аккардионшы Галина Калашникова нәшіне келтіре ән шырқап, көрермендерін риза етті. Ал бишілер тобының мың бұралған билері де  жан жадыратып, қуанышқа бөледі.

Осылайша отбасы құндылықтарын насихаттаған «Былина» этномәдени бірлестігі ұйымдастырған мәдени көпшілік шара әсем ән мен жақсы би болып, сыйластық пен құрмет болып, есте қалды.

                                                                                     С. Сұлтансиық,

                                                                                      Атырау қаласы