«Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы Атырау облысы Жылыой ауданында жалғасты

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы бастамашы болған «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясының мүшелері Атырау облысы Жылыой ауданында орналасқан «Құлшан ата» қорымы мен «Ақмешіт» мешітінде болды. Акция «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында өтуде.  Мазмұны терең іс-шараға Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері, «Светоч», «Тхоньил» этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Қоғамдық келісім»  ККМ-сі Кеңесінің мүшелері, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Бұл акция республикадан бастау алып, облыстарда жалғасуда. Акцияның мақсаты – ортақ мәдени және рухани құндылықтарды тану арқылы патриотизмді нығайту, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.
Экспедицияға қатысушылар Бекет атаның жетінші ұрпағы, «Ақмешіт» мешітінің имамы Ислам қажы Мырзабекұлымен кездесіп, бабалар рухына дұға етті.

«Құлшан ата» қорымы Құлсары қаласынан шығысқа қарай 67 шақырым жерде биік төбенің батыс жағында орналасқан. Қорым саман тасты сағана тамдары мен шағын сәулеттік пішіндегі құлпытастарымен ерекшеленеді. «Құлшан ата» мешіті екі бөлмеден тұрады, оның біреуіне мешіттің негізін қалаушы жерленген. Мешітке жақын маңда түнек үйі тұрғызылған, басында шырақшысы бар.

Құлшан – Бекет Мырзағұлұлының әрі жиені, әрі шәкірті. Ақмешітке зиярат етуге шыққан жолаушы алдымен жол бойындағы «Құлшан ата» басына дұға оқып өтуі тиіс. Себебі, кейбір деректерде айтылатынындай, Бекет бабаның өзі «Ақмешітке» зиярат жасап келушілер жолай жиенім Құлшан бейітіне соғып, дұға оқысын» деп тапсырған делінеді.

«Ақмешіт»  – 19 ғасырдың бас кезінде Жем бойында Бекет ата салған жер асты мешіті. Қатты бор жынысынан қашалған, үш дөңгелек етіп бір-бірімен жалғаса иіліп жасалған төбесі бар бөлмелерден тұрады. Мешітке кіретін жер тар, ұзынша, бірінші бөлменің төбесінде сәуле түсетін тесігі болған. Қабырғаларында қуыстар, оңтүстік-батысында, түпкі жақта михраб орналасқан. Мұндай жарлы-үңгірлі кешендерді Бекет Оғыландыда (өзі жерленген жерде) және Ескі Бейнеу маңында жасаған.

Міне, осы киелі орындарды аралап, танысып, тарих қатпарларынан сыр суыртпақтаған акция мүшелері енді Атырау облысының Махамбет, Индер аудандарының киелі мекендерін бетке алып, жолға шықты.

                                                                                                 С.Әбілхашқызы, Атырау облысы, Жылыой ауданы