Елбасы жарлығынан кейін 819 адам Қазақстан азаматтығын алды
-Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
«Өздеріңіз де білесіздер, еліміздің Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан азаматтығын алуға берілген өтініштер саны артып келеді. Біз ондай кісілерге жағдай жасауымыз керек. Жалпы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде бізге 965 мың адам келіп, азаматтық алды», — деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.
Оның пайымынша, мұның барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізілген еліміздің табыстарын мойындаудың айқын дәлелі болып саналады.
«Сондықтан біз Қазақстанның жаңа азаматтарын қарсы алуға қуаныштымыз және олар лайықты азаматтар болып, Тәуелсіз Қазақстанның одан ары дамуына өз үлестерін қосатынына сенеміз», — деді Г.Әбдіқалықова.
Сонымен жиын барысында Қазақстан азаматтығын алу және одан шығу мәселелері қаралды. Нәтижесінде, Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан соң алыс және таяу шет елдерден келген түрлі ұлттың 819 өкілі Қазақстан азаматы атанатын болады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.